16 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік тойына ықыласты құттықтаулар мен ізгі тілектер

1358 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, Үкімет басшы­ла­ры­нан, халықаралық ұйым­дар­дың жетекшілерінен Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына бай­ла­нысты көптеген құттықтаулар келіп тү­суде. Пан Ги МУН,

БҰҰ Бас хатшысы.

Жоғары мәртебелі, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті мырзалар мен ханымдар. Қазақстан халқы мен Үкіметін Сіздер­дің елдеріңіздің Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына байланысты құттықтауға қуаныштымын. «Қазақ» деген сөз көне түрік тілінде «тәуелсіз» немесе «рухы еркін» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым қазақ халқының нағыз болмысын дәл анықтаған. Себебі, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстан халқы Қазақстанды аймақтық  сахнаның барлық салаларында шешуші ойыншыға айналдыру үшін үлкен белсенділік таныта білді. Ядролық қарусыздану мәселесін дамыту жөнінде көп мемлекет Қазақстан сияқты табандылық таныта алмады. Өткен жылы мен аралау мүмкіндігіне ие болған Семей ядролық полигоны бұл ғасыр тажалының адамзатқа тигізетін зардабын елестететін көңілсіз көріністерге толы. Осыған байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі жасалған Келісім бүкіл дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосылған маңызды үлес болып саналады. Сонымен бірге Қазақстан 29 тамызды – Ядролық сынаққа қарсы іс-шаралардың халықаралық күні ретінде атап өту жөнінде бастама көтерді. Бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті. Мен Қазақстанға ядролық қарудан азат бейбітшілік сүйгіш әлем құру жолындағы бастамасы үшін ризамын. Бұған қосымша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты аймақтық және халықаралық ұйымдарға ойдағыдай төрағалық ете отырып, Қазақстан бүгінгі заманның этносаралық үйлестік және дінаралық диалог сияқты өте маңызды мәселелермен белсенді айналысып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері – Қазақстанның бүгінгі заман үшін өте қажетті бастамасы. Бұл бастама толеранттылықты дамытуға, мәдениеттер, дәстүрлер және діни наным-сенімдер арасындағы өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастырады. Мен Қазақстанды осы саладағы күш-жігерді одан әрі дамытуға шақырамын, өз кезегінде БҰҰ ұлтына, этносына, мәдениетіне, дініне немесе діни сеніміне қарамастан, барлық халықтардың қауіпсіздігін, құндылықтарын және болашаққа деген сенімін қамтамасыз ету үшін қызметін жалғастыра беретініне сенім білдіремін. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мыңжыл­дық­ты дамыту мақсатын жү­зеге асыруда айтар­лық­тай жетістіктерге жетті. Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Үкі­ме­тін және оның әріп­тестерін Қа­зақ­станның күн тәр­ті­біне белгілеген мақ­са­тына «ЦРТ+» жету жо­лында күш-жігерлерін аямауға ша­қырамын. Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқ­ты Қазақстан да есірткі тасымалы және лаңкестік актілері сияқты транс­шека­ралық қылмыс проблемаларына кездесіп отыр. БҰҰ алдағы уақытта да осындай қауіптерге қарсы күресте қолдау танытатын бо­лады. Оның ішінде БҰҰ-ның қаржылық қолдауымен есірт­кіге және қылмысқа қарсы құрылған Алматы қала­сында тұрақты жұмыс  істейтін Азиялық аймақтық-ақпа­рат­тық үйлестіру орталығының жұмысын да жұмыл­дыратын болады. Біз сондай-ақ аймақтың мемлекеттерінде заңдылық және адам құқының басымдыққа ие болып, осы үдерістің тұрақты және үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етуге терең күш-жігер жұмсайтын боламыз. Су және энергетикалық ресурстарды басқару, қорша­ған орта ахуалының нашарлауы Орталық Азияда бұрын­ғысынша маңызды мәселе болып қалуда. Міне, осы сала­дағы аймақтық байланыстар өте маңызды. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының жүйесі БҰҰ-ның Аймақтық орталықтары­мен біріге отырып, Орталық Азияда осы маңызды міндеттерді өзара тиімді негізде шешу үшін бірлескен баста­маларын одан әрі  жалғастыратын болады. Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Гүлденген, демократиялық және табыс­ты Қазақстан құрметі үшін менің шын жүректен шыққан құттықтауымды қабылдауларыңызды өтінемін. Біздің тығыз байланыстағы ынтымақтастығымыздың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенемін.

Д.МЕДВЕДЕВ,

Ресей Федерациясының Президенті.

Қазақстан Республикасының  Президенті Жоғары мәртебелі  Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қа­зақстан Республикасының ұлттық ме­­рекесі – Тәуелсіздік күнінің 20 жыл­дығына бай­ланысты шынайы құттық­тауымды қабыл алыңыз. Өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикалық дамуда, халық­тың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясаттағы бағыт республиканың халықаралық беделінің өсуі үшін сенімді негіз болды. Қазақстандағы жүйелі жүргізілген қайта құрулар және біздің мемлекеттеріміздің халықтарының достық пен тату көршілікке негізделген дәстүрі Ресей-Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптес­тік­тің жоғары қарқынмен дамуына оң әсерін тигізуде. Экономиканың ше­шуші салаларындағы кооперациядан кең көлемдегі мәдени-гу­ма­нитарлық байланысқа дейінгі әртүрлі салалардағы бірлескен ауқымды жобалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Келісім-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстар елеулі игі жемісін беруде. Ғылыми-тех­никалық байланыс және инновация салаларында, атом энергетикасы және басқа да көптеген бағыттарда ірі мүмкіндіктер ашылуда. Қолдағы мүмкіндіктерді барынша іс жүзіне асыру мақсатындағы қуатты қарқын ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ – аймақтық бірлестіктерінің шеңберінде ынтымақтастықты тұрақты тереңдетуге игі ықпалын тигізуде. Қазақстанның интеграциялық үдерістерді дамытудағы белсенді рөлін айрықша атап өткім келеді. Тиімді жұмыс істеп жатқан Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік құру және Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі нақты тәжірибелік қадамдар өзара тиімді әріптестікті дамытуға жан-жақты қолайлы жағдай жасайды. Біз алда тұрған жоспарларды іс жүзіне асыру мақсатында алдағы уақытта да өзара ең терең ынтымақтастық пен байланысқа дайынбыз. Қазақстан-Ресей арасындағы одақтастық жөніндегі салмақты әлеуетті пайдалану алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың өмір сапасын арттыруға жағдай жасайтындығына, бүкіл еуроазиялық аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту міндеттеріне қызмет ететіндігіне сенімдімін.   Барак ОБАМА, АҚШ Президенті. Құрметті Президент мырза! Қазақстанның Тәуелсіздіктің және ұлт егемендігінің 20 жыл­ды­ғын тойлауына орай Америка Құрама Штаттары халқы атынан ең жылы құттықтауымды жеткіземін. Біз 1991 жылдың 16 жел­тоқ­санынан бастап бірлесіп көп­теген істер атқардық және бүгін­де Қазақстан біздің елдеріміздің өңірлік тұрақтылықты алға бастыру, өркендеу мен энергетикалық әріптестігі жолында бірлесе жұмыс істеуді жалғастырып келеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан Ауғанстандағы әскери операцияларға қолдау көрсету үшін Солтүстік Тарату Желісінде маңызды рөл атқарады. Мен Сіздің Үкі­меттің біздің солдаттарымызды жақсы қорғауды және Ауғанстандағы ұзақ мерзімді қауіпсіздік перспективала­рын қамтамасыз етуге көмектесетін доңғалақты брондал­ған мәшинелер мен екі жақты транзит туралы келісімді қуаттағаны үшін Сізге алғыс білдіргім келеді. Сіздің көлік инфрақұрылымын жақсарту мен жас ауғандықтарды кәсіби оқытуға қолдау жасауыңыз Ауғанстанның дамуы үшін нығайтушы күш болмақ. Мен бүкіл өңірдің экономикалық интеграциясын және өркендеуін алға бастыру жөнінен бірлескен қадамдар жасауды жалғас­тырамыз деп сенемін. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда барлық ядролық қа­рудан бас тартып, бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін үлгі көрсете отырып, Сіз тарихи және көреген шешім қабыл­да­ды­ңыз. Бұл бағыттың өңірді және бүкіл әлемді неғұрлым қауіп­сіз орынға айналдыруда көрсеткен ық­палын бағаламау мүм­кін емес. Таратпау саласындағы біз­дің кең көлемді қызмет­тестігіміз әлі күнге дейін жалғасу­да, әсіресе, біздің ядролық қауіпсіздік саласындағы ын­ты­мақтастығымыз өте тамаша болды. Мен Сіздің осы мәсе­лелердегі ұзақ жылғы тәжірибеңізді жоғары бағалаймын және наурыз айында Сеулде Сізбен кездескен кезде ядролық қауіпсіздік жөніндегі біздің мақсаттарымызды қамтамасыз етуді қалай жалғастыру керектігі жөнінде Сіздің ойларыңызды естимін деп үміттенемін. Қазақстан қаңтардағы сайлау арқылы көп партиялы Парламентке көшуге дайындалуда. Кандидаттар үшін бірегей ойын ережесін және сайлау үдерісінің әділдігін қамтамасыз етуде Сіздің басшылығыңыз өмірлік маңызды болып табылады. Өз әкімшілігімнің алғашқы жұмысынан бастап мен әмбебап құндылықтар мен іргелі бостан­дықтарды мойындайтын елдер неғұрлым тұрақты болып, өркендей түседі деген  ілімді басшылыққа ала отырып, демократияны алға бастыруды қолдайтынымды айғақ­та­дым. Алдағы парламенттік сайлау демократиялық дамудың сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік беріп, оның өзі Қазақстан үшін алдағы 20 жыл мен одан кейінгі кезеңде қызмет ететін болады. Біз Қазақстанмен және Орталық Азиямен қарым-қатынастардағы бетбұрысты сәтте тұрмыз. Осынау сын­дарлы сәт біздің екі жақты байланыстарымызды өзара сыйластық пен ортақ мүдделер негізінде тереңдете түсу тұрғысында жаңа перспективалар туындатады. Сіздер Қазақстан тарихының тағдыршешті сәтін мерекелеудесіздер, соған орай Сізге және Қазақстан халқына деген менің ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыздар.   Майкл ХИГГИНС, Ирландия Президенті. Қазақстан Республикасының  Президенті, Жоғары мәртебелі  Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Ирландия халқы және мен Сіздің еліңіздің ұлттық мерекесіне байланысты Сіздің Жоғары мәрте­бе­ңізге өзіміздің құттықтауымызды жолдаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының халқына шынайы бақыт және өрісті өркендеу тілеймін.   Николя САРКОЗИ, Француз Республикасының Президенті. Президент мырза, қымбатты Нұрсұлтан! Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдық мерей­той­ы­на байланысты менің ең жылы лебіздерімді қабыл алыңыз. Қазақстанның Сіздің басшы­лы­ғыңызбен бұлыңғыр бола­шақты бұрынғы кеңестік республикадан халықаралық абыройы күн санап өсіп келе жатқан, этносаралық және конфессияаралық келісім үстемдік құрған, бірыңғай серпінді даму жолындағы елге айналу барысында жүріп өткен  жолы таң қалдырады. 2009 жылдың қазан айында маған ресми сапармен келіп, Астананы тамашалау бақыты бұйырды. Жаңа елордаларыңыз осы көрнекті жетістіктеріңіздің футуристік символы болып табылады. Біздің тұрақты кездесулеріміз 2008 жылдың 11 мау­сымында Париж қаласында Сізбен қол қойған стратегиялық әріптестік туралы келісімге өте нақты мазмұн енгізуге мүмкіндік берді. Мен 2012 жыл онсыз да қарқынды, үдемелі екіжақты әріптестікке жаңа көкжиектер ашады деп сенемін. Президент мырза, қымбатты Нұрсұлтан, Сізге деген   шынайы құрметімді жеткіземін.   Кристиан ВУЛЬФ, Германия Федеративтік Республикасының Президенті. Президенті, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Президент мырза, өз атымнан және барлық отандастарымның атынан Сізді және Сіздің халқы­ңызды Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасы биылғы жылы өз Тәуел­сіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде Сіздің еліңіз аса зор даму жолынан өтті. Шынайы мақтан тұтатын қол жеткізген же­тістіктер көп және бүкіл халық мүддесі үшін Сіздің елі­ңіз­ді одан әрі жаңғырту жолында алда да көптеген міндеттер тұр. 1991 жылдан бастап біздің елдеріміздің арасында барлық дәрежедегі достық байланыстар қалыптасты. Германия алғашқы күннен бастап Тәуелсіз Қазақстанға белсенді қолдау және жәрдем  көрсетті. Жаңа байланыстарды кеңейту үшін саяси, экономикалық және мәдени салаларда бұрын­ғы­сынша зор әлеуеттер бар. Құқық және құндылықтар туралы саяси үнқатысуларды тереңдете отырып, Германия алдағы уақытта да Сіздің мемлекетіңіздің сенімді серіктесі болады. Сізге барлық сәттіліктерді және Қазақстан халқына бейбітшілік, азаттық және гүлдену жағдайындағы бақытты болашақ тілеймін.   Абдалла Бен Абделазиз Аль Сауд, Сауд Арабиясы Корольдігінің королі. ссалаумағалейкум уа рахматулла уа баракату Қазақстан Республикасының Президенті, бауырым, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігіне 20 жыл толу мерекесімен барша хал­қы­мның, Корольдік Үкіметі және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын. Сізге осы ыстық құттықтауларымды жолдай отырып, зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Сонымен бірге Қазақстан халқына болашақта да дамып, гүлдене беруіне ниеттестігімді білдіремін. *  *  * Алла жар болсын! Ассалаумағалейкум уа рахматулла уа баракату Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа Сізді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық және бақыт тілеймін. Сіздің бауырыңыз, Найф Бен Абделазиз Аль Сауд, Сауд Арабиясы Корольдігінің мұрагер ханзадасы, Премьер-министрдің орынбасары, Ішкі істер министрі.   Виктор ЯНУКОВИЧ, Украина Республикасының Президенті. Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз. Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарла­ма­лар аясындағы реформалар мен инвестициялық перс­пек­тивалы жобалардың жоғары деңгейде көрініс тауып, халықаралық аренада үлкен беделге көтерілуі Сіздің тікелей жетекшілігіңіз бен дана саясатыңыздың арқасында болып отыр. Украина мен Қазақстанның алдағы уақыттарда да біздің мемлекеттеріміздің мүдделері жолында біздің халық­тарымыздың дәстүрлі достығына берік өзара түсіністік пен әріптестікке негізделген өзара тиімді, жемісті ынтымақтастығы бұдан кейін де нығая береріне сенімдімін. Өзара қызығушылық танытып отырған бірлескен жобалар, оның ішінде авиағарыштық, энергетикалық және аграрлық кешен саласындағы жобалар Қазақстан мен Украинаны тиімді модернизациялауға игі ықпал жасағаны сөзсіз. Сонымен бірге бұл біздің елдердің халықаралық аренадағы беделін көтеріп, халықтарымыздың сапалы өмір жағдайын арттырады. Сізге шынайы жүректен жауапты мемлекеттік қызметіңізде табыс және зор денсаулық, сол сияқты бауырлас Қазақстан халқына гүлдену, сәттілік тілеймін.   Киелі Тақ Папасы Бенедикт ХVІ Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Жоғары мәртебелі, Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі Сізге және Қа­зақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу игі тілектерімді жолдауыма қуанышты мүмкіндік туғызып отыр. Еліңіздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Жа­ра­тушы еліңіздің тұрғындарының неғұрлым үйлесімді әрі әділетті қоғам құруына қуат беріп, олардың отбасылық, әлеуметтік және ұлттық өмірлері нұрлы болып, мәдени және рухани құндылықтарды құрметтеуді нәсіп етсін деп тілеймін. Жоғары мәртебелі, Сізге және елдің барлық азаматтарына Жаратқаннан шапағат тілеймін.   Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Республикасының Президенті. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Беларусь халқының және жеке өз атымнан Сізді Қазақстан Рес­публикасының жаңа тарихын­дағы айтулы күнмен – Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан халқының еңбек­сүйгіштігі мен патриотизмінің арқасында Сіздің еліңіз осы жылдар ішінде өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, посткеңестік кеңістікте интеграциялық үдерістерге маңызды үлес қосуда, Қазақстанға халық­аралық қатынастардың беделді қатысушысы имиджінің бекуінде, әлеуметтік-экономикалық дамуда және мемлекетті нығайтуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізу, Қазақстанның қазіргі заман прогресі жолында Тұңғыш Президенттің үлкен жеке үлесінің арқасында мүмкін болғандығы шүбәсіз. Сізді «Халық Қаһарманы» мәртебелі мемлекеттік  наградасына  ұсынудың өзі үлкен еңбегіңізге деген жоғары баға деп түсінемін.   Эмомали РАХМОН, Тәжікстан Республикасының Президенті. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді және достас Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдары ішінде Қа­зақстан өзінің әлеуметтік-эко­номикалық және саяси дамуында Сіздің көшбасшылығыңызбен үлкен табыстарға қол жеткізді, халықаралық аренада өз абырой-беделін бекітіп, биіктете түсті. Дәстүрлі достық рәуіштегі және өзара тиімді тәжік-қазақ қарым-қатынастары келешекте де екі ел мен халық игілігіне қызмет ете беретініне сенімдімін. Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бақыт және мықты денсаулық, ал достас Қазақстан халқына – жақсылықтар мен өркендеу тілеймін!   Иво ЙОСИПОВИЧ, Хорватия Республикасының Президенті. Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Респуб­ли­касының Тәуелсіздік мерекесіне байланысты Сізді және халқы­ңызды Хорватия Республикасы азаматтары және өз атымнан шын жүректен құттықтағым келеді. Еліңіздің қарқынды үдерісіне байланысты азаматтарыңызға ең жақсы тілектерімізді жеткіземін. Жоғары мәртебелі, Сізге деген жеке құрметімді қабыл алыңыз.   Наджиб Микати, Ливан Республикасының Премьер-министрі. Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасы Президенті, құрметті Нұрсұлтан Назарбаев мырза! Мен достас Қазақстан Респуб­ли­касының 20 жылдық тәуел­сіз­дік мерекесіне және еліңізді 20 жыл басқару мерейтойына орай құттықтауларымыз бен ізгі лебіз-тілектерімізді жеткізсем деймін.  Мен Сіздің сарабдал басшылығыңыздың нәти­же­сінде елдегі тұрақтылық пен даму, өркендеу тек беки түсетініне сенемін. Осы екі ерекше оқиғаларға байланысты Ливан мен достас Қазақстан Республикасын байланыстыратын терең достастыққа арқа сүйей отырып, біз екі ел мен халықтарымыздың игілігі үшін сенім мен әріптестігімізді арттыра түсуге ұмтылатынымызға сендіргім келеді. Жоғары мәртебелі Президент, менің ең ізгі тілектерім мен жылы лебізімді, құрметімді қабыл алыңыз.   Махмұд АББАС, Палестина мемлекетінің Президенті,  Палестинаны азат ету ұйымы Атқарушы комитетінің төрағасы Палестина Ұлттық Әкімшілігінің Басшысы. Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай өзімнің және барша Палестина халқының атынан ыстық ықыласқа толы шынайы құттықтауымды жолдау мен үшін зор қуаныш. Осы орайлы сәтте Сізге, Үкіметіңізге, достас халқыңызға және мемлекетіңізге гүлдену мен өркендеу тілеймін. Біздің ұзақ жылдарға созылған күресіміз барысында көрсеткен ағайындық қолдауыңыз бен Палестина халқымен тілектестігіңізді жоғары бағалайтынымызды атап өткім келеді. Мемлекеттеріміз арасындағы ағайындық қарым-қатынастар мен өзара ілтипатқа негізделген байланыстарды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамытуға мүдделігімізді қуаттаймын. Сізге, Жоғары мәртебелі, зор денсаулық пен бақыт, ал дос­тас Қазақстан халқына өрлеу мен құт-береке тілеймін. Рамалла, 2011 ж. 13 желтоқсан.   Жозе Мануэль БАРРОЗУ, Еуропалық Комиссияның төрағасы. Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі  Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға Құрметті Президент мырза, Мен үшін Сізді және Қазақстан Рес­публикасының барлық азамат­та­рын 1991 жылы 16 желтоқсанда жа­рия­ланған Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы­мен құттықтау үлкен құрмет және зор қуаныш. Қазақстан осы тарихи оқиға болған сәттен саяси, эконо­ми­калық және мәдени салалардың халықаралық сахнасында өзін қалыптастыру, дамыту және нығайту жолында теңдессіз күш-жігер танытты. Мен Еуропалық одақтың екіжақты ынты­мақ­тастық және біздің  өзара байланыстарымыз арқылы осы прогрессивті бағыттың орнығуына өзіндік үлесімізді қосқанымызға қуаныштымын. Осы айтулы оқиғаға байланысты менің Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының әрқа­шан досы және серіктесі болатындығын тағы да атап өткім келеді. Біздің қолданыстағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзіне асырудағы және Әріптестікті дамыту жө­нін­дегі жаңа келісім бойынша келіссөздер жүргізуді іске асыру жо­лын­дағы байланысымыз өзара қарым-қатынасымызды нығай­туға және тереңдетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақ­станның үлесі өте маңызды болып отырған Орталық Азиядағы біздің стратегиямыздың рухы бойынша байланысымызды одан әрі нығайта бермек. Қазақстан Республикасындағы, сонымен бірге Еуропалық одақтағы негізгі реформаларды дамыту, Еуро­палық одақ және ЕО-ға мүше мемлекеттер институттарын қолдау жөніндегі атқарылып жатқан бастамаларға біз үнемі қолдау көрсетеміз. Бұл реформалық үрдістер Сіздердің елдеріңізге демократиялық экономикалық және әлеуметтік даму және халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында алға қойған мақсаттарыңызға жетуге игі ықпалын тигізетін болады. Сізге және Қазақстан Республикасының барлық азамат­тарына бақыт және сәттілік тілеген менің шын жүректі сезімімді қабыл алыңыз.