Мұндайда дұрысы қазағымыздың дәстүрлі сусыны қымыз, қымыранға ештеңе жетпейді. Шөліңді тез қандыратын тары, бидай, жүгері көже бар. Газдалған сусындардың зиянын біліп қалған жұрт бүгінде осы сусындарға ойысуда.
Қымыз, қымыран супермаркеттерде сатылымға түсіп жатыр. Бірақ, ашыған көже жоқтың қасы. Іскер адамдар оның да оябын табады екен. Жаңақорған ауданы, Кейден ауылының тұрғыны Қасым Әбжаппаров жүгеріден сусын дайындап, дүкен желісіне шығарып отыр. Аты – «Кәусар».
Қасекең әуелде жүгеріні түйіп, сауда орталықтарына өткізіп жүреді. Қалаға бір барғанында жүгеріден попкорн жасайтын қондырғыны көріп, соны жасамаққа қызығады. Әуелде жүгеріні сатып, артынан попкорнға өткен азамат бизнесін жандандырудың басқа да амалдарын іздей бастайды. Газдалған сусындардан елдің беті қайтқан кезі. Шіліңгір шілдеде шөліркеген жұрт ашымалға құмар. Осының бәрін ой елегінен өткізген жігіт ағасы жүгеріден сусын дайындап көреді. Көше-көшенің бойында сатылатын күндік сусын емес, дүкендер желісінде сатуға қолайлы сусын.
Қазақтың Тағамтану институты Әбжаппаровтар отбасы дайындаған сусын құрамында пайдалы дәрумендердің молдығын айтып, жақсы қорытынды береді.
Жаңа жоба қиялын самғатқан Қасым Әбжаппаров «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, грант жеңіп алады. Бұл – жаңа бизнестік жобаны қуаттайтын, қайтарылмайтын қаржы. Осы қаражатқа керекті қондырғыларды, сыртқы қорабын дайындайтын аппарат сатып алады.
Таза өнімнен дайындалған, құрамында пайдалы дәрумендері көп «Кәусар» бүгінде сауда желілерінде сатылады. Ауылда отырып-ақ үлкен нарыққа кірген азамат болашақта қауын мен қарбыз сусындарын шығармаққа ниеттеніп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы