Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, қазақ әнінің білгір маманы Б.Ерзакович: «Қазақ халқының төңкеріске дейінгі рухани мәдениетінің қуаты – ұлттық музыка өнері болды. Ол ғасырлар бойы ауызекі ұлттық-музыкалық-поэтикалық мәдениет арқылы жасалды. Онда адам мен табиғаттың сұлулығы, рухани эстетикалық көзқарастар дүниесі мен өмір туралы философиялық байыптаулар және тұрмыстық этикалық һәм адами құнды негіздер көрініс тапты» дейді. Үлкен оқымысты бұл пайымы арқылы халықтың рухани қуаты әнінде екенін меңзесе, қазақ топырағында туған тағы бір ғалым Г.Потанин «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегені белгілі.
Осы орайда, халықтың ұлттық-рухани қайнары оның ән өнеріне терең сіңірілгенін аңғарған отарлаушы идеология кеңестік дәуірде қазақ әнін ақсату үшін барын салды. Мұндай қасіретті науқанға, әсіресе ғасырлардан тамыр тартқан құнарлы халық әндері көптеп ұшырады. Қазақ музыкасын зерттеушілердің айтуына қарағанда, халқымыздың 12 мыңға тарта әні бар екен. Осылардан таспаға түсіп, айтылып жүргені 250-ге жуығы ғана. Басқасы жойылған. Неге?
Кеңестік кезеңде мемлекеттік идеология саласында жұмыс атқарған жазушы Бекежан Тілегенов 1992 жылы жарық көрген «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауында, Қазақ Кеңестік Республикасының идеология жөніндегі хатшылары қазақтың ұлттық аспаптар оркестрінің рөлін кемітіп, әсіресе домбыраны жойып, қазақ өнерін симфониялық оркестрге айналдырып жіберу үшін атсалысты, дейді. Сонымен қатар қазақ ән өнерінің зерттеушісі Ахмет Жұбановты «КСРО халық әртісі» атағына ұсынғанда, республика идеологтары «қазақтың ұлттық өнерін зерттеген адамға мұндай атақ беру жарамайды» деп, сызып тастағаны тағы бар.
Ұлттық музыка – ән өнеріне шабуыл жасау мұнымен аяқталған жоқ. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін апару керек пе, жоқ па деген талас басталғанда, декаданы өткізу жөніндегі комиссия төрағасы: «Қазақтың музыкасы кімге керек, Мәскеуге оның қандай қажеті бар?» деп шешім қабылдаған.
Мұндай келеңсіз әрекеттерді айта берсе таусылмайды. Мысалы, композитор Ілия Жақанов, 1920-30 жылдары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Сол кездерде колхоздастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әні: «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деп, «Ақбаян» әні: «Ой, Ленин, қараңғыда көп елің» деген қайырмамен шырқалса, Үлебайдың қалжыңдап шығара салған «Дударай» әні ұлттар достығы үшін Мәриям Жагорқызының әні боп ел санасына сіңді. Ықылым заманнан бері бір сөзіне қылау түспеген әндеріміз осылай «жаңа сипатқа» ие болды.
Қазақ әнінің майталман орындаушысы және өнертанушы зерделі тұлға Жәнібек Кәрменов: «1933 жылы 200-ден аса халық әні сотталды. Мұның бәріне тағылған айып – «феодалдық дәуір туындылары» немесе «ескінің сарқыты» дегенге саяды. Кейбірі арнайы тапсырмамен «жаңа заманға» лайықталып сөзі немесе әні өзгертілді. Бұл науқан 1951 жылы тағы бір қырағылықпен жүргізіліп, барлық әндер қатаң цензурадан өткізілді. Әсіресе діни атауы бар сөздер тұтқындалды. Осылай үш мың жылдық тарихы бар қазақ әнінің қанаты қатыгездікпен қырқылды. Қатал уақыттың диірмені жаныштап, аштық пен түрмеден ақсөңке болған ел мәдени мұрасынан, әнінен айырылған соң, арқасы жауыр, мұрны тесік тайлақтай бәрінен безіп, жетекке жүре берді. Рухани тапшылыққа, тоқырауға ұшырады. Төл сөз түрмеге кетті. Жаңа жасанды сөз жанға жарық түсірмеді. Көптеген әндер айтылмай ұмыт қалды. Тіпті қазақ даласын жаяу аралап тірнектеп жүріп жинаған А.Затаевичтің 1500 әні шаң жұтып архивте қалды. Қызығып қолына алған жан «заманның қырағылығынан» қорықты. Себебі бұл әндер жоғарыдағы сұрыптаудан өтпей қалған еді» деп жазыпты 1990 жылы жарық көрген «Халық әндері мен композиторларының әндері» атты еңбегінде.
Қазіргі таңда халық әндері мен халық сазгерлері туындыларының сөздері бір-біріне ауысып, шатасып жүруі, мағынасыз мәтіндердің телінуі, сайып келгенде, жоғарыдағы зауалдың кесірі. Әнді тонау – тарихты тонау. Ең бастысы – сол ән авторларына жасалған қиянат. Сондай қиянат көргендер арасында алаш ардагері Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм», «Қаракөз» әндері Жүсіпбек Аймауытовтың «Қызыл бидайы», Мағжан Жұмабаевтың «Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу», «Япыр-ай», тағы басқа авторлық әндер халық әніне телініпті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»