Спорт • 13 Шілде, 2018

Будапештте бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігі өтеді

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

20-31 тамыз аралығында Будапештте бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейтіні белгілі. Венгрияның бас шаһарына қанша өреніміздің аттанатыны жайында біз бұған дейін толық мағлұмат бергенбіз. Ал күні кеше айтулы жарыста бақ сынайтын Қазақстанның қыздар құрамы анықталды.

Будапештте бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігі өтеді

Осы спорт түрін серік еткен бойжеткендер арасында дүбірлі додалардың ұйымдастырылып жүргеніне небәрі жеті-сегіз жылдың ғана жүзі болды. Мә­се­лен, әлем біріншілігінің тұ­сауы тұңғыш рет 2011 жылы Түр­кияның Анталия қаласында кесілді. Жастар мен жасөпірімдер буы­ны өкілдерінің басын бірік­тірген бәсекеде Айдана Арапбай (70 кило) алтыннан алқа та­ғынса, Айсәуле Тайыр (50 келі), Валентина Хальзова (75 кило), Тоқжан Сыздықова (+80 кило), Назым Қызайбай (48 кило), На­зым Төлеуова (54 кило), Жәнел Іңкәрбекова (75 кило), Ольга Титаренко (81 кило) және Оксана Ухарева (+81 кило) қола медальды иеленді. Осылайша алғашқы жа­рыстың өзінде медальды «күреп» алған Қазақ елінің қыздары әлем жанкүйерлері алдында өздерінің зор әлеуетін әйгіледі.

2013 жылғы дүниежүзілік дода Болгарияның Албена деп аталатын теңіз жағалауында орналасқан курортты қаласында өтті. Бұл жарыстан да жерлестеріміздің қоржыны толып қайтты. Атап айтсақ, Гауһар Ермекбай (60 кило) чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Айдана Арапбай (60 кило), Назерке Жұрғараева (46 кило), Әсел Асқарова (48 кило), Ба­лауса Мұздиман (54кило), Любовь Хасиева (66 кило) және Ақ­марал Шамшидинова (80 кило) күміс алды. Тағы тоғыз боксшымыз үшінші тұғырға табан тіреді.

2015 жылы Тайпейде өткен әлем біріншілігінде Балауса Мұз­ди­ман (54 кило) мен Надежда Рябец (63 кило) топ жарса, Баян Ақбаева (69 кило), Ләйлә Құ­сайынова (63 кило) және Дина Исламбекова (80 кило) финалда ғана сүрінді. Тағы жеті жерлесіміз қола медальды мойнына ілді.

2017 жылы жастар ара­сын­дағы дүниежүзілік доданы Үн­дістанның Гувахти қаласы қабылдады. Айтулы жарыста 38 мемлекеттен келген 190-ға жуық былғары қолғап шебері бақ сынады. Бұл жолы 81 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Арайлым Бекділдәға тең келер ешкім табылмаса, Жазира Орақбаева (48 кило) мен Дина Исламбекова (+81 кило) күміспен күптелді. Ал Жансая Әбдіраимова (51 кило) мен Жансая Балтабекова (60 кило) қола медальды иеленді.

Үнді елінде өткен жарыстың командалық есебінде жергілікті спортшылар алдарына жан салмады. Олар бес салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені олжалады. Қос алтыны бар Ресей құра­масы екінші орынға жайғасса, Қа­зақстан үшінші сатыға тұрақ­тады. Сондай-ақ, АҚШ пен Оң­түс­тік Кореяға бір-бір алтыннан бұйырды.

Келесі айда Венгрияда жалауы желбірейтін жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның қыздар құрамасы сапында мына боксшылар жұдырықтасады: 48 кило – Әнел Құдайберген, 51 ки­ло – Жансая Әбдірайымова, 54 ки­ло – Айзада Еслямғали, 57 кило – Еркежан Дәулетжанқызы, 60 ки­ло – Мария Гладкова, 64 кило – Жұлдыз Тоикова, 69 кило – Ма­рия Бейсебаева, 75 кило – Надеж­да Рябец, 81 кило – Гүзәл Сады­қова және +81 кило – Дина Ислам­бекова. Командамыздың алға қойған негізгі мақсаты – жалпы есепте үздік үш команданың қатарынан көріну.

Естеріңізге сала кетейік, ұлдар арасындағы жарыста Махмуд Сабырхан (49 кило), Кәрім Серкебаев (52 кило), Бей­барс Жексен (56 кило), Рахат Сейітжанов (60 кило), Талғат Шәйкен (64 кило), Ермахан Жақ­пеков (69 кило), Нұрбек Оралбай (75 кило), Сағындық Туғамбаев (81 кило), Айбек Оралбай (91 кило) және Дамир Тойбай (+ 91 кило) сынды өрендеріміз шаршы алаңға шығады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»