Аймақтар • 17 Шілде, 2018

«Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері өтті

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғам және мемлекет қайраткері, ұлағатты ұстаз, өткен ғасырдың орта тұсында осы оқу ордасына басшылық жасаған математик-ғалым Асқар Закариннің туғанына 110 жыл толуына арналып «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері болып өтті.

«Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері өтті

Салтанатты жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры, академик Ға­лым­қайыр Мұтанов Асқар Зака­риннің отандық жоғары білімді дамытуға қосқан зор үлесі жайлы сөз қозғады. Қабырғалы қай­­раткер ғылыми мектеп құ­рып, соңынан шәкірт ертті, оқ­у орнының халықаралық ғы­лыми байланыстарын дамытты, студенттік қалашықтың не­гізін қалады, механика-мате­матика факультетінің жаңа ғимаратын тұрғызды. А.Закарин гидробио­логия, ихтиология, метеоро­логия, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты денелер физикасы және басқа жаңа ка­федралардың, жоғары оқу орындары үшін біліктілікті арттыру факультеті мен философия-экономика факультетінің, сту­денттердің Мұхтар Әуезов атын­дағы әдеби бірлестігі мен «Жеті муза» қоғамының ашылуына мұрындық болды.

Асқар Закарияұлының ғалым, ұйымдастырушы және тұлға ретіндегі бейнесін оның бел баласы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физик-ғалым Едіге Закарин те­бірене еске алды. Профессор А.За­карин мемлекет қайраткері ретінде талай асудан өтіп, Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төр­ағасы, Қазақстан Үкіметі төр­ағасының орынбасары, Оқу-ағар­ту министрі, Сыртқы істер ми­нистрі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметтерін абыроймен атқарғанын тілге тиек еткен Едіге Асқарұлы алқалы жи­ынды ұйымдастырған универ­ситет басшылығына алғысын білдірді.

Жинақтың бас редакторы, академик Ғ.Мұтановтың алғы­сөзімен ашылған кітапқа Ас­қар Закариннің Мәскеуде жа­рық көр­ген іргелі ғылыми жұмыс­та­рымен қатар оның қазақ тілін­де талапкер жастарға арнап жазған «Геометрияның алғашқы ұғымдары», «Теңдеулер мен топтар», «Афиндік геометрия» сияқ­ты еңбектері, Эварист Галуа, Нильс Генрик Абель, Альберт Эйнштейн сынды ұлы ғалымдар жайындағы жазбалары енген. Жинақта сондай-ақ академиктер Өмірзақ Сұлтанғазин, Иса Байтулин, Зұлқайыр Мансұров және Төлеген Қожамқұловтың қайраткер туралы мақалалары, бел­гілі жазушы-журналист Қайсар Әлімнің «Заңғар Зака­рин» атты көлемді очеркі, ақын Серік Тұрғынбековтің есте­лігі, университеттің кафедра мең­герушісі Жетпісбай Бек­болат­ұлының «Парызға адал­дық» атты ғұмырнамалық баяны берілген. 

Қоңыр МҰҚАТАЕВА, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті