Нысанның ашылуына арнайы келген «Самұрық -Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов еліміздің ең ірі мегаполисін энергиямен үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесіне үлкен мән берілетінін, ендігі жалғыз міндет осы қуат көздерін дұрыс пайдалану екенін атап өтті. «Түрксіб» қосалқы стансасы трансформаторлық қуатты 30 МВА-ға арттырады және Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған «Жас қанат» жаңа шағын ауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық схемасы» бағдарламасы бойынша қалаға қосылған «Қайрат» шағын ауданының негізгі бөлігін электрмен қамтамасыз етпек.
– Мемлекет басшысы осыдан он жыл бұрын алға қойған міндеттердің бірі Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау болатын. Бүгін қосалқы стансаның іске қосылуымен бұл мәселе толық шешілді. Ендігі міндет – осы қуат көздерін дұрыс пайдалану, өйткені жұмсалған 20 млрд теңгеден астам қаражат тиімді жұмыс істеуі керек. Естеріңізде болар, осыдан 10 жыл бұрын жарықты кезек-кезегімен апаттық жағдайда сөндіріп, электрмен орнықты жабдықтай алмайтынбыз. Бұл қаланың және бизнестің дамуына кедергі келтіріп, халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін. Енді бұл өзекті проблема толықтай шешілді деп айтуға әбден болады, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Саны жағынан 33-ші қосалқы станса іске қосылғаннан кейін, қаланы энергиямен жабдықтау картасы толығымен «жасыл түске» боялатын болады.
Сондай-ақ Ахметжан Есімов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қаладағы энергетикалық кешеннің орнықты дамуында үлкен маңызға ие «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-тың объектілерінде болып, жүктемені «Таулы қырат» қосалқы стансасынан «Ерменсай» қосалқы стансасына ауыстыру жұмыстарымен танысты. Бұл жоба «Таулы қырат» орналасқан аумақта лай көшкіні болған жағдайда, қосалқы стансаның қирау және тұтынушылардың электрден жаппай ағытылу қаупі туындауына байланысты іске асырылуда. Апатты жағдайларды болдырмау мақсатында жүктемені «Горный гигант» шағын стансасынан «Ерменсайға» ауыстыру туралы шешім қабылданғанын айта кеткен жөн.
Соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған «Ерменсай» қосалқы стансасы Алматы қаласында Қысқы Азиада – 2011 ойындарының өткізілуіне орайластырылып іске қосылған болатын. Мамандар жүктемелерді ауыстыру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін «Таулы қырат» қосалқы стансасы жойылатынын айтады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ