![161211-24](http://old.egemen.kz/2011img/161211-24.jpg)
Тәуелсіздік – еркіндік, ойыңа алған мақсатыңды іске асыру, ешкімге жалтақтамау, кедергінің жоқтығы. Егер бастаған ісіңе кедергі жасалса, ол қастандық дейді әл-Фараби. Тәуелсіздік – бостандық, ал бостандық барлық тірі жан, тіршілік иелерінің өмір сүру тәсілі. Құмырсқа да, шегіртке де, торғай да бостандыққа ұмтылады. Бостандық тірі емес, жансыз дүниеге қажет көрінеді. Мәселен, ғылым материя мен қозғалыс ажырамайтын бірлікте екенін айтады. XVIII ғасырда өмір сүрген белгілі француз философы Дени Дидроның пікірінше, егер кез келген дене қозғалмай тұрса, оны ұстап тұрған кедергі бар болғаны. Сол кедергіні алып тастасаң, әлгі дене қозғалып кететін көрінеді. Бірақ, бұл кей жағынан шындыққа жақын болып көрінсе де, метафизикалық көзқарасқа жататын ой болатын. Десек те, бостандық тіршілік иесіне де, жансыз дүниеге де қажет көрінеді. Өйткені, бостандықсыз қозғалыс жоқ. Ал сол бостандық – тәуелсіздік негізі. Олай болса, тәуелсіздік те, бостандық та басқа тірі жандар сияқты адам баласының арманы. Осыдан келіп дүниеде не қымбат деген екінші сұрақ туындайды. Әрине, кім де болса жан қымбат дейді. Жанды сатып ала алмайсың. Ол әрбір адамға бір рет қана беріледі. Мәселе оны қалай өткізуде, өмірде дұрыс із қалдыруда. Бірақ, адам тарихында, қоғамда жаннан қымбат нәрсе бар екен, ол – жер, одан соң ел, ақырында Отан. Отан дегеніміз мемлекет десек, мемлекет болу үшін жер керек. Жері жоқ әлемдегі елде мемлекет те жоқ. Тәуелсіз ел болу үшін алдымен оның қоныстанатын аймағы, жері болу керек. Соған егемен болмайынша тәуелсіздік жоқ. Тарихта сол жер үшін ауыр шайқастар болды, күрестерде қанша азаматтар жанын пида етті.
Мәселен, Ресей тарихын алайық. 1242 жылы сәуірдің 5-і күні 22 жасар Александр, кейін Невский атағын алған Ярослав ұлы бастаған күш Батыстан шабуыл жасап, орыс жерін алмақ болған неміс рыцарларын жанқиярлық ерлік көрсетіп, тас-талқан етіп жеңді. «Мұз қырғыны» деп аталған бұл шайқаста ресейліктерге дем беріп, қайраттандырған өз жерін, Отанын басқыншылардан сақтап, тәуелсіз болу еді. Қашанда Отаны үшін күрескен халықтың рухы биік, ерлігі шексіз. Немесе XIII ғасырда моңғол-татар басқыншылары орыс жерін бағындырды. Бірақ бұл жолы ресейліктер Батыстан келген жауға көрсеткен жанқиярлық әрекетін жасамады. Себеп, шығыстан келген жаудың көптігінде ғана емес. Соңғыларға керегі орыс жері емес, олардан тек салық-төлем алу еді. Әрине бұл да бағыныштылық, бірақ орыс княздігінің жері аман, бүтін, Отаны орнында еді. Сондықтан бұл талапқа ресейліктер көнді, келісті. Бірақ, бытыраңқы өмір сүрген орыс шаруалары мұны түсінгісі келмеді. Ресейдің тиісті салығын орындай алмаған кездері жиіленді. Сондықтан, «Алтын Ордадан» жазалау әрекеті жасала берген соң, орыс князьдары шаруалардың басын біріктіріп, оларды помещиктерге байлап беріп, басыбайлылық құқығын ендірді. Бұл жағдай ресейліктердің санасын оятты. Тәуелсіздік проблемасының халық санасына тигізер күшті әсеріне тағы бір мысал келтірейік. Ресейде «басыбайлылық құқық» шаруаларға ауыр тиді. Олар помещиктердің өктемдігіне қарсы талай наразылық жасады, помещиктердің қора-жайын өртеді. Өздерін де өлтіріп жатты, көтеріліске де шықты. Солай болса да 1812 жылы Наполеон Бонапарт Ресейге шабуыл жасап, жерін басып, көктеп келгенде, сол, кешегі помещиктерге қатты наразы болған шаруалар бүкіл елмен бірге өз Отаны, жері үшін, өкпесін ысырып тастап, жауға қарсы күреске шықты, жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауды жеңіп, елін, жерін сақтап қалды. Сол сияқты Төле бидің түйесін баққан жетім бала – Әбілмансұр қазақ жеріне жау басқыншылық жасағанда, атқа қонып, абылайлап «Абылай» бабасының атын айтып, ұран салып, жауға қарсы шауып, оның шебін сындырып, ерен ерлік көрсеткен болатын. Тарихтан мұндай фактілерді көп келтіруге болады. Мәселен, М.И.Глинканың «Иван Сусанин» операсын алайық. Сусанин Ресейге жасалған жау шабуылына қарсы шайқас кезінде ерен ерлік көрсетіп, жанын пида еткен қарапайым орыс шаруасы еді. Оның да жүрегін оятып, оны тулатқан орыс жерін жаудан құтқару, тәуелсіздігін сақтау еді. Бұл – опера, бірақ онда қанша өмір шындығы жатыр. Операның ең күшті әсер қалдыратын тағы бір жері – оның аккордындағы «Славься! Славься! Отчизна моя» деген сөздермен берілетін музыка. Бұл музыка ғана емес, бойыңды шымырлататын гимн. Сондықтан да, операның ұнағаны сонша, оны кезінде билік өкілдері «Жизнь за царя» деп өзгерткен көрінеді. Дәл осындай отандық, егемендік тәуелсіздік сезім тудыратын музыка – «Атамекен».
Француздың Англияға қарсы жүз жылға (1337-1453) созылған дәрменсіз соғысына күрт өзгеріс жасап, оны отан соғысына айналдырған, жеңіске жеткізген қарапайым провинциядан шыққан қыз Жанна Д’Арк болатын. Оның да жүрегін оятқан Жер, Отан, Тәуелсіздік еді.
Тәуелсіздік – қуаныш, орындалған мақсат, арман. Ол ешкімді жайбарақат қалдырмайды. Адамның ішкі дүниесін қорғайды, тынысын кеңейтеді, өмірге деген ынтасын арттырады. Өйткені, ол оған еркіндік береді. Адам бойында неше түрлі шығармашылық мүмкіндік, бейімділік бар. Дүниеде ешқандай шығармашылық мүмкіндігі, қабілеті жоқ адам болмайды. Мәселе дер кезінде сол қабілетті тауып, оны дамытуда. Тек жалқау, еріншек, ынтасыз адам ғана өз мүмкіндігін аша алмай, дүниеде бәрінен бос қалады. Қазақ айтады «Ойсыз ұлдан, мисыз құл артық» деп. Өйткені, бірінші – өмірді бос өткізеді, ешнәрсеге ұмтылмайды. Екіншіде ой да, қабілет те, ынта да бар, бірақ еркіндігі жоқ. Құл дегеніміз өз басына билігі жоқ, еріксіз адам дейді Аристотель. Тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың сол шығармашылық мүмкіндігі ашыла бастады. Біреулер үйлер салып, қора-жай орнатып, енді біреулер шетелдерді аралап, барып-келіп жатыр. Оған ешкім кедергі жасамайды. Кеңес жылдарында екпінділік көрсеткен, өздігінен шаруамен айналысқан адамды ОБХСС тексеріп, «мынаған ақшаны қайдан таптың, мына жұмыспен неге айналыстың, мынаны қайдан алдың, бәрін тиынына дейін есептеп айтып бер, әйтпесе...» деп әлек салатын, қорқытатын. Сондықтан, адамдар бойындағы шығармашылық мүмкіндігін тізгіндеп, өз мүмкіндігін ашудан қашып, тек айтқан, көрсетілген іспен ғана айналысатын. Ол ақылға сыя ма, әлде сыймай ма, онымен ешкімнің де шаруасы болмайтын, бойындағы мүмкіндіктері басылып қалатын. Бұл тек жеке адам бойына ғана байланысты емес, мемлекет тұрғысынан да солай еді. Қазір бәрі басқа. Тәуелсіздік алғалы бері бүкіл еліміз оянды, қызу өмір басталды, қалаларда жаңа үйлер, өндіріс орындары, мәдени, ғылыми ғимараттармен көркеюде. Көшелер түгелдей түзетілуде, жолдар салынып, адам танымастай өзгеруде. Әлемдік дағдарысқа қарамастан Қазақстанда жұмыс көбейіп, тұрмыс жақсаруда. Мал саны да, егін өнімі де артуда. Ендігі мақсат асыл тұқымды мал өсіру, егін егудің жаңа технологиясын қолдану.
Колхоз, совхоздар кезінде әрбір 4-5 жылда егін өнімі қиындыққа ұшырайтын. Соңғы 20 жылда ол жағдай байқалмады. Бұл да тәуелсіздік ашқан шаруалардың алдымен өзіне деген ынта-жігері екені айқын. Мерекелі 20 жылда, оған дейінгі 70 жылда тіпті ойға келмеген, енді қол жеткізген табыстарымызбен қатар, алдымызда таудай биік асулар тұр. Қазақстан индустриялы держава болады. Мен оған сенемін дейді Президентіміз. Бұл да бізге тәуелсіздік әперген егемендігіміздің нәтижесі. Шығармашылық қабілеттің оянуына тағы бір дәлел – адамдардың өз бойындағы барлық мүмкіндіктерін ашып, оны Отан үшін жұмсауы. Ғалымдар, жазушылар, композиторлар, әншілер көбеюде. Кеңес жылдарында Қазақстанда қанша академиктер, ғылым докторы, профессорлар, жазушылар бар, артистер кімдер – бәрі белгілі, саусақпен санағандай болатын. Бүгін оны айту қиын. Олардың қатары күн санап көбеюде. Бұрын кітап шығару өте қиын, «қыл көпірден өту» сияқты еді. Өйткені оны тұзақтап, мынау басып шығаруға жарайды, ал мынау болмайды деп отыратын ЛИТО деген болатын. Ол шаруашылық жұмыстың барлық саласын өзінше сараптайтын. Тіпті кейбір кітаптарды пышақтатып, не өртетіп жататын. Сондықтан кітап жазуға әркімнің зауқы бола бермейтін. Қазір жағдай түбімен басқа, кітаптар көптеп шығып жатыр. Оны шығаратын баспаханалар да көп. Тек мүмкіндігің болса болғаны. Бұрын жылына бір ән дүниеге келсе, ел елең етіп, үйреніп алатын. Қазір композитор кім, әнші кім, ақын кім, айта алмайсың. Олар күн санап көбеюде. Мәселен, соңғы кездерде шыққан кейбір әндерді ғана айтайын. Ол «Асыл ана», «Ақ Жайнақ», «Ауырмайды жүрек», «Ғашық боп қалған екенсің», «Әдемі», «Қыдыр қонған Қызылорда», «Тарбағатай таулары», т.б. Осылардың мәтінін шығарған кім, сөзін жазған кім, орындаушысы кім – айта алмайсың. Меніңше, ол – халық. Бүгін біреу композитор, ертең басқа өмірге келеді. Оны тудырып жатқан – өмір, тәуелсіздік арқылы халықтың оянған жүрегі, тасқын көңіл-күйі. Оған тағы бір дәлел сол өлең, әндерде уайым-қайғы жоқтығы. Осыларды оятқан бір жағынан тәуелсіздік болса, екінші жағынан еркіндік. Бұрын Қазақстанда шығатын республикалық газет, журналдар санаулы ғана болатын. Оларды ел білетін. Солай болса да оған мақала жазатын авторлар да аз, сирек еді. Қазір қанша газеттер, журналдар шығарылып жатқанын бірден айту қиын. Бәріне де мақала жеткілікті. Халқымыз шетінен журналист, жазушы, ақын болып кеткендей. Бұл халықтың бойындағы тұншығып, шыға алмай жатқан шығармашылық мүмкіндіктің тығыны тәуелсіздік арқылы ашылды деген сөз.
Тәуелсіздік, ол сонымен қатар жауапкершілік, міндет, елдің жағдайын, болашағын ойлау. Тәуелсіз деп қарап отырмай, әрекет жасау, тіршілік ету. Қолға алған тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны нығайтып әрі дамыту. Ол өздігінен келмейді. Қазір Қазақстанды әлем біледі. Біздің тәуелсіздігіміз әлемді де оятты. Бұл ең алдымен Н.Назарбаевтың даналығы, тынымсыз еңбегі. Егемендігімізді алған бірінші күннен бастап жүрегі оянып, дүрсілдеп соққан Президентіміз ел аралап, Жапония елінен АҚШ-қа, Қытайдан Англияға, Кореядан Францияға, Үнді елінен Германияға дейін, бірде-бір ірілі-кішілі ел қалдырмай аралап, біз тәуелсіз Қазақстанбыз, сіздермен тең, достық қарым-қатынас жасағымыз келеді, біз бейбіт елміз деп республикамызды таныстырды және де бұл тынымсыз еңбек, мол пайдасын әкелді. Бүгінгі Қазақстан ол тек Біріккен Ұлттар Ұйымына тең мүше ғана емес, ол барлық елдермен тығыз байланыстағы ел. Бізбен қарым-қатынас жасауға қызығатын елдер күн санап көбеюде. Бұл тек даму кілті ғана емес, тәуелсіздігімізді нығайтудың негізі. Бұл күндері ешкіммен араласпай, жеке өмір сүреміз деу – артта қалу, нашар елге айналу, даму жолын бөгеу. Ондай жолға түскен елдердің ауыр тағдырын тарих біледі. Одан соң, бұрын КСРО ішінде көрінбей келген Қазақстан тәуелсіздік алғалы жарқырап көріне бастады. Біз жеріміз кең байтақ, байлығымыз мол елміз. Бірақ, сол кең аумаққа, адам санына шаққанда халқымыз аз, көптеген елдердің жері тар, байлығы аз, ал халқы көбейіп сыймай жатқанда, бізге көз тікпей отыратындар жоқ деп кесіп айту қиын. Оны да естен шығаруға болмайды. Халқымыз алдымен осыны байыптап білгені жөн. Бізге тәуелсіз болдық деп тасынып жүре беруге болмайды. Тәуелсіздігімізді нығайту – тағдырдың қатаң талабы. Бізге «Бір жеңнен қол шығаратын, бір жағадан бас шығаратын» бірлік керек. «Төртеу түгел болса...» деген мақалды естен шығаруға хақымыз жоқ. Тойлау да керек, ойлау да керек.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик.