17 Ақпан, 2010

Рымғали НҰРҒАЛИ

3461 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Қазақ ғылымы мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті әдебиет­танушы ғалым, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым ака­де­миясының толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали дүние салды. Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің филология факультетін бітірген соң ол еңбек жолын “Лениншіл жас” газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ совет энцикло­пе­диясының бас редакциясына бас­шылық етті. Өмірінің соңғы күн­де­рі­не дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің ка­федра меңгерушісі болып қызмет істеді. Р.Нұрғали қазақ театры мен дра­матургиясының тарихы, А.Байтұр­сынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы ту­ра­лы іргелі монографиялық еңбектер жазды. Ол белсенді ғылыми-педа­гогикалық қызметін әдеби шығарма­шылықпен қатар алып жүріп, роман, көркем әңгімелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиеті классиктерінің бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударды, өз еңбектері мен көркем шығармалары да біраз елдердің тілдеріне тәржімаланды. Р.Нұрғали республикадағы энци­клопедия ісін дамытуға айрықша үлес қосты. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. “Парасат” орденімен марапатталды, “Қазақ­станның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері” атағын иеленді, ал 1988 жылы әдебиеттану сала­сындағы трилогиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атанды. Көрнекті ғалым, педагог, абзал азамат Рымғали Нұрғалидың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі. Марқұммен қоштасу рәсімі 19 ақпанда Алматы қаласында, М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ғи­маратында сағат 10.00-де бас­талады. БИІК ПАРАСАТ ИЕСІ Ұлттық ғылым академиясы мүшеле­рі­нің қатарында терең мәнді зерттеуле­рімен, ашқан жаңалықтарымен, тамаша кітаптарымен халқымыздың рухани қазынасына олжа салған ірі тұлғалар аз емес. Сол шоғырдың ішінен ойып тұрып өз орнын алған адамдардың бірі кеше арамыздан қапияда аттанып кеткен академик Рымғали Нұрғали еді. Ол кісінің алыстан жеткен азалы хабарын естігенде қабырғамыз қайыса қиналдық. Рекең шын мәнінде бүгінгі заман ин­теллигенциясының алдыңғы қатарлы өкіл­дерінің бірі болатын. Ғылымның өзге са­лаларында жұмыс істейтін әріп­тесте­рі­міздің өзі Рымғали Нұрғалидың өткен ға­сыр­дың 70-ші жылдарында шыға бастаған әдебиеттанушылық еңбектерімен қызыға танысқан деп сеніммен айта аламын. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың ұс­таз­дық қызметі де қандай жемісті болғанын бәріміз білеміз. Ғалымның үш кітаптан тұратын әдебиеттанушылық еңбектері ке­зін­де еліміздің Мемлекеттік сыйлығымен мара­патталған. Рекеңнің ғылымға шын бе­рілген тазалығы, биік парасат иесі екен­дігі оны ака­демиялық ортада лайықты беделге бөледі. Ол кісінің қашанда ұлт ұраншысы, Алаш ұлы ретінде сөйлейтінін біз бәріміз қадір тұтатын­быз. Осындай абзал азаматты жетпістің жота­сына енді шыққалы тұрған жерінен арамыздан алып кеткен сұм ажалдың әділетсіздігі жанға батады. Қинала тұрып: “Қош, асыл азамат, топырағыңыз торқа болсын, нұрыңыз пейіште шалқысын”, дейміз. Мұрат ЖҰРЫНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті. СІЗ ІРІ ЕДІҢІЗ... Жалған-ай! Әй, дүние неткен шолақ еді... Қазақ елі қапияда тағы арыс тұлғалы перзентінен айырылыпты. “Алашым”, “Елім” дегенде кеудесі қарс айырылатын, ұлтының рухы мен на­мысына екі дүниеде ештеңені тең­гер­­меген, қазақ дейтін халықтың қаба­ғын жерге қаратпау үшін бар саналы өмірін арнаған санаулыларымыздың бірі, жаны жайсаң, мінезі мәрт ағаның жүрегі соғуын тоқтатыпты дегенде арқамызды аяз қарып өткендей болды. Рымғали Нұрғалиұлы мен үшін жасы үлкен аға ғана емес, лекция оқып, дәріс бер­ген, емтихан алған ұстаз ғана емес, өмір­тану мектебімнің қалыптасуына ерек­ше ықпал еткен, жолы, жөні бөлек аға-дос, шынайы ұстаз, тұғыры биік тұлға еді. Алпысыншы жылдардың орта тұсында Алматы дейтін алаш жұрты­ның ең сұлу, ең әдемі қаласына арман қуып, әдебиет іздеп келген жігіттер мен қыздардың кө­кірегінде жатталған алғашқы өнер туралы, со­ның ішінде сөз өнері жайлы әңгі­мелердің қай-қайсысы да жадымызда... Бүгінде мына фәни дүниеден бақи дүниеге озған сол ардақты ағалардың әр­қай­сының біз үшін орны бөлек. Олардың қай-қай­сысын әлгі көкірегіміздің төрінде қонақ­тап қалған өмір, өнер, әдебиет ха­қындағы болмысы таза, адал әңгіме­лер­дің бір-бір жаратылысындай елестейді. Жас кездегі алған білімің де, көрген ортаң да, алған тәрбиең де кейінгі үлкен өміріңе серік болары анық. Рымғали Нұрғалиұлы біз үшін сондай өмірлік қазына сыйлаған алып жүректі, алаш бітімді сирек жан­дардың бірі еді. Сөйлесе сөзден алдырмас, ой дү­ние­­сі­не сүңгісе, шашасынан салдыр­мас, бек­зат бітімді, бекем пікірлі, ұстасса қайтпай­тын осы бір қайсар жанның қазақ көркем ойы мен көркем сыни пікірінің өрістеп дамуына сіңірген еңбегі орасан еді. Со­н­дықтан бұлар әде­биет өзінің өрісін өл­шеусіз кеңейт­кен кешегі жиырма­сыншы ғасырдың айдынды кеңістігінде дүниеге келген әрбір жаңа туындының авторлары, ең әуелі, осы Рекеңнен, Рекең сынды қа­зақ сынының сол тұстағы азулы өкіл­дерінен пікір күтетін. Өз кезегінде Рекең де, Рекеңнің парасат-пайымы терең құрбы-құрдастары да әдебиет алдындағы адалдықтарына көлеңке түсірмейтін. Рекең ғылымда да, ұстаздық өмі­рінде де сол өмірлік қағидатынан жаңылған жоқ. Тауып айтатын, көнбеді ме, қауып айтатын, тереңнен суырып айтатын, тыңдамаса апшысын қуырып айтатын... әдеби жұртшылық та, ғылыми орта да асыл ағаны сол мінезі үшін сыйлайтын. Қайран да қайран қазақ сыни пікірінің ақ семсері! Қайран да қайран қазақ көркем ойының қара көрігі! Қайран да қайран алаш жүректі адалымыз! Қайран да қайран қазақ рухани көшінің қара нары! Қош болыңыз! Орныңыз ойсырап қалатын болды... Өйткені сіз әдебиетті тану, әдебиетті та­ратып талдау дейтін, өкінішке орай, қызыл кітапқа еніп бара жатқан сыншы дейтін сирек мамандықтың дара бітімді санаулы тұлғаларының бірі, бірегейі едіңіз. Сіз ірі едіңіз... Бақұл болыңыз, аға. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. БІРЕГЕЙ ҒАЛЫМ ЕДІ-АУ! Қазақ әдебиеттану ғылымының тағы бір бәйтерегі құлады. Бәйтерек болғанда қандай еді?! Зәулім еді, орасан кең жапырақ жайған, саясы мол, тамыры тереңге кеткен ғаламат еді. Ғажайып талантты, шетсіз де шексіз білімді, нағыз еуропалық үлгідегі ғалым еді. Небәрі жи­ырма бір жасында ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевпен бірге “Сабыр Шәріпов” атты кітап жазып, ғылыми жұртшылықты елең еткізген болатын бұл Рымғали. Содан бастап жарты ғасыр бойы туған әдебиетінің сан-салалы проблемаларын зерттеп, ғылымға өлшеусіз үлес қосып, бір еңбектен бір еңбегі арта түсіп, елді таң қалдырумен болып еді. Әсіресе, Рым­ға­лидың қазақ драматургиясы туралы зерт­теулері ала-бөтен ерекшеленіп, қарастыр­ған мәселелері мен жасаған талдаулары ғылыми жұмыс қандай болуының эта­лоны еді. Ол М.Әуезовтің драматургиясы туралы кандидаттық диссертация жазып, өзінің эрудициясының кеңдігін танытып қана қоймай, тілінің өте шешен, шұрайлы екенін, сөйтіп ана тілін керемет меңгергенін көрсеткен болатын. Оппо­нент болған Әбділда Тәжібаевтың өзі таң-қалып: “Рымғалидың тілі асып-төгіліп жатыр”, деп сүйсінгенін білеміз. “Тра­гедия табиғаты” деп жарыққа шыққан кітабы – әлі күнге дейін ғылыми құн­дылығымен ғана емес, талдау шебер­лігімен оқыр­манды риза етуде. Рымғали Нұрғалиұлы Тәуелсіздік ал­ғаннан бергі жылдары Алаш зиялыла­рының мұрасын жариялап, зерттеу, насихаттау ісінде қыруар жұмыс атқарып жүр еді. Сонау 1988 жылы-ақ ол Ахмет Бай­тұрсыновтың шығармаларын жинас­тырып, жеке том етіп шығарған еді. Осы томға жазған алғы сөзінде Ахаңның ақын­дығымен қатар, әдебиет туралы ғылымға қосқан үлесі туралы салиқалы да дәлелді пікірді алғашқы болып айтқан. Ал Рымғалидың “Әуезов және Алаш” атты монографиясы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауы­товтар туралы, солардың ізін де, жолын да, қуа шыққан Мұхтар Әуезовтің шы­ғармашылығы жөнінде, олардың рухани, идеялық сабақтастығы жайында үлкен сүйіспеншілікпен жазылған туынды болды. Кітаптың әр тарауын бір-бір арысымызға арнап, әр қаламгердің әдеби мәтініне үңіле қарап, мәтіндердің текстологиялық нұсқаларын шолып, шығарманың шығу тарихын баяндап, ғалым Алаш ақын-жазушыларының шығармашылық лабораториясын ашқан болатын. Ата-бабаларымыз бір топырақтан, Қарқаралы – Абыралы өңірінен болса да, біз кеш табысып едік. Рымғали – Арқада, мен – Жетісуда өстік, ал бізді табыс­тырған қазақ деген халықтың сөз өнері еді. Осы өнерді зерттеуде, бағалауда, на­сихаттауда Рымғали аз тер төккен жоқ, осы жолда ұлы істің рахатын да, мих­натын да көрді. Қош, асыл құрдасым, бақұл бол! Хал­қыңа, қоғамға сіңірген еңбегің Сені ұмыт­тырмайды! Алла алдыңнан жарылқасын! Сейіт ҚАСҚАБАСОВ. АЛТЫ АЛАШТЫҢ АСЫЛЫ Біздің заманымыздың аса көрнекті ғылым қайраткері, ардақты ұстазымыз Рекең кенеттен бұл дүниеден баз кешеді деп кім ойлаған. Осыдан оншақты күн бұрын сөйлесіп, қазіргі жастар прозасы жайлы әңгімелесіп едік. Жетпіске толған алдияр жасын атап өту әрі мерей, әрі салмақ болып, байыз таба алмай жүргенін сездірген сонда. – Сендер жақтың, Жаңаарқаның қымызы бал ғой, тойыма алдырарсың, – деп әзіл-шыны аралас қолқа да салған. Рекең бізге сонау алпысыншы жылдарда КазГУ-де дәріс оқыды. Отызға толмаған жас ғалымның ғалам әдебиеті туралы өрбіткен әсерлі лекциясына құмарымыз қанбайтын. Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Алма Қыраубаева, Ризабек Әдуов, Сайлаубек Жұмабеков, Әшірбек Көпішевтер осы ұстаздың әсерімен әдебиет әлеміне біржола енді. Рекеңнің ұлағатымен талапшыл болдық, ақиқатты қадірледік, ұлттық намыстың құдірет күшіне иландық. Көркем сөздің киелі екенін ұқтық. Тәлім берген ұстазың дана болса, шәкірт болу бір бақыт, алдыңдағы ағаң мейі­рімі төгілген абзал болса, іні болу зор бақыт. Рекең әдебиет кеңістігін еркін игер­ген энциклопедиялық білімі бар аса дарынды ғалым еді. Ұқсап бағуға тырыс­тық, шәкірті болғанымызды мақтан тұттық. Талаптыны өрге, зерделіні төрге оздырғанша тағат таппайтын қамқор аға еді. Жақсылығын көп көрдік, жақсы­лық­пен қайтаруды парыз санадық. Кейінгі жарық көрген іргелі еңбегі – “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” арқылы Алаш арыстарының мол мұрасын қайта зерделеді. Енді Рекең әлемінің өз алтын ғасырын біздерге зерделеуге жазыпты. Ауыр тиді, алдиярдай ардақтының қазасы. Ахаңнан соң, қазақтың Ақсе­леуінен соң тыншыды ма бұл жалған десек, сабыр таппапты. Қош аяулы аға, алты алаштың асылы! Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты. ҚОШ, БЕДЕЛ-ДОС! Қап! Тосын хабардың оқыс жеткенін қарашы... Суық хабар жүректі езді-ау... Астанадан күні кеше ғана келіп едім, досымды таба алмай кетіп едім... Телефонын алмаған... Енді, міне... Жалған-ай, Сен де көштің бе бұл жал­ған­­нан... Сену қиын... Өткінші дүние деген... Өткен күндер еске түспей ме мұн­дайда. Рымғалиды алғаш көргенім есте. Шидей арық, құлағы қалқиған, ашаң жігіт кісіге барлай қарайды екен. Бір байқағаным: сөйлеп тұр, еркін көсіледі, тіпті тарпаңдау ма қалай? Ол кезде біз оқитын журналистика бө­лімі КазГУ-дің филология факультетіне тіркеулі еді. Рымғали филфакқа түсіпті. Бұл жігітті көбіне-көп кітапханалардан кө­реміз, кітапты көзі қызарғанша оқи­тынын байқадық... Алғашқы курстарды филфакта оқыған Рымғали 3-ші курстан біздің журна­листика бөліміне ауысты. Бірден жақын араласып кеттік. Рымғалидың келуімен біздің біраз жі­гіттер кітапхана есігін ашатын болды, кө­біне сабақтарын сонда дайындап, сонда “тіршілік” ететін қалыпқа түсті. Кітапты жарыса оқитын дәрежеге жетті. Рымға­лидың оқуы жақсы еді, сол зеректігін бізге келгесін де танытты. Жүйрік қашан да жүйрік! Соңғы курстарға таман Рымғали газет-журнал беттерінде мақалаларымен жиі көрінді. Жазу-сызуында тың екпін бар, мақала, очерк, сыни материалдары тосын басталып, тосын аяқталатын, заты бөлек есті дүниелер... Оның жазғандары оқушысын бірден елең еткізетін... “Лениншіл жас” – Рымғалидың қолы болды. Стилі жастар басылымына оң келді, содан төпеді-ай келіп. Құлаш-құлаш, етектей-етектей мақалалары жиі шығады. Өстіп жүріп ол әдеби сынға көшті, өнер тақырыбына ойысты. Әсіресе театр жағын қаузады. Бақсақ, Рымғали театрды текке қуып кетпеген екен, алдына мақсат етіп қойған кандидаттық жұмысын жазып жүргенін кейін білдік. Бұл ісін және сәтті аяқтады. Содан докторлығына кірісті, қорғады. Бірақ бұл жол оған оңай болған жоқ. Бәріне төзді, төзе жүріп қиындықты жеңді. Және білімімен жеңді, сүйеу балдақсыз, жеке күресіп жүріп мұратына жетті. Ғұлама ғалым болды. Академиктік атақ алды. Түбі жақсының тегі жақсы. Қазақтың жалпы негізі жақсы халық қой, тәрбиесі бесіктен қалыптасатын мұндай ұлт жер бетінде аз. Рымғалидың тәлімі жөргегінен қалыптасқан десек орынды. Рымғалидың табиғи дарынын шынайы зерделеген кісі оның шын талантты жан екенін бағдарлар еді. Мұндай жандарды “ұлттық үлгі” дейді өсер ел. Еңбегі халқы үшін, қаламы рух үшін, ақылы заман үшін жұмсалатын тұлғалар өмірде көп емес. Рымғали жан-жағына сәуле түсіріп жүретін жан-тын. Осы реттен де оның шәкірттері көп. Бір жәйт еске түседі. Менің роман жазып жүргенімді білетін (Аманкелді батыр жайлы) досым бірде маған телефон шалды. – Сенің романыңды “Жалын” баспасының тақырыптық жоспарына “Қызыл жалау” деген атпен кіргізіп жібердім. Жанрын тарихи-революциялық роман дедім, – дейді. – Ау, мен әлі романымды біткен жоқпын ғой, – десем, ол: – Оқа жоқ, бітпесең бітіресің! – деп, мені билеп-төстеп алды. Ақыры мені көндірді. Маған енді романымды жазуды жеделдетуге тура келді. Қамшыны бастым. Күзінде журналдық нұсқасы (1977 ж) “Жұлдызда” жарық көрді. Ұзамай “Қызыл жалау”деген атпен кітап болып шықты. Енді аз күнде 70-ке толатын Рымғали Нұрғалиұлы ғұлама ғалым, зиялы ұстаз, көптеген том-том кітаптар, өзінің 7 томдығын шығарған жазушы еді. Бүгінде көп жұрт алашшыл. Өз басым соған сене бермеймін. Ал Рымғалиға се­не­тінмін. Өйткені, ол Ахаңды, Әлекеңді (Ах­мет Байтұрсынов, Әлихан Бөкей­хановты) шын ақтарыла – қанымен, жанымен жазған ғалым-ізденуші еді. Мұны оның әдебиетке, жалпы Түркі әлеміне сіңірген аса құнды ісі деп бағалаған орынды. Рымғалимен қазақ қауымы мақтанса болады. Қош, ар-ұят, рухты, қимас намысты – Рымғалиым, бетке ұстар беделім, аз күнгі ғұмырда сыйласып өткен Досым! Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы. ҰЛТ НАМЫСЫН ҰСТАНҒАН Қара хабар... Аяқ асты... Тосын-ай... Қалды-ау құлап көңіл деген қосым-ай. Алты алашты қазасымен жылатқан, Арысым-ай! Аяулым-ай! Досым-ай! Қара көзден аққан жастың жосыны-ай, Қайран жүрек қайдан тұрсын шошымай. Басы сайран, түбі ойран дүниеден Ойда жоқта өткенің бе осылай?! Өзіңсіз бұл өмір-дүние босын-ай. Тірлігіңе тілек, ниет қосып-ай, Жетпісіңді тойлаймыз деп жүрсек біз, Алдыңда ажал тұр екен ау тосып-ай! Ірісі едің, бірісі едің алыптың, Алаш десе, айтады енді жанып кім?! Иесі едің ұлт намысын ұстанған, Киесі едің қазақ деген халықтың. Асыл сөзден моншақ тізген, лағылдан, Арысым-ай, Арға ғана бағынған! Академик Рымғали ең біз үшін Жиырмадағы студенттік шағыңнан. Жап-жасыл сол кезіңнен-ақ жалын жас, Ер едің сен жалғандыққа қаның қас. “Еуразияға” ұстаз аға табылар, Есенбайға өзіңдей дос табылмас! Ессіз ажал берген кімге есені, Құлап тауым, қайтты көңіл меселі... Достарыңмен қоштасуың екен-ау – “Сағыныштың бір тамшысы” кешегі... Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ. НАҒЫЗ АКАДЕМИК ЕДІ... Рымғали Нұрғалиев қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын үлкен ғалым, танымал көсемсөзші, ұлағатты ұстаз. Ол 60-шы жылдағылар деп аталатын ағымнан болатын. Бұл топтың өкілдері тоталитарлық ойлау жүйесінің саналық тініне сызат түсірді, қазақтың көне әдебиетінің адамзат өркениетіне қосқан үлесі туралы толғақты мәселелер көтерді. Ардақты ағадан аяқ астында айыры­лып қалдық. Дубайдан жеткен қаралы хабар жанымды жетімсіретіп, басылмай­тын өкініш, жұбанбайтын өксікке ұласты. Көзден де, көңілден де кетпейтін көрі­ністер көз жасыма шыланып, буалдыр, сағым дүниеге айналып барады. ...1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарымды тапсырып, емтиханға дайындалып жүргенбіз. Консультацияны Р.Нұрғалиев жүргізді. Бетің бар, жүзің бар демей, тура сөйлейтін жас жігіт екен. Ол: “егер мұғалім болғыларың келсе, педагогикалық институтқа бару керек, ал өз тағдырыңды қазақ әдебиетін дамытуға арнағыларың келсе, КазГУ-ге кел. Мен сендерді сондай қыз-жігіттердің қата­рынан көргім келеді”, – деген. Керемет студенттік күндер басталды. Абитуриенттік шақтан бастау алған Рекең екеуміздің ағалы-інілі, ұстазды-шәкірттік жылы қарым-қатынасымыз орнықты. Сол сыйластық бүгінгі күнге дейін үзбей жалғасып келген. Енді ұстазымның нұрлы жүзін, байыпты да салмақты сөзін сағынып өтетін шығармын. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Рекеңнің тағдыры оңай болған жоқ. Қазақтың кілем асты ойындарының құрбаны болып, докторлық диссерта­циясы бекімеді. Біреулердің ұнжырғасы түсіп, ғылымнан қол үзіп, өзін жоғалтып алар ма еді? Ал Р.Нұрғали күрескер адам. Ол күйінсе ішінен күйінді, бірақ жауларын төбесіне шығарған жоқ. Басқа жұмыс жазды. Докторлық атақ алды. Бедел де, білім де оның іргелі ғалымдық тұлғасын көтере түсті. Жиі кездесіп, телефон шалысып, тіпті кейде сағаттап сөйлесетін әдет те пайда болды. Кейін көрші тұрдық. Бірге серуен құрып, Есентай өзенінің жағалауында өткен-кеткенді, болашақтың бағыт-бағдарламалары туралы да пікір алысып тұрдық. Мен академик Рымғали Нұрғалиевті өзімді абитуриенттен докторлыққа дейін жеткізген ұстазым деп білемін, әрі аға ретінде көзі жұмылғанша кеңесіп жүрдім. Әдебиеттің, мәдениеттің қоғам да­муындағы, қоғамдық сананы қалыптас­тырудағы рөлі туралы жасаған зерттеу­лерінің бәрінен Р.Нұрғалидың энцикло­педиялық білім деңгейі көрініп қана қоймай, оның азаматтық тұлғасы мен болмысы танылады. Рымғали Нұрғалиев өзінің 70 жылға жетпес ғұмырында 14 ғылым докторын, 42 ғылым кандидатын дайындап, үлкен ұстаз ретінде, абырой мен бедел биігінде дүниеден өтті. Қош, нағыз академик, бақыл бол, асыл аға, ұмытылмас ұстаз! Уәлихан ҚАЛИЖАН, филология ғылымдарының докторы, арламент Мәжілісінің депутаты. МҰРАСЫ БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ Рымғали аға қайтыс болды деген хабар төбеден жай түскендей етті. Аяулы, абзал аға өмірден өтті өзекті өртеп. Ақылшы ұстаз, халқының асыл текті перзенті, дар­хан дарын иесі, қазақ сөз өнері шебер­ле­рінің бірі, талантты ғалым, алашшыл қай­раткер Рымғали Нұрғали кетті арамыздан мәңгілік сапарға аттанып. Абыржыған көңіл-күйден ойға да ештеңе оралмайды екен. Істерге шара жоқ. Аяусыз ажал тағы да ардақтымызды алып тынды. Мен үшін Рымғали ағаның орны бө­лек еді. Ғылым жолында да, өмір жолым­да да ақылшым болып еді. Туған інісі Ай­ғалидан кем көрмей, ағалық қамқорлығын аямап еді. Туған жері Семей полиго­нының аумағы екенін айтып сыр бөлісуші еді. Өмірден ерте кеткен ағасы мен екі інісінің, қарындасының жайын баяндап мұңаятын. Бәрі де полигонның кесірі деуші еді. Өзін де сол полигонның зардабынан пайда болған түрлі сырқат мазалап жүргенін айтатын. Ағаның қырық жылдан аса уақыттан бері университет аудиториясында оқыған лекциясы алдынан дәріс тыңдаған мың­даған студенттердің жүрегінде ұялап, кө­ңіл­дерінде тоқылғаны сөзсіз. Шебер стиль, шешен тілмен өрілген дәріс маз­мұны тыңдаушысын ұйытып, саналарына әдебиет әлемінің қасиетін сіңдірген, алаш рухын ұялатқан сәттер шәкірт көңілінен өшпек емес. Ағаның артында қалған мұрасы ешқа­шан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, бірге жасай береді. Қош бол, асыл аға, ардақты ұстаз! Құныпия АЛПЫСБАЕВ. ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛТЫНЫҢ ҰЯТЫНА БАЛАЙТЫН Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, қазақ ру­ха­ниятының айтулы өкілі, қоғам және мә­де­ниет қайраткері Рымғали Нұрғали өмірден өтті. Саналы ғұмырын ұлт мәдениеті мен әде­биетіне арнаған, ғылым жолында аянбай тер төккен, әдебиеттану саласында елеулі мектеп қалыптастырған ғалым-ұстаздың халқына бергені көп, берері одан да көп еді. Академик Р.Нұрғали 2000 жылы жаңа­дан бой көтерген Астанаға қоныс аударып, елорданың еңсесі биіктеуіне, мұндағы әде­би-мәдени өмірдің жандануына қомақты үлес қосты. Сонымен бірге жаңа астана­мыз­дағы ғылыми-рухани ортаның қалып­та­суына елеулі еңбек сіңірді. Астана қаласында Елбасы бастамасымен көтерілген рухани-мәдени мәселелердің барлығына белсенді араласып, көп іске басшылық жасай білді. Рымғали Нұрғалидың шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ұстаздық тәлімі талай жастың та­ным көкжиегін кеңейтті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасын басқара жүріп, шәкірттерге оқыған дәрістері жауқазын ке­лешек ұрпақтың қанатын бекітіп, бағытын түзеуіне даңғыл жол салды. Біршама жыл диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Университеттің ғылыми кеңесі мәжіліс­терінде маңызды ойларын ортаға салып жүрді. Ғалым орта және жоғары мектепке арнап оқу құралдарын дайындады. Сондай-ақ республика жоғары оқу орындарына ғы­лыми кадр дайындау ісіне де айрықша үлес қосып, он төрт ғылым докторы мен қырық екі ғылым кандидатын дайындап шығарды. Рымғали Нұрғалиұлы қоғам өміріне де белсене араласты. Мәселен, Қазақстан Рес­публикасының Терминология және оно­мастика комиссияларының мүшесі ретінде тұтас еліміздегі жер-су аттарының және Астана қаласындағы көше аттарының ұлттық бағытта қалыптасуына зор еңбек сіңірді. “Ғалымның хаты өлмейді” дегендей, академик Рымғали Нұрғалидың жарқын бейнесі ғылыми орта мен ұжымының есінде сақталып, өскелең ұрпақтың санасында жүреді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы. ӘДІЛДІКТІҢ АЛДАСПАНЫ “Рымғали бақилық болды” деген суық сөз жүректі аяздай қарып, қанжардай тіліп өтті. Біреу тосыннан басқа соққандай, буын-буынымнан әл кетіп, өң мен түстің арасындағыдай есеңгіреп отырып қалдым. Құлағым естіген сөзді миым мен жүрегім қабылдар емес. Апырмау, күні кеше ғана емес пе еді, университетке түскеннен соң танысып, табысып, достықтың қимас сезімі көңі­лімізде бүр жарғаны. Үшінші курстан кейінгі журналистік алғашқы практика­мызды екі облыста өткізгенмен, төртінші курстан кейінгі практикамызды бірге өт­кізейік деп келісіп, Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетіне бірге барғанбыз. Одан кейінгі жол-сапарымыз да біразға дейін қатар өрілді. Универ­ситеттің соңғы курсында оқып жүріп сол кездегі жастардың сүйікті газеті “Ленин­шіл жаста” қызметті бірге атқардық. Оқуды бітіріп, диплом қолға тиген соң облыстарға тілші болып барып, өмірді біле түсейік деген ниетпен Рымғали сол кездегі Целиноград облысына, мен қанаттас жатқан Қарағанды облысына “Лениншіл жастың” меншікті тілшісі болып қатар аттандық. Одан кейінгі жолымыз екі айрылды. Университеттің аспирантурасына түскен Рымғали аз-ақ жылдың ішінде ғылым кандидаты, ғылым докторы атақтарына ие болып, Жазу­шылар одағында жыл қорытындылары бойынша жасаған баяндамаларымен, әдеби-сын еңбектерімен қазақ әдебиетінің елеулі тұлғаларының біріне айналды. Рымғали Нұрғалидың ұлттық құнды­лықтарымызға – әдебиет тану мен театр тануға үлес қосып жазған, жілік майы толымды, салиқалы еңбектері жоғары бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанда ол қуанышын да бірге тойлап, мар­қайған едік. “Тура биде туған жоқ” де­гендей, әдеби шығармаларға пікір айтқан­да да ол әрқашан әділі мен шындығын айтып, тіліп түсетін. Оның от ауыз, орақ тілінен талайлар-ақ ығып жүретін. Бірақ ол ешкімді де орынсыз күстәналауға бармайтын. Кішкентай бала кезінен Семей поли­гонындағы азап пен тозақ сияқты атом бомбалары жарылыстарының зардабын шегіп, өмір мен тұрмыстың да небір күрделі сынақтарынан сыр бермей өткен асыл азаматтың ыстық та асау жүрегі мәңгілікке тоқтап тынды. Бірақ артында ұлтымызға қызмет ете беретін, өлмейтін шығармалары мен әдеби еңбектері қалды. Ұлдары мен қыздары қалды. Оның ендігі ғұмыры солармен жалғасады. Қош бол! Жаның жәннатта болып, нұрың пейіште шалқысын, асыл дос! Болат БОДАУБАЙ, жазушы.