Білім • 05 Шілде, 2018

Ақтөбе облысында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

684 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығы қарсаңында Хромтау ауданының Дөң ауылында жоба құны  - 1,4 миллиард теңге болатын жаңа мектеп есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ERG менеджерлері кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қатысты.

Ақтөбе облысында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

- Кез келген ұлт пен мемлекеттің болашағы ең алдымен, азаматтардың білімділігіне, мәдени деңгейі мен денсаулығына байланысты. Тәуелсіздік алған күннен бастап Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан өзінің ақылды әрі сауатты азаматтарының арқасында дамыған отыз елдің қатарына тезірек ену үшін барлығын жасап жатыр. Президент тапсырмасын орындай отыра былтыр біз Ақтөбе облысында 14 жаңа мектеп аштық. Қазір 26 мектеп салып жатырмыз, олардың 13-ін жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Дөң ауылындағы мектептің Астананың мерейтойына, сонымен қатар Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығына орай ашылуы екі есе қуантады. Өйткені, ауылдың экономикалық жағынан белсенді халқының 60 пайызы – осы комбинаттың қызметкерлері. Әрқайсысыңызды осындай қуанышты оқиғалармен құттықтаймын, - деді облыс әкімі жиналғандарға қарата айтқан сөзінде.

Жаңа мектеп 600 оқушыға арналған. екі оқу блогынан тұратын үш қабатты ғимаратта оқушылардың сабақ оқып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Барлық кабинеттер интернетпен, мультимедиялық жабдықтармен жарақтанған. Кітапхана, еік спорт және акт залы, асхана, химия, биология, физика кабинеті мен ең жаңа үлгіде модификацияланған лингафон кабинеті бар.

Аулада футбол, баскетбол ойнайтын алаңдар, жүгіретін жол, теннис және шахмат үстелдері орнатылған.

Мектеп білім беру нормалары мен қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»