Аймақтар • 05 Шілде, 2018

Ауылда коуоркинг орталығы ашылды

820 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округінде «Өркен» атты коуоркинг орталығы ашылды. Ағылшынның co-working – «бірлесе жұмыс істеу» ұғымынан шығатын мұндай орталықта ауыл жастары бас қосып, бос уақытын әрі көңілді, әрі пайдалы өткізуге жағдай жасалған.

Ауылда коуоркинг орталығы ашылды

Ауылдағы модульді кітапхана базасында ашылған коуоркинг орталығы 4 алаңнан тұрады. Соның бірі «Relax» аймағында бос уақытты тиімді өткізуге – караокемен ән айтуға, домбыра, гитара шертуге, өнер, музыка тақырыбында кітап оқуға, тоғызқұмалақ, шахмат, тағы басқа ойын ойнауға болады. Ал «Kids coworking center»-де балалар қауіпсіз сайттарды пайдаланып, қолөнер үйірмесіне қатысады, қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалайды.

Ал «Рухани жаңғыру» алаңында түрлі форматтағы кітапханалық-ақпараттық ресурстарды пайдалану, шеберлік сыныптар, зияткерлік ойындар, дәрістер өткізу қарастырылған. Осы алаңдағы English club-та «Латын әліпбиі графикасы», «Компьютерлік сауаттылық», «Шығармашылық атмосфера» бұрыштарs жасақталған. Open-space ашық кеңістік алаңы wi-fi аймағы ретінде пайдалануға беріліп, мұнда бизнес серіктестік, іскерлік құжаттар жасақтауға болады екен. Орталықта «Киноман», «Мультиман» клубтары да жұмыс істемек.

Жаңабұлақтағы жаңа орталықтың ашылу салтанатына Астанадан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы төрағасы Нұрлан Өтешов, Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аян Сақошев, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразғалиева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөсіпірімдер кітапханасының директоры Звайда Өтешова, бөлім, мекеме басшылары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа көшіруді талап етеді. Және ауыл кітапханалары тек қызмет көрсету мекемесі емес, заман талабына сай ауылдағы зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Бүгін ашылған орталық осының айғағы, - дейді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ