Қазақстан • 13 Шілде, 2018

Астанада «Азияның медиа диалогі» шарасы өтеді

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай 2018 жылдың 10-12 шілдесінде елордада «Азияның медиа диалогі» шарасы ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Аталған ауқымды шараның аясында «Қазмедиа орталығында» «Медиа-2020» конференциясы болды. Оған Еуропа мен Азияның медиа басшылары қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салды.

Астанада «Азияның медиа диалогі» шарасы өтеді

Жиын барысында тараптар салада енгізілген жаңа­шыл­дықтарды талқылап, тәжірибе алмасу барысын тілге тиек етті. Басқосу барысында әлемдік медианың даму барысы да сөз болды. «Қазмедиа орталығы» бас директорының стратегиялық да­му және халықаралық ынты­мақ­тастық жөніндегі орынбасары Ерлік Қаражан жүргізген жиын­ға «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Алан Әжі­баев, AIR India бас директоры Фаяз Шехряр, COPEAM бас хатшысы Клаудио Каппон қатысты.

Жиын барысында Румыния радиосының сәлемдесу сөзі мен Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құт­тықтау сөзі оқылды.

«Мен ең алдымен осындай маңызды шараға қаты­су­шы ретінде келгеніме қуаныш­тымын. Бұл конференция медиа саласының көп мәселелері бойынша Еуропа мен Азия арасында диалог орнатады. Мұндай жиын халықаралық және ұлттық телерадио хабарын таратушыларды, қауымдастықтарды, жеке медиа компанияларды, сонымен қатар Еуропа мен Азияның жетекші медиа менеджерлерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасудың таптырмас алаңы деу­ге болады. Біздің ұйым ақпарат тарату саласынан бөлек, жас журналистерді мамандыққа баулу, оларға тренинг түрінде тәжірибе беру жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысып келеді. Жұмысымызды негізгі екі бағытқа бөліп қарастыруға болады. Олар, ең бірінші ұйымның білікті мүшелерінің басын қосып, ақпарат кеңістігіндегі жаңашылдықтарды жинақтау. Екіншісі, өзіміздің білгенімізді әртүрлі жоғары оқу орындарынан құралған студенттермен бөлісу. Осы орайда түрлі шаралар мен фестивальдар ұйымдастырдық. Сонымен қатар радио мен телеарналардан бөлек бізде 3 радиожурнал жұмыс жасайды. Әрқайсының алар орны айрықша», деді COPEAM бас хатшысы Клаудио Каппон.

Бұл жиын «Медиа диалог: Орталық Азияға назар аудару» тақырыбымен өрбіді. Сондай-ақ беделді спикерлер бас қосқан ауқымды шарада жалған ақпарат таратушылармен күрес мәселесі де кеңінен талқыланып, одан қорғану жолдары да көтерілді. Ресми расталмаған ақпарат тарату заңмен қудаланатыны белгілі. Мұндай жалған жаңалықтар тек Қазақстанның ғана емес, бүгінгі таңда әлем елдерінің де баса назар аударатын мәселесі болып отыр. Осы орайда дәстүрлі емес БАҚ өкілдеріне иланатын аудиторияның ауқымы кеңейіп келе жатқанын шараға қатысушылар тілге тиек етті.

«Шығыс пен Батыс елдері арасында ақпарат тарату кезінде бөлінушілік байқалады. Яғни Батыстың басты ақпарат арналары Шығыста болып жатқан оқиғаларды халыққа объективті түрде жеткізбейді. Сондықтан қос құрлық арасында осындай диалогтің болғандығы дұрыс», дейді AIR India бас директоры Фаяз Шехряр.

Ал «Франц Медиамун» компаниясының халықаралық қатынастары бойынша директоры Джон Макуайер әріптесінің пікірін құптап, бұл проблеманың туындауына медиа нарықтың жекешелендірілуі де әсер етуі мүмкін екенін тілге тиек етіп, осы ретте бірігіп жұмыс істеп, ақпарат құралдарының мәртебесін одан әрі көтеру керектігін жеткізді. Шара барысында сөз алған «Хабар» аенттігі» АҚ басқарма төрағасы Алан Әжібаев агенттік құрамындағы арналардың жұмыс жүйесімен таныстырып, атқарылып жатқан шаруаларды тілге тиек етті. Бұдан бөлек конференцияның басқа сессияларында әртүрлі маңызды мәселелер көтерілді.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»