Қазақстан тәуелсіздігін алып, жұмыр жерге жар салғанда ең алдымен тағдырдың жазуымен әлемнің әр түкпірінде шашылып жүрген қандастарымыздың жүректері жарыла қуанғанына да жиырма жылдың жүзі болыпты. Содан бері атажұртқа бір жарым миллиондай ағайындарымыз оралса, еліміздің осы уақыт ауанында қол жеткізген жетістіктері мен табыстарына сол оралман бауырларымыздың қосқан үлесі де зор. Солардың бірі тарихи Отанына егемендіктің елен-алаңында маңдай тіреп, халқымыздың баға жетпес құндылығы – ұлттық киімдерді тігіп, оны мазмұндық жағынан да, түр-түсі, үлгісі жағынан да жаңарған модельдерімен өзімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танытып, насихаттап жүрген «Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫМЕН той қарсаңында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен-ді.
– Фарида Мерхамитқызы, елге оралғаныңызға 20 жылға таяп қалыпты. Тәуелсіздігімізбен бірге өстіңіздер, өндіңіздер. Өзіңіз 1997 жылы құрған «Ерке-Нұр» атты фирмаңыз бүгінде жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін берген үлкен компанияға айналды. Тігін өнеркәсібін дамыттыңыз. Атажұртқа келе салып жұмысыңызды тігіншіліктен бастауыңызға не себеп болды?
– Адам не нәрсе істесе де жанына жақын жұмысты іздейді ғой. Мен де бала кезден жүрегіме, жаныма жақын іспен айналысуды жөн көрдім. Қытайдағы қазақтардың қаймағы бұзылмай, ол жақта да қолөнердің түр-түрі күні бүгінге дейін жақсы сақталып, өрістеп келеді. «Елім-айлап» ән салып отырып іс тігетін ісмер аналарымыздың қолынан шыққан дүниелерге тамсанып, кішкентайымыздан қанығып өстік. Сонымен қатар, ата-бабаның қанымен берілген өнерге деген іңкәрлігім мені тігіншілікке алып келді деп ойлаймын. Атам Қабыл он саусағынан өнері тамған кісі болыпты. Музыкалық аспаптарды еш қиындықсыз-ақ жасап алып және тәп-тәуір ойнаған көрінеді. Әкем Мерхамит Пекин университетінің атом-физика факультетінде алғаш білім алған қазақтардың бірі. Десе де туған жері Шәуешек қаласында мәдениет саласында қызмет істеді. Сурет салатын таланты мен Алланың берген музыка өнері арқасында өмірінің соңына дейін осы салада еңбек етті. Балаларының тұңғышы болғандықтан, әкем маған ерекше көңіл бөлетін. Мені қасына ертіп дүкеннен мата сатып алатын да, тігін шеберханасына апарып, неше түрлі киімдер тіктіріп беретін. Талай рет мектеп мұғалімдерінің «киіміңді ауыстырып кел» деп сабақтан босатып жіберген кездері болған. Әкем тіктіріп берген киімдер тозыңқырап қалса да сіңлілерім таласып киетін. Ендеше, менің сапасы мен сәні жарасқан әдемі киімдер тігуді қолға алуым кездейсоқтық емес. Атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер мені де өзіне баурап келеді.
Екіншіден, атажұртқа келгеннен кейін дәл осы саланың дамымай жатқаны, әсіресе, ұлттық киімдерге жаңа серпін беру керектігін сезіндім. Ұлтымыздың бай өнерін қара базардағы қырғыздың арзанқол дүниелері алмастырып жатқанына қарап жаным ауырды. Осылай елге деген сүйіспеншілік пен өзім таңдаған кәсіпке деген ыстық ықылас зор табысқа кенелтіп, жетістіктерге жеткізді. Бір кәсіпті бастаудың өзі де оңай шаруа емес. Бүгінде «Ерке-Нұрдың» негізі үш тігін машинасымен қаланды дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Десе де күні-түні тынбай еңбек ету қарапайым адамды биікке жетелейтіні рас. Аллаға шүкір, қазіргі таңда жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, өзіндік ерекше бағыт-бағдармен көпшіліктің ықыласына бөленіп отырмыз.
![171211-13](http://old.egemen.kz/2011img/171211-13.jpg)
«Ерке-Нұр» кәсіпорны – ұлттық киім және ұлттық киім үлгілерінің негізінде өркениет талғамына сай қазіргі заманғы киім тігеді. Бүгінде өзіндік ерекше бағыт-бағдарымен көпшіліктің ықыласына бөленіп, талғамы жоғары тұтынушының сұранысын қанағаттандырып отырған кәсіпорын халқының салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жоғары сапалы киім үлгілерін, мектеп формасын, сонымен қатар әртүрлі арнайы жұмыс киімдерін және сыйкәделер шығарады.
Сәні мен сапасы үйлескен «Ерке-Нұрдың» тауарлары нарықта үлкен сұранысқа ие. Талай жұрттың төрінде тұрған «Ерке-Нұр» өндіретін жоғары сапалы өнімдер халықтың қажетін өтеп, ұлттық қолөнерімізді жаңғыртуда.
Еліміздегі жылт еткен жаңалықтан шет қалмауға тырысамын. Мәселен, Қазақстанды әлемге танытқан Азия ойындарына арнап кәдесыйлар да жасадық. Бұл мен үшін де, ұжым үшін де айтып жеткізгісіз мақтаныш.
– Ата-бабаларыңыздың кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігі сіздің жүрегіңізден қалай орын алды?
– ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Шығыс өңірден ауа көшіп, Тарбағатайдың күнгей бетіне қоныс тепкен ағайынның ұрпағымыз. Әжем айналасында шүпірлеген немерелерінің басынан сипап қойып: «Қайран жерім-ай, артта қалған елім-ай» деп жиі егілетін еді. Сөйтсек алыста қалған, шекараның арғы бетіндегі кіндік кескен атамекенін аңсап, аһ ұрады екен ғой. Біз бала болған соң, ол сөздердің парқына жете қоймаппыз. Десе де, әжелеріміздің туған жерге деген сағынышы біздің жүрегімізге отаншылдықтың ұрығын септі деп ойлаймын. Кішкентай кезімізден құлағымызға құйған «қазақ дейтін ұлтың бар, қазақ елі дейтін жерің бар, Қазақстан – сенің ата қонысың» деген сөздер санамызда әбден жатталып қалды. Бала күнгі сағыныш, бала күнгі арман-мақсаттарға ес жиып, етек жинаған сәтте қолымыз жетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін шет елдерде тарыдай шашылып жүрген ағайындарды тарихи Отанына қайтару мәселесін қолға алған кезде Қытайдағы қазақ жастары іркіліп қала алмадық. Алдыңғы лектің қатарында жолдасым Талғат Мамырұлы екеуміз де болдық.
Қытайда баспада редактор болып қызмет істедім. Ғылыми-техникалық кітаптар шығаратынбыз. Жұбайым Талғат Мамырұлы Шыңжаң университетінде оқытушы еді. Ол кісінің мамандығы информатик-физик. Ол Ұлттық ғылым академиясына қызметке шақырту алды да, артынан көп ұзамай туған елге мен де келдім. Сөйтіп, біздің маңдайымызға алғашқылардың бірі болып, атамекен топырағын басу бақыты бұйырды. Ғылым академиясының жатақханасынан аядай бөлмеге көшіп келдік. Алғашқы кездері кішкентай ғана бөлмеде тұрудың қиын болғаны рас. Бірақ бізді құшақ жая қарсы алып, сол бөлмеге орналасуымызға септігі тиген азаматтардың ағайындық әрекетіне бүгінде ризашылығымыз шексіз. Сол кездері ол кісілер туралы дәл осылай ойламаған едім. Қуықтай бөлмеге қамап қойды деп ренжідік те. Қазір ойлап қарасам, бір үзім нанын бөліп беруге дайын тұрған ағайынның бұл әрекеті бізге көрсеткен шексіз қамқорлығы, риясыз көңілі екен. Тәуелсіздіктің уығы енді ғана қадалып жатқан кезеңде, әрі қазіргідей көші-қон мәселесі реттелмеген, нарықтық экономика таңдалмаған, оны дамытудың тетіктері жасала қоймаған уақытта, оралмандар түгілі жергілікті тұрғындардың өздері де жұмыссыз болғандықтан, күнкөріс қамының қиын кезеңіне дөп келдік. Осындай қиын-қыстау кезде қайтадан кетіп қалуға да болатын еді. Бірақ біз елінің тәуелсіздік алуын жат жерде жүрсе де армандап өткен ұрпақтың балаларымыз. Ата-әжелеріміз туған жердің топырағына жетуді өмірбақи армандап кетті. Бабаларымыз аңсаған азаттыққа, тәуелсіздікке біздің қолымыз жетті. Ендеше, біздің бұл көрген қиындығымыз, ештеңе емес. Біз әлі-ақ аяғымыздан тұрып, қадам басып кете аламыз деген сенім болды. Өмірде қиындықтарды жеңу үшін бір шаруаны қолға алып, бизнестің көзін табу керектігін түсіндік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтың заңына үйренбеген елдегі ағайындар сауда-саттықты алыпсатарлықтан бастап, базарға шықты. Бұл жағдайды біз де бастан кештік. Еңбегіміз жанып, қолымызға біршама қор жиналғаннан кейін, өз кәсібімізді бастауды жөн көрдік. 1997 жылы «Мерхамитқызы» кәсіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылы жаңа өндіріс орнының негізін қаладық. Ұлдарымыз Еркебұлан мен Нұрсұлтанның есімдерімен үйлестірілген «Ерке-Нұр» компаниясы осылайша дүниеге келді.
– Естуім, сіздерде Сән орталығы да жұмыс істейтін көрінеді. Қазақтың сәнді ұлттық киімдерімен талай елді аралап, қатысқан бәйгелерден оза шауып, Еуропа, Шығыс Азия елдерін тамсандырып қайттыңыздар емес пе?
– Кәсіпорын жанынан 2004 жылдан бері «Ерке-Нұр» Сән театры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жаңа коллекциялармен толыға түсетін Сән театры ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы кезінде Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп, үлкен құрметке ие болып қайтты. Сондай-ақ, Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресейде өткен бүкіләлемдік сән өнері сайыстары мен фотомодель байқауларында «Ерке-Нұрдың» киімдері жүлделі орындарды иеленді. 2007 жылы «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» атанды.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы жұмысына қолдау көрсетуде компаниямыз Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. 2004 жылы 2 желтоқсанда Ассамблеямен бірлесіп Республика сарайында қазақ халқының және Қазақстан халықтарының ұлттық киім үлгілерінен алғаш рет «Атамекен көңіл сазы» деген қойылым жасап, көрермендер назарына ұсындық. Сонымен қатар, Ассамблеямен бірлесе отырып «Достық» үйінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, сән үлгілерін тарту еттік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі сән шеберлері арасында мұсылман қыз-келіншектерге арналған шариғат талабына сай, қазақы нақыштармен әрленген, заманға сай тігілген киім үлгілерін жасап шығаруға бастама көтерген еді. Бес айға созылған «Әсем киім – әйел көркі-2011» байқауының қорытындысы бойынша 22 киім үлгісін ұсынған сән театрымыз бас жүлдені иеленді.
– Компания тек өндіріспен ғана айналыспай, жаңа оқу орнын ашып, білім саласына да өз үлесін қосуда. Оқырманға түсінікті болсын, оқу орны жайында қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз...
– Мемлекеттің болашақ иелері жастар десек, мамандықты жетік меңгерген, көп тілді еркін игерген, әлемдік бәсекеге қабілетті, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Осы орайда «Ерке-Нұр» компаниясы 2007 жылы халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы колледжін аштық. Аталған оқу ордасы алты түрлі мамандық бойынша орта буын кәсіби-техникалық кадрлар дайындайды. Білім ордасын жұбайым Талғат Мамырұлы басқарады. Сондай-ақ кәсіпорын жанынан «Ерке-Нұр» – Шарапат» қоғамдық қорының құрылғанына аз уақыт болса да, қиналған жанның жанынан табылып, жетімнің басынан сипап дегендей, игі істерімен көпшіліктің алғысына бөленіп келеді. Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы мен колледжінде оралман жетім және тұрмысы төмен отбасынан шыққан жиырмадан астам студенттің тегін білім алуына, жатақханамен қамтылуына жағдай жасап отырмыз. Студенттердің Қытай Халық Республикасында қытай тілінен алған білімдерін тәжірибемен ұштап қайтуына көмек қолын созудамыз.
– Фарида Мерхамитқызы, елімізде жүргізіліп жатқан көші-қон саясаты жайлы не айтасыз?
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ мемлекет саясатындағы басты ұстанымдардың бірі шеттегі қандастарға қатысты болды. Сол кезде Ұлт көшбасшысы Елбасы Н.Ә.Назарбаев бауырларымызға құшағымыз ашық деп, әлемге жар салды. Содан бері Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында миллионға жуық қандасымыз елге оралу бақытына ие болды. Соның есебінен республика халқы бір жарым миллион адамға көбейді. Бұл, сөз жоқ, ұлтымыздың ұлы жетістігі. Осы жылдың мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Елбасының: «Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге біздің жан жүрегімізді сыздатуы керек... Туған елге табан тіреймін, көшіп келем деушілерге қашан да есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын» деген салиқалы пікірі Қазақстандағы этникалық көші-қон саясатының негізгі ұстанымына айналуы қажет деп ойлаймын. Шынында бұл салада қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Келген оралмандардың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы еңбек жасындағы адамдар болса, 41 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар үлесін құрайды, ал шамамен 5 пайызы зейнеткерлер. Білім деңгейі бойынша: 10 пайыздан астамы жоғары білімді, әрбір бесінші адамның, яғни 234 мың адамның арнаулы, 65 пайызының жалпы орта білімі бар.
Өкінішке қарай, көші-қон саласында келеңсіздіктер де жоқ емес. Бұл жөнінде Елбасы төртінші құрылтайда: «Бұл орайда бір нәрсені кәперде ұстаған жөн. Соңғы кезде берілген квота толмауда...» деп шеттен келетін қазақ көшінің баяулағанына өз ренішін білдірген болатын. Сондай-ақ Елбасы: «Кеңінен талқыланып қабылданатын жаңа көші-қон заңы қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюға тиіс...» деп қадап тапсырды. Шынында көші-қондағы күрделі жағдай дәл Елбасы алаңдаған осы мәселелерден туындап отыр. Алдағы уақытта бұл мәселелер де өз кезегінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен белсенді жұмыстары нәтижесінде оң шешімін табады деп ойлаймын.
– Сіздің бастамаңызбен, ұйымдастыруыңызбен «Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы ұйымының тұжырымдамасы» жасалғанынан хабардармыз. Тұжырымдама жасаудың қажеттілігі неден туындады?
– Мен қашанда қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге сергек қарауға тырысамын. Кәсіпкер болсам да саяси, мәдени оқиғалардан өзімше ой түйіп жүремін. Қытайдан көшіп келген күннен бастап, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастадым. 1999 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) іс-шараларына қатынасып жүрдім. Өзім де оралман болғандықтан, еліне оралған қазақтардың көкейкесті мәселелерін жақсы білемін. Содан болар, маған Ассамблея үлкен сенім артады.
«Ерке-Нұр–Шарапат» қоғамдық қорының есебінен «Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы ұйымының тұжырымдамасын» жасауыма себеп болған негізгі жағдайдың бірі – Көші-қон комитетінің тарап кетуі болды. Бұл жәйт, маған қатты әсер етті. Себебі, бүкіл оралманның қамқоршысы осы комитет еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы негізінен шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істейді. Осындағы оралмандардың тағдырын шешу – олардың басты міндеті емес. Ал көші-қон полициясына көп адам құжаттарын жөндеуге, болмаса жанын мазалаған өзекті мәселесін барып айтуға қорқады. Үкіметтің ресми органына барғанмен, оларға кіру оңай шаруа емес. Міне, осындай жағдайдың бәрін сараптап, ойланып жүрген болатынмын.
2003 жылдан бері ҚХА-ның мүшесі болғандықтан, биылғы жылы Ассамблеяның Астанада өткен сессиясында құрметті төралқалардың қатарында отырдым. Сол сәтте қатты толқып, өзіме қатал сынмен қарап: «10 жылдан бері Ассамблея мүшесімін, ал мен қандай жұмыс тындырдым? Елімнің, осы қоғамдық ұйымның өскенін, мәртебесінің биіктегенін көріп отырмын. Маған осы құрмет не үшін бұйырды?» – деп, елімнің алдындағы жауапкершілігімді сезіндім. Өзімнің азаматтық борышымды өтеп, оралмандар мәселесі бойынша жұмыс істеуге бекіндім. Содан өз қаражатыммен жұмыс тобын ұйымдастырып, 20 жыл ішінде оралмандардың қандай проблемалары бар, соған талдау жасадық. Яғни, тұжырымдаманы жасаудың негізі сол болды. Әсіресе, бұл қазақ мәселесі екеніне көзім жетті. Себебі, қазіргі таңда оралмандар Қазақстандағы халықтың 10 пайызын құрап отыр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Қазақстанға қоныс аударушылардың ағымы 2050 жылдарға дейін үздіксіз арта береді. Ендеше, қазақ халқының санының артуы бүгінгі күннің № 1 мәселесі десек, шетелдегі ағайын келе берсе демография да күшейетіні сөзсіз.
– Жасаған тұжырымдамаңыз қаншалықты қолдау тапты?
– Тұжырымдама тиісті мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға жолданған болатын. Құзіретті билік тармақтары тарапынан қолдау тапқандықтан ҚХА-мен бірлесіп дөңгелек үстел өткіздік. Қазір 2011 жылдың 20 шілдесіндегі Президент Әкімшілігі Басшысының қарарына сәйкес ҚХА-ның шеңберінде Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясын құру мәселесі қаралып жатыр.
Кеңестік кезеңде жергілікті ұлт өкілдері дінінен, тілінен және салт-дәстүрлерінен алшақтады. Оралман болса, рухани қаймағын жоғалтпаған қазақ. Осы тұрғыдан алғанда, тұжырымдама сырттағы, іштегі қазақтың өзара араласып, қалыптасып кетуіне жағдай жасайтын маңызды құжат. Әрқилы мемлекеттен келіп, тіл және басқа қиындықтарға ұшыраған оралманға қолдау көрсету де, олардың көкейкесті мәселелерін шешу де осы тұжырымдаманың еншісінде. Егер алға қойған мақсатымыз орындалып жатса, онда Елбасының елдің тұрақтылығын сақтау мен дамыту жөніндегі саясатына мысқалдай болса да қосқан үлесіміз болар еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.