Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң – егін ек,
Бірнеше жылға мақсат қойсаң – ағаш отырғыз,
Ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс.
Осы бір нақыл сөздер «Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде» ата-аналардың қатысуымен болған іс-шараның мән-мағынасын терең ашып тұрғандай. Лицей оқушыларының «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына 20 шырша сыйлайық» деген бастамасын лицей директоры Юнус Гунеш қызу қолдап, ғимаратымыздың алдына 20 жас шырша көшеттері отырғызылды. Бұл іс-шараны өткізуде ата-аналар да белсенділік танытты. 20 жыл, 20 шырша символына сай болайық деп 20 ата-ана келді.
Есіктен кіргеннен олардың көңіл-күйлері өте жоғары екені байқалды. Себебі, бірнеше жылға мақсат қойсаң, ағаш отырғыз нақылының көкейге қонғаны сол, балаларынан лицейге, одан асып, гүлденген жас елордамызға керемет ескерткіш қалады. Және көршілес отырған №48 мектеп-лицейдің бүлдіршін-жеткіншектері үзіліс уақытында ойнап, демалатын көрікті орынға айналса, ауасының таза болуы – бәрі-бәрі көңілге қонымды, заманға сай әрі орнымен атқарылған жұмыс екені анық.
Қазақ үшін қай кезеңде де киелі мәселе болып қала беретін жауапты іс – бала тәрбиесі. Қыздарымыздың білімдегі жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай (2010-2011 оқу жылы бойынша 6 «Алтын белгі» иегері, 1 үздік аттестат, Халықаралық пәндер олимпиадасының 7 жүлдегері, халықаралық ғылыми жобалар жарысының 19 жүлдегері (9 алтын медаль), республикалық пәндер олимпиадасының 4 жүлдегері) десек, тәрбие бәрінен биік тұруы керектігі айтпаса да түсінікті. Айналамызды көгалдандыру мәселесін былай қойғанда, «ата-ана – ұстаз – оқушы» үштігі бірлесе отырып істеген осынау бір оңды іс-шара қатысқандардың бәріне де ерекше тебіреніс пен еңбек рахатын сыйлады.
Осындай орынды бастамалар жалғасын тауып, мектеп пен ата-аналар арасындағы байланыс үзілмесін. Ел мерейтойы құтты болсын!
Бақыт АЙТМУРЗИНА.
Астана.