Қазақстан • 09 Шілде, 2018

Ел жүрегіне айналған құтты қала

168 реткөрсетілді

Астана – Қазақстанның елордасы, мемлекеттік бірліктің символы, тәуелсіз елдің стратегиялық жоспары мен талпынысының мазмұны.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық ойлары ел дамуындағы ұзақ мерзімдік нақты бағытты анықтады. Соның бір бөлігі ел орталығын Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру шешімі. Бұл – тәуелсіз мемлекеттің жаһандық тарихының жаңа белесі. Қазақстан ТМД елдері ішінде осындай маңызды қадамға барған тұңғыш әрі жалғыз мемлекет. Астананы ауыстыру сонау 90-жылдардағы дағдарыспен тұспа-тұс келгенін де естен шығармауымыз керек.

Президент бізге, бүкіл қа­зақ­­стандықтарға болашаққа қарыш­тап қадам басқан қаланы сыйға тартты. Осы орайда Елбасының 1997 жылғы 10 қазанда астананы көшіру туралы айтқан мы­на бір сөздері еске оралып отыр. «XXI ғасырға аяқ басар тұс­та өз шешімімізді – сайын Сары­арқа төсіндегі жаңа елордамызды жариялаймыз. Осыдан былай және мәңгілік мұнда, кең байтақ еліміздің орталығында халықтың тағдырын шешетін шешімдер қабылданатын болады. Енді бұл жерде Отанымыздың жүрегі соғады. Бұл жерде, Қазақ­стан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын анықтайды».

Қазіргі таңда сол сөздердің шындыққа айналғанына көз жет­кізіп отырмыз. Есіл өзенінің жа­ғасына орын тепкен заманауи қала өзінің даму қарқынымен, ерек­ше жобаларымен, даңғыл жолдарының шұғылалы сәуле­лерімен таңғалдырады. Астана 1999 жылдың өзінде-ақ әлемді мойындатып үлгерді. Сол кезде тәуелсіз Қазақстан астанасына ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» марапаты берілген болатын. Бұл құрметті атақ аз уа­қыт ішінде әлеуметтік, эконо­ми­калық, саяси және мәдени дамуда таңғаларлық нәтижеге қол жеткізген, мақсаты ұлтаралық және конфессияаралық достықты нығайтуға бағытталған жаңа қалаларға беріледі. 1999 жылғы 16 шілдеде Боливия астанасы Ла-Паста ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Федерико Майор Астана­ға «Бейбітшілік қалалары» байқауы­ның медалі мен сертификатын табыстады.

Сонымен қатар елорданы көп­этносты жаңа аймаққа көшіру достық пен ынтымақтастықты арттыруға сеп болды. Астананың ерекше этномәдени келбеті қа­лып­тасып, астаналық рухты білдіретін толеранттық, көпэтносты қоғам құрылды. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы бел­сенді жұмыс істеп, этносаралық және конфессияаралық жағдайда қо­лай­лы орта қалыптастыруға бар үлесін қосып келеді. Осының бәрі басқаларға үлгі ғана емес, елор­даның «Бейбітшілік пен достық қаласы» екенін айғақтайды.

Елордамыз 20 жылдық қысқа мерзімдік тарихына қарамастан, қанатын кеңге жайды. Астана – Азия мен Еуропаны жалғап жат­қан, республикадағы әлеуетті эко­номикалық аймақтардың бәріне бірдей қашықтықта орналасқан маңызды геосаяси орталық.

Жедел қарқынмен дами отыра елорда қысқа мерзім ішінде өңірлік қаладан заманауи мегаполиске айналды. Айта кетерлігі шаһардың архитектуралық жоспарына Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басшылық жасады. Астана – Батыс пен Шығыстың озық үлгілері өте ыждағатпен ұштасып, өзінің біре­гей келбеті – евразиялық стиль­ге ие болып, тұрғындар мен қонақтарға тартымды болған шаһар. Қазіргі таңда елорда ерекше символға ие болды. Мәселен, «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы секілді Астанаға ғана тән архитекторлық туындылар Қазақстанның айбынын асырып тұр.

Сондай-ақ Астана Еуразия ке­ңіс­тігінің түрлі форумдар, кон­гре­с­тер, халықаралық шаралар өткізетін алаңға, байланыс­тырушы орталыққа айналып отыр. Елордада тұрақты түр­де Әлемдік және дәстүрлі дінде­рі көшбасшыларының съезі, Ас­­тана экономикалық форумы секілді әлем назарын аударған маңызды шаралар жиі өтіп тұрады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиттері ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Астана бейбітшілікті орнатуға ерекше үлес қосып, әскери қақтығыстарды шешуге елеулі үлес қосуда. Мәселен, Сириядағы жағдай бойынша Астана келіссөздерін еске алсақ болады.

Елімізде 2011 жылы VII қысқы Азиада өткені белгілі. Астана да сол дүбірлі додаға атсалысты. Былтыр елордада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін сәтті атқарып шықтық. Сол мерекелі шараға Күрдістаннан келген делегация да қатысқан болатын. Кейінірек танымал күрд публицисті, жазушы Хошави Мұ­хам­мад өз мақаласында «Егер жұ­мақтың қандай екенін білгің келсе, Астанаға барыңыз» деп жазды. Астанаға арналған мақа­ласында күрдтер біздің елордамызды «Еуразия жүрегі», «Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір», «Бейбітшілік орнатушы», «Даналықтың қаласы» деп сипаттады. Сонымен қатар осындай керемет елде тұрып жатқан бауырлас халықтың бар екеніне қуанатынын жеткізді.

Астананы одан әрі дамы­ту ісіне арналған жиында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қаланы өз қолымызбен салғанымыз үшін біз қуанамыз, тамсанамыз. Бұл біздің халқымыздың жеңісі, Қазақстанның жеңісі және осы қаланы салып, кірпішін қалаған әрбір азаматтың жеңісі. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, одан әрі жұмыс істейміз» деген еді.

Қазақстан елордасы мем­ле­кетіміздің әлеуметтік, эко­но­­ми­­калық және саяси табыс­та­ры­ның кілті ғана емес, елдің даму қарқынын да айғақтайды. Астана – республикада басталған және қайта қалыптасқан кез келген игі бастамалардың көш басында тұр. Шаһар еліміздің басқа өңірлерінің дамуына серпіліс беріп, үлкен және кішігірім қалалар үшін үлгі болып отыр.

Бастапқыда Астана әкімшілік қана емес, Қазақстанның ғылы­ми және мәдени орталығы ретін­де жоспарланды. Соның нәти­же­сінде шаһар бүгінде жоға­ры білімді халықтың көп шоғыр­ланған аймағына айналды. Қазіргі таңда көптеген білім ордалары жұмыс істейді. Елдегі білімнің бетке ұстары ретінде Назарбаев университетті атап өтуге бола­ды. Онда интеллектуал­ды, инно­вациялық кластер қалып­тасқан. Бұл ғылыми жобаларға, танымал инновациялық және өндірістік компанияларға мол мүмкіндік беретін алаң ретінде әрекет етеді. Бүгінде еліміздің ал­дыңғы қатар­лы универ­ситет­терінің ұстаздары Назарбаев университетте тағы­лым­дамадан өтіп, тәжірибе алмасу үшін келеді.

Бүгінде Астана Қазақстанда болып жатқан шаралардың, білімнің, халықтың өз күшіне сенімінің, келешекке талабының символына айналды. Жас шаһардың тұрғындары да жас. Қазіргі таңда елорда халқының орташа жасы – 32 жас. Яғни олардың өз-өздерін қалыптастыруға, мансаптық жо­­ға­ры­лауына мүмкіндік мол. Мұн­да Қазақстанды әлемнің ең үздік елдерінің қатарына қосатын көш­­басшылардың жаңа буыны қалып­тасуда.

Астананың 20 жылдығы бүкіл республика үшін дәуірлік оқи­ға. Қиын дәуірде Тәуелсіз Қазақ­­станды қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаев ғасырлар тоғысында бүкіл әлем танитын таңға­ларлық ерекше шаһар салды. Бұл мерейтой елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстан дамуының жаңа дәуірі болатынына сенімдіміз.

Жаңа астананың жылнамасы жалғаса береді.

Князь МИРЗОЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының төрағасы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар