Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Инновациялық технологиялар – даму кепілі

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қарағанды облысының Жезқазған қаласына арнайы барып, өңірдің осы бағыттағы тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі заманғы энерготиімді жабдықпен қамтамасыз етілген кәсіпорында болды. Сондай-ақ оқушыларға бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйрететін IT-орталықтар мен IT-сыныптарға және Сәтбаев қаласындағы заманауи «Co-working орталығы» ашылған Орталық кітапханаға барды.

Инновациялық технологиялар – даму кепілі

«Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларының негізгі бағыттарының бірі «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­ма­сын іске асырумен байланыс­ты екені белгілі. Осыған орай партия Елба­сының цифрландыру мен эко­но­ми­калық жағынан білімді мамандарды дайындау жөніндегі бастамасына қолдау білдіруді көздейді.

Жезқазғанға сапары кезінде партия Төрағасының бірінші орынбасары алдымен «Ұлытау Нан» нан зауытына барды. Мұнда барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 35 тоннаға дейін нан өнімін шығарады. Дайын өнім Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Қаражал мен Ұлытау аудандарына жеткізіледі. Зауыт Елбасы айқындап берген цифр-
ландыру жөніндегі барлық талаптарға толық сай келетінін де ерекше атап өткен жөн.

Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев мұндай заманауи өндіріс ошағының ашылуы және алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың енгізілуі жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық ахуалын жақсарта түсетінін атап өтті.

Жезқазғанда бағдарламалау негіз­дерін үйрететін IT-орталық «UTARI KZ» өндірістік инновациялық ком­па­ния­сының базасында ашылды. Ол жерде балаларға арналған тегін IT-сынып­тар жұмыс істейді. Мәулен Әшімбаев атал­ған орындарға да арнайы барып, компанияның жұмысымен танысты. Бұл жерде химия, мұнай-газ, метал­лургия, тамақ, дәрі-дәрмек, ав­то­мобиль өндірісі, коммуналдық ша­руа­­шылық, транспорт пен құрылыс са­­ла­сының жұмысшылары үшін арна­йы киімдер шығарылып, күнделікті өмір мен демалуға арналған киімдер ті­гіледі. Кәсіпорын компьютерлік бағ­­дар­ламамен басқарылатын арнайы қон­дырғымен жабдықталған.

Тігін цехының жұмысшыларымен кездескен Мәулен Әшімбаев соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөліп, ауқымды жұ­мыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.

– Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы осы бағыттағы бір­қа­тар жаңа жобаларымызды бекітіп, нақ­ты тапсырмалар берді. Олардың қата­рында еліміздің болашағы санала­тын өс­келең ұрпақтың дені сау, білімді, бә­се­кеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жағдай жасау ісі де бар. Соған орай партия еліміз бойынша ІТ-сы­нып­­тар ашуды қолға алды. Осы рет­те аталған сыныптарды Астана, Алматы сияқты ірі шаһарларда ғана емес, Жезқазған сияқты моноқалалар мен аудандарда ашып, орталықтан шал­ғайда жатқан елді мекендердегі ба­лалардың цифрлы сауаттылығын арт­тыруға, бәсекеге қабілетті болуына, болашақтың мамандықтарын игеру­ге жағ­дай жасауымыз керек. Осы тұр­ғыд­ан келгенде Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Облыс бойынша қазірдің өзінде бірнеше ІТ-сыныптар ашылып, жергілікті жастар заманауи білім алуда, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазақстандық IT-компаниялар мен өңірлік жоғары оқу орындарының базасында 20 IT-орталық және тегін 1000 ІТ-сынып ашуды қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін атап өткен жөн. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, партия ІТ-сыныптарды ашу арқылы жастарға бағдарламалау негіздерін үйретіп қана қоймай, робот техникалары мен 3D модельдеуді де меңгеруге жағдай жасайды.

Жезқазғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның аясында әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған жатақхана қайта жаңғыртылып, жер­гі­лікті компаниялардың жас мамандарына берілген. Бұл жатақхананың өзгелерден басты айырмашылығы ре­тінде онда бірқатар партиялық жо­ба­­лардың жүзеге асырылуын айту­ға болады. Яғни нұротандық кәсіп­кер­лер бұл жерде жаңа партиялық бас­тамалармен үндесетін бірнеше қы­зық­ты білім беру жобаларын іске қос­қан. Айталық, ғимараттың бірінші қа­ба­тында «Open space library» аймағы – ашық электрондық кітапханасы орналасқан, ал жанында «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ашылған – «Qazaq kluby» мен «English club» жұмыс істейді. Жатақханада дербес «Co-working орталығы», «Яркие умы» білім мен даму орталығы, «Лидерлер мектебі», «Business mentoring» және «Magic kitchen» орталықтары, шахмат пен тоғызқұмалақ ойынының студиясы бар. «Нұр Отан» партиясының балаларға арналған тегін IT-сыныптар жобасы бойынша «IT TECHNOLOGY FOR YOU» орталығының базасында қазіргі заманғы IT-сыныптар ашылған.

Бұл жерде бағдарламалау мен робот техникасы саласы әлемдік стандартқа сай оқытылады. Жылдың соңына дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңірдегі бизнес өкілдерімен бірге 2500-ден астам адамды қамти-тын балаларға арналған тап осындай 40 IT-сынып ашу жоспарланған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде нұротандықтар елі­міздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтарына айналдыру бас­тамасын қолға алғаны белгілі. Мәулен Әшімбаев Сәтбаев қала­сын­дағы осындай жаңа білім беру орта­лығына арнайы барды. Мұнда «Со-working орталығы» жергілікті кітапхана базасында ашылған. Онда жастардың жұмыс істеуі және дем-
алуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, топ болып және жеке жұмыс істеуге арналған аймақтар, тегін Wi-Fi, қажетті техника және тағы басқа мүмкіндіктер қарастырылған. Жастармен кездесуінде партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары, осы жыл­дың соңына дейін «Нұр Отанның» қол­дауымен Қарағанды облысында тағы да бірқатар білім орталығының ашылатынын айтты.

Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша нұротандықтар аға ұрпақты қолдауға бағытталған тағы бір маңызды «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асыруда. Одан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында партияның бастамасы бойынша «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» іс-шарасы да қатар жүргізіліп келеді. Жезқазғанға сапары барысында Мәулен Әшімбаев 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Степановна Виноградовамен кездесіп, майдангерді мерейтойымен құттықтады.

 

* * *

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қасиетті Ұлытау жерінде өткен «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанатына қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен іс-шарада Ресей, Франция, Польша, Түркия, Шотландия, Жапония, Тәжікстан және сонау Мексика мен Перу елінен келген этно-фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті.

Фестивальдің шымылдығы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» ансамблінің театрландырылған қойылымымен түрілді. Алғаш болып сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының барша қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді.

Қазақ елінің рухани орталық­та­­рының бірі саналатын қасиетті Ұлы­тау жерінде, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­амасы аясында өтетін бұл өнер ме­рекесі еліміздің мәдени өміріндегі ай­тулы оқиға болады деп сенемін. Төл тарихы мен өнерін қастерлеген ұлт қана биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Музыка өнері – халықтың тарихын, асқақ рухын, жан дүние сұлулығын паш ететін рухани құндылықтардың бірі. Сондай-ақ бұл фестиваль халқы­мыз­дың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – делінген Елбасының құттықтауында.

Бұдан соң, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев қатысушылар мен барша халықты осындай керемет өнер кешімен құттықтап, бұл шараның қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтетін тың бастама екенін айтты.

– Бұл фестиваль Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі екені сөзсіз. Біз осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын сақтап, оларды бүкіл әлемге дәріп­теп, танымалдылығын арттырамыз. Сондай-ақ әлем мәдениетінің озық тұстарынан үлгі алып, ұлттық құнды­лық­тарымыздың аясын кеңейтеміз. Сон­дықтан «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында өтіп отырған бү­гінгі «Жезкиік» халықаралық фес­тивалі алдымызда тұрған осындай мақсаттардың сәтті жүзеге асырылуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»