Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Қобыз үнді Естай

818 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Естай (азан шақырып қойған аты Есмағанбет) жайында жазылған еңбек көп емес. Ауызша жеткен естеліктер, жазбаша жеткен сұхбаттар, өмірі мен шығармашылығына байланысты бірлі-жарым ғылыми, танымдық мақалалар бар. Баспадан жарық көрген кітаптарда да, ел аузынан жиналған әңгімелерде де «Естай парасатты адам еді» деген сөз жиі кездеседі. Қазір тоқсанға келіп отырған әншінің немересі  Зекен Жанәбілқызы он сегізге келіп ұзатылғанша Естайдың қолында болыпты.

Қобыз үнді Естай

«Бала кезімде бұла боп өстім, деген екен Естай ақын. – Ағам Нұрмағанбет көрші ауылға тойға бармақшы еді, мен де барамын деп қиғылық салдым. Он-он бір жастардағы кезім. Нұр­мағанбет мені  ертпей, ауылдың бір топ жігітімен бірге атқа мініп тартып кет­ті. Ерегісіп артынан жаяу шықтым. Төңі­ректің бәрі қамыс, қопа. Қас қарая адас­тым, зәрем кетті. Көз байланды. Қамыс­тан­ шыға бере жанып тұрған екі көз көр­дім. Қасқырдың көзі түнде жанады де­ген­ді естігенім бар, жылап жібердім. Бі­рақ сол жанып тұрған көзге қарай жү­ре беріппін. Жақындай келе үйдің тере­зесінен көрінген шам екенін түсін­дім. Есік алдында Жеміс әулие жүр екен. 

– Естай, қайдан жүрсің? – деді. 

– Ағамның соңынан тойға келдім, – деймін. 

– Сен енді оларды таппайсың, бү­гін осы үйге қон. Таңертең ауылыңа қай­тарсың, – деді.

Ұйқыдан тұрған соң Жеміс әулие: – Естай, сені жел есіп өтеді, ескен жел­де несібең бар, атақты адам бола­сың, – деді. Ауылдың бір аттылы ада­мына мінгесіп ауылға қайттым. Жолда самал жел есіп өткендей болды, аттан түскенде әуендетіп, ән салып түстім» деген екен немересіне айтқан естелігінде әнші.

Естай 1873 жылы Павлодар уезі, Ақкөл болысы, Бұрымтал ауылында дүниеге келген (кей деректерде 1868 жылы деп жазылған). 

2011 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан құрылған фольклорлық орталықтың басшысы Базарәлі Мүптекеевке Ақкөл-Жайы­лмада Естайдың көзін көрген әнші, қиссашы Кәкен Тәшімов деген ақсақал бар, сол елде болған өнер­паздар жа­йында, Естай туралы көр­генін, есті­генін таспаға түсіріп алу керек деген ұсы­ныс айттым. Базарәлі (марқұм) өзі де Жетісу мен Сарыарқаның даласын кезіп жүріп ел ішінде танылмай қалып қойған талай өнерпаздың үнін алтын қорымызға табыстаған жан еді, мені бірден қолдады. Көненің көзі Кәкен ақсақалдан Ақкөл-Жайыл­ма өнерпаздары туралы ел арасында сақталған деректерді алып қайт­тым. Ақсақалдың айтуынша, Ақкөлде өнерпаз көп болған. «Ән­ші – Ахметтің Мұфтиі, Исақтың Ақы­шы, Төлеубайдың Шаяхметі, Сәбит­тің Қожаны, күйші әрі домбыра шебері Әлхамбек, ақын – Досмақтың Ғаббасы (пұшық Ғаббас), қиссашы Ыбырайдың Темірболаты, ағайынды Әбдірахманның Тәшімі, Әшімі бар. Тәшімнің орындауында «Жер мен көктің жаралғаны», «Еңлік-Кебек», «Әзіреті Әлі», «Ермек», «Қалқаман-Мамыр», «Кесік бас», «Күлше мен Назымбек» сияқты жиырма бес қисса білуші еді. Кәкен ақсақал сол жолы бізге «Күлше мен Назымбек», «Кесік бас» қиссаларын және «Балқадиша», «Қарғам-ау» әндерін айтып берді. Дом­бы­раны ғажап тартады, Байғабыл арқылы жеткен Естайдың ән бастар­дағы «қара шертісін» сұлу қайырды. Сек­сеннен асқан қарияның әнді жас адамша жинақы, қалықтатып салға­нын көргенде таңғалдым. Мін жоқ! «Мен ән салуды Мүфтиден үйрендім, Естайға ән салғызу қиын еді», дей­ді қария. «Есекең, қисса айтпайтын, тыңдағанды ұнататын. Бірде қора­ның артына шықсам Естай мен Ахметтің Мүфтиі көгалда көрпе төсеп әңгімелесіп отыр екен, жақындап келгенімде, «әй, бала, жүгіріп барып домбыра алып келе ғой», деді Естай. Домбыраны Мүфтиге ұстатты. Мүфти әнді малдасын құрып отырып айтты. Ән әуені жоғарылап көтерілгенде ол да орнынан тұрып кете жаздап, ән салқындап бәсеңсігенде орнына қайта отырады екен. Ұзақ шырқады. Естай, «Па, шіркін!» – деп Мүфтиді қоштап отырды. Исақтың Ақышын талай тыңдадым. Естайдан әнді кем салмаушы еді. Бұлар Естаймен табақтас, дәмдес болған өнерпаздар.Осыны көзім көрді», – деді көнекөз. 

Ақкөл-Жайылмада ертеден қалып­тас­қан  әншілік дәстүрдің бар екеніне бір дәлел Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні. Мұстафа Баянауыл жақтан келіп осы өңірден өзіне ұнаған тамаша  әншілік үлгі көргенін былай баяндайды:    

Ақкөлге барғанымда әнге салдым,

Елінен Қанжығалы өрнек алдым.

Баласы Сүйіндіктің әнге құмар,

Уілін, ырғағымен алып қалдым.

Бұл ән салу шеберлігіне, вокал мә­де­ниетіне, ән композициясына бас июі. 

Мұстафа Естайдан әлдеқайда бұрын туған композитор. Оның Ақ­көл­дің әншілік мектебін өзіне үлгі тұтып, мұнша жоғары бағалауынан сол өңірде қалыптасқан, тамаша  әншілік дәстүр болғанын бағамдауға болады. Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні екінің бірі шырқап салатын жеңіл туынды емес. Әншінің шебері ғана айта алатын күрделі ән. «Бүркітбай» әні осы дәстүрдің тамаша ескерткіші ретінде Қали Байжановтың айтуымен А.В.Затаевичтың «Қазақтың 1000 ән-күйі» жинағында хатқа түскен және Бисмилла Балабековтің орындауында үн таспасы сақталған.

Осыдан-ақ Естайдың, онымен замандас әншілердің Ақкөл-Жайылмада ежелден қалыптасқан  ән ордасының түлегі екенін айқындай түседі. 

Әкесі Беркінбай өмірден ерте өт­кен­нен соң, туған ағасы Нұрмаған­бет­тің панасында өскен Ес­тай жоқ­шылық көрмейді. Ауылдағы Жақып деген молдадан  сауат ашады. Анасы Күлипа «...ақын, адуын мінезді жан» («Өзіңдей боп жан тумас»,  Р.Тоқтаров) болыпты. Немере ағасы Төлеубай қажы ел ішінде абыройлы, төңірекке белгілі адам болады да, Естайдың ел алдына шығып өнерпаз болуына үлкен ықпал етеді.  

«Он бес-он алты жастар шамасында Төлеубай ағама еріп Қоянды жәрмеңкесіне бардым» – деп немере інісі Қыздарбек Әміреновке айтқан екен. Сол сапарда ақын Шөже мен әнші Жарылғапбердіні көріпті. 

«Шөже соқыр, көзі көрмейді. Жа­рыл­ғапберді бір­неше ән шырқады, ішін­де «Ағаш аяқ» әні де бар. Ел ән­шінің өнеріне тәнті болды. Осы  жер­де Төлеубайдың әнші інісі бар, шы­ғар­сын топ алдына деп Ертіс мырзасы Бердалының Исасы бейіл білдірді. Қолыма домбырамды алып, «құласаң нардан құла» – дегендей мен де «Ағаш аяқ» әнін шырқап салдым. Сол  жерде отырған біреу «қайсысы жақсы айтты?» – деді. Иса мырза: «Естайдың бір қайырымы артық болды»,– дегені бар еді» («Естай. Ақынның ақырғы сапары», Ж.Қоғабаев). Ақсудың болысы Бер­да­лының Исасы жас әншіні меселі қайт­пасын деп көтермелеп жіберсе керек. 

Естай он жетіге келгенде әйгілі Бір­жан салмен кездескені туралы  әңгімені Ақкөл-Жайылма төңірегін­дегі ақсақалдардың көбі біледі. «Шы­ман қажының шаңырағына, сал Бір­жан түсіпті» – деген сөз ел ішін дүр сілкіндірген сенсация болса керек. Сол сауық кешке қажының тапсырмасымен Естайды алдырады. Біршама әнді сілтеп болып, Біржан сал: – Мен жолдан шаршаңқырадым, енді кезекті сіздерге берейін, – дейді. 

Сол жерде отырғандардың біреуі Төлеубайдың жігіті келді депті. Қа­жы­ның тапсырмасы бойынша Естай сал Біржанның келуіне байланысты арнау өлең шығарып, әндетіп сәлем береді. 

Ассалаумағалейкүм, Біржан аға.

Сыналдық қажы үйінде бар ма шара?

Көрсетпей қалай қызмет тұра аламын, 

Жол берсе кезек сұрап сіздей дара,

– деп, зор дауысты жас жігіт асқақтатып салады. Сұлу үн отырғандарды елең еткізсе керек. «Үл­кендердің бірі «бала қалай?» – депті Біржанға. Бір­жан: «дауысында аруақ бар, заманында әнге басқалы тұр екен» – деп баға берген екен. Бұл шамамен 1889, 1890 жылдар болса керек. Ақкөлден аттанғанда Бір­­жан сал Естайды өзімен ертіп ала кетеді. Үш ай қасында ұстайды, ән үйретеді. Жиыр­ма жастар шамасында Ақан серіні көреді. 

Естай мен Қорланның кездесуі, олардың ара­­сындағы махаббат туралы деректер Ахмет Жұбанов, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхаметханов еңбек­терінен кездеседі.  С.Бегалин мен Қ.Мұха­метхановтың естеліктерінде көп айырмашылық жоқ.  Әңгіменің барысы былай болған:

«Естай бастаған жолдастарымен келген күйеуді қайынжұрты құр­мет­пен қарсы алады. Күйеу келген ауылда ойын-сауық басталады. Марал­дының ел билеушілері, руы қыпшақ Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі болады екен. Сұлтанның бой жеткен Хұсни, Қорлан атты екі сұлу қызы бар екен. Осы екі бойжеткен құда­шалар той-думанның ортасында болады. Той-думанның гүлі әрі әншісі, әрі ақын, сегіз қырлы жас жігітке Қорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Қорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен екі жас сол жолы серттесіп, сөз байласады. Естай келесі жылы Қорланды алып қашпақ болып, Қожахмет деген жолдасымен Қорланның көрші ауылына жасырын келеді. Сұлтан ауылының Естайға тілектес Әбділдә, Нұрғазы деген жігіт­тері де бар екен. Үшқамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша қо­рыса да қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді. Бұлардың сырын сезіп қойған Сұлтан құдасына хабар айтып, Қорланды тездетіп ұзатып жібереді. «Қорлан» әнінің  тарихы қысқаша осылай екен» («Екі кездесу», Қ.Мұхаметханов, 52-бет).

Қорлан сұлуға қолы жетпей шерменде болған Естай ақын «Айырылдым ғашық жардан Құдай алмай, Құр ішім толғай беред жылай алмай» – деп күңі­ренеді. Жас жүрегін ән тербеткен Ес­тайдың тұла бойын өкініш, қайғы билеп кетеді. Ақкөлден Маралдыға жет­кенше қиялында мәпелеп келген Қор­лан сұлу алып жүректен ән болып туады. 

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,­

Құдайым берген екен күн мен айын.

Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес,

Дариға жете алмадым не қылайын.

Жиырма жасына дейін Арқаның айтулы әншілерінің бірегейіне айнал­ған Естай «Қорлан»-дай шедевр әнді осылай  өмірге әкеледі. «Қорлан» – Ес­тайдың тырнақалды туындысы. Ән, Естай есімін әйгілеумен қатар, қазақ халқының ән мәдениетін  бір белеске көтерген теңдесі жоқ музыкалық шығарма ретінде мойындалады. 

«Қорлан» әнін айтып шығу үшін кан­тиленаның шебері болу керек. Яғни кең төгілтіп,  дыбысты үзбеу қа­жет. Бұл Естайдың сол кез­дегі хал-күйі ыза мен өкінішке толы болғанымен, Бір­жанның да, Ақанның да тәрбиесін көрген әншінің кеме­ліне келгенінің белгісі. Сол себепті бұл ән­ді орын­дауға  көп әншінің батылы бар­майды, шеберлігі жетпейді.

«Қорлан» тумысы бөлек жанның бітімі бөлек туындысы, қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп поэма деңгейіне көтерген шығарма. Композициясы қа­зақ әндерінің көне үлгісінен бөлек. Ән­нің бір тональностен екінші тональноске уақытша көшетін тұстары бар. Бірінші шумақ қайырмаға ұласады, қайырма әдеттегі ән қайырмасының шарттарын толық бұзып, қайырма мен шумақ араласып кеткендей өзгеше форма құрайды.  

Қорланға арнап шығарған әндері­нің бірі  «Бір мысқал» (Қорланның сипаты)   

Көзінің қаралығы қарақаттай, 

Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.

Көзіндей құралайдың ойнақтатып,

Арман не соны құшқан адамзатты-ай.

Ақ көйлек, қызық камзол, лағыл етік,

Отырмын ғашық жарды өлең етіп.

Шіркін ай «Хұсни-Қорлан» деген шақта, 

Алдымнан шығар ма едің көлбең  етіп...

«Қорлан» мен «Бір мысқал» ән­­дері Естайдың композиторлық, әншілік өнерімен қоса ерекше дарынды ақын болғанының белгісі. 

«Бір мысқал» музыкалық формасы жа­ғынан сол кез үшін ол да Естай енгізген жаңалық. «Бір мысқал» ком­позитордың жас кезінде 20 мен 25 жас аралықтарында шыққан болса «Жайқоңыр» мен «Назқоңыр» Естайдың егде тартқан шақтарында шыққан әндер. Естайдың «Қаракөз», «Сандуғаш», «Ақжалмаш», «Юран-ай» әндері де композитордың жігіттік дәуірінен қалған белгі. 

«Қаракөз» әнінің басы сазды ке­ліп, қайырмасы ойнақы мелодияға құрыл­ған. Бұл да тыңдаушының құ­лағынан кетпейтін соқталы туын­ды. Әннің қыс­қаша тарихын С.Бегалин автордың өз аузынан естіген екен. «Естай бірде жолы түсіп Омбы ша­­һа­рына барады. Сол жолында Қып­­шақ ауылының белгілі адамы Жан­сары деген байдың үйіне қо­нады. Үй иесі Естайдың әнші екенін білген соң «қонақкәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бойжеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсы­нып, бірнеше ән айтқызады. Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың көркі Естайдың көкірегін кернеп, ой толға­нысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзін­де «Қаракөз» әнін шығарады» («Естен кетпес ешқашан» С.Бега­лин). 

«Сандуғаш» әні табиғаты жа­ғы­нан «Қор­ланға» жақын. Ол да сызылтып, үзбей салуды қалап тұ­рады. Әнді түсін­бей шошаңдатып айтатындарға қол емес. «Ақжалмаш» әнінің музыкасы Естайдың еш әніне ұқсамайды. Бұл бір оқшау тұрған шығарма. Бір қарағанда, жаңа заман әндерінің басы секілді көрінеді. Әннің ортан белінен асқанда ғана ескішелеп қазақы көне тәсілдерге ауысады. 

Халық арасына кең тараған әнінің бірі «Жай­қоңыр». 

Ертістің арғы жағы – Арқанаты,

Әншінің домбырасы – қолқанаты.

Жағалап қара Ертісті Естай ақын,

Деп салған «Жайқоңырға» әннің атын.

Жиырма бес кеткенің бе бір қарамай,

Мен жүрмін осы күнде ат жарамай.

 Отыз бен қырық бестің арасында, 

Басушы ем аяғымды генералдай, 

– деп жігіт кезін, жігіт ағасы болған кездерін сүй­сініп еске алады. Жиырма бес, отыз бен қырық бес – деп келе жатып тоқтағанына қарағанда, ән елулер шамасында шыққан.  Ән характерінен, сөз мәтінінен серілік­тің лебі есіп тұр. «Жайқоңыр» ойнақтатып, желдіртіп айтқанды қалап тұратын ән. 

«Юран-ай» Майра Шамсуддинова­ға арналған ән дейді көз көргендер. Өнер­тану ғылымдарының кандидаты З.Қоспақов: «Естайдың өмірі мен шығармашылық қызметі» деген мақаласында 1988 жылы «Қызыл ту» газетінде шыққан материалға сүйене отыра «Юран-ай» әні жайында мынадай дерек береді. «Көркем, сұлу бейнелі, қазақ әнін асқақтата шырқайтын осы бір ақсары ноғай қызы Естай ақынның жүрегінен орын алады. Ол оған арнап «Юран» әнін шығарады. Майраның бүркеншік аты Нюраны Естай қазақ қыздарының Еран, Гүлжан, Раушан аттарына ұйқас етіп, Юран деп алған».

Естай жиырма бестен аса ән шы­ғар­­ған екен. «Қоштасу» соңғы әні.  

Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,

Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік.

Тағдыр сол өткен өмір қайта оралмас,

Шау тартып, тұралайтын халге келдік.

Ақының, әншің болып еркеледім,

Кешегөр, қош аман бол ардақты елім.

Естайдың болады енді сөзі тамам,

Ақтық сөз, айтылған хош,осы менің.

Жетпіс үш жасқа келгенде Естай­дың сырқаттануы жиілеп кетеді. 1946 жылдың қаңтар айында ауданға шақыр­ту алады. Естай ауырып жүреді де жолға шық­пайды. Шақырту қағазы қайта келген соң, Тоғай­бай­дың Оқа­сына ат жектіртіп екеуі сол кездегі аудан орта­лығы Краснокутскіге жүріп кетеді. «Үстіне киген тұлы­бы бар, ағам шанаға отырды. Көшірі Оқас. Олар қоз­ғалып кетті, мен үйге кіріп біршама уақыттан соң қай­та шықсам, жеңгем Есекеңнің артынан әлі қарап тұр екен. 

– Жеңеше, неге тұрсыз? Салқын тиіп қалады, үйге кіріңіз, – дегенімде;

– Ағаңды шығарып салып тұр­мын ғой, деп теріс айнала берді» –деп Қыздарбек ақсақалдың естелік айтқаны бар. Естай екі рет үйленеді. Бірінші әйелі ауырып қайтыс болады. Одан екі ұл, екі қыз қалған. Баланың үлкені Жанәбілден және Күләй, Кәнтәйдан қалған ұрпақ бар. Жанәбіл Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Кенжесі Жәкөш он сегіз жасында Омбы мен Ақкөлдің арасында қатты боранда адасып мерт болған сияқты. Ол 1931,1932-жылдар. Аны­ғы белгісіз. Жәкөштің ақындығы туралы ауызекі айтылған естеліктер бар. Өзімнен асады деп ерекше жақсы көрген екен. 

Естай орта жасқа келіп қалғанда әмеңгерлік жолмен Зағишаға үйлен­ген. Зағиша ерекше сұлу адам болды дейді көргендер. 

Бір-бірін қадірлеп өткен көрінеді. Немересі: «Естай атам мен Зағиша апам­ның татулығы, сыйлас­тығы қан­дай еді...ондай адамдар қайда...» – дейді. 

Естай аудан орталығына жеткен­нен кейін нашарлап қалады. Дәрі­гер­лер жағдайының ауыр екенін ес­кер­теді. Ақкөлге жетудің енді қиын­ға түсетінін сезгеннен соң, Чкалов совхозының 2-бөлімшесінде тұратын жақын інісі Кәрібайдың үйіне апарады.  «О дүниелік болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осы жерге қойыңдар, Қорлан берген жүзікті де өзіммен бірге жерлеңдер», деп аманат айтқан деседі. 1946 жылы наурыздың 15-і күні Куйбышев ауданында (қазіргі Ақтоғай ауданы) Біржан, Ақанға шәкірт, Бай­ғабыл, Жүніс Шәймардановқа ұстаз болған, теңдесі жоқ композитор өмір­ден өтеді. Сол күні ақынның жары Зағи­­ша да Ақкөлде дүние салған екен.

Қайрат АЙТБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты