18 Желтоқсан, 2011

Елбасымен – ертеңге!

562 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған

салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіне үн қосады

Жұрт тілегіне  сай мерейлі міндет Елбасының  ерен еңбегі арқа­сын­да  Қазақстанымыз бүгінде әлемге танылған мемлекетке айналғандығы әрқайсымыздың мерейімізді та­сы­татын зор мақтаныш. Тәуел­сіз­діктің 20 жылындағы  тамаша жетістіктер мен  ғажайып өзгерістерге тікелей куәгер жанның  бірі ретінде  кеудемді   әр­дай­ым үлкен қуа­ныш сезімі кернейді. Осы кезең жарқын бола­шақ­қа бастап, дамудың жаңа са­ты­сына  берік негіз қалауымен ерекшеленсе, Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаев  торқалы тойға ар­нал­ған сал­танатты жиналыста  сөйлеген сө­зін­де таяудағы міндеттердің бұған дейінгіден де биіктігін атап айт­қандай, жасампаздықтың құлашы серпіле бермектігі әрбір азаматтың жігері мен сенімін өрлете түсуі тиіс. Мен құрылысшы ретінде  осы са­ладағы  істердің бел ортасынан та­былып жүргенімді көңіліме мерей тұтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылудағы жұмыстардың   аса ауқымдылығына қанықпын. Нұрсұлтан Әбішұлы  өз сөзінде  алға тартқандай,  2005-2007 жылдарда ғана елімізде 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Бұл ретте біздің облыс алдың­ғы саптағылардың  бірі болып табы­латындығын айта аламын. Қараған­дының «Көгілдір тоған» аталатын және Оңтүстік-шығыс бөлігі бүгінде мыңдаған қоныстанушылардың   құт­ты мекені. Тұрғындардың үй жағ­дайларын жақсартуы аудандар ор­талықтары мен ауылдарда  да қарқынды деуге болады. Соңғы екі-үш жылда 40 мыңнан астам отбасының баспаналы болуы соған айғақ. Ең бір сүйініштісі, бұлардың басым бөлігі жас отаулар. Олар  мемлекеттік бағдарлама арқылы шаңырақ тіксе, сондай-ақ  жалға алу, несиелік жолмен иеленушілер де аз  емес. Бұған дейін тұрғын үймен қам­тамасыз етілу қиындығымен бірге балабақшаның жетімсіздігі  күрделі мәселе саналып келгендігін айт­пас­қа болмайды. Қазір бүлдіршіндердің аталған мекемелерге  қамтылуы 80 пайыздан асып отыр. Ал алдағы екі жылда ата-аналардың жеткіншектерін қалаған балабақшаға еш қиын­дықсыз орналастыруға мүмкіндігі бар. Тұңғыш Президентіміз Н.­Ә.На­­зар­­баев әр адамның 5, 10 және 20 жыл­дан кейін қол жеткізетін әл-ауқа­ты­ның нақты көрсеткіштері белгіленуі қажеттігін, соның ішінде, тұрғын үй саясаты қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мә­селелері қатарында екенін атады. Мұның өзі халықтың ең көкейкесті тілегінің орындалуына кең жол ашады деген сөз. Құрылысты өрістету азаматта­ры­ның мүддесін басты мұрат еткен елі­міздің даму бағытын көрсетеді. Тұр­мысқа қолайлы үй, есігі ашық ба­ла­бақша жұрт көңілін  өсірерлік қуа­ныш. Сондай жағдайлар  жасауға    мем­лекеттік аялы  қамқорлықтың  ке­ңейіп, күшеймектігі  баршамыздың ризалығымызды тудырады. Төлеген ӘШІМОВ, «Аспап» ЖШС  директоры. Қарағанды.   Даму салтанаты Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ар­нал­ған мереке республикамыздың бар­лық өңірінде дүрілдеп өтті. Еліміздің бас қа­ласы – Астанада 3 мың адамның ба­сын қосқан келелі кеңестің салтанаты тым ерекше болды. Онда еліміздің жиыр­ма жылда жеткен жетістіктеріне және алдағы міндеттерге тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін теледидардан мұқият тыңдадым. Жас тәуелсіз елді экономикалық дағдарыс­тан шығарып, дамудың даңғыл жолына салудағы ғаламат істердің көш басында болған Нұрсұлтан Әбішұлы тарих үшін қас-қағымдай уақытта жеткен жетістіктерімізді талдап айтып берді. Расында, жиырма жыл бір елдің ба­сы­нан өткен осынша өзгерістер үшін тым аздық етер еді. Қазақстан қам­шы­ның сабындай қысқа уақытта бүкіл әлем­ге танылды. Елімізде өмірдің бар­лық саласы да таңқаларлықтай жыл­дам­дықпен дамыды. Өзім дәрігер бол­ған­дықтан Президенттің денсаулық сақ­тау саласы туралы айтқанына көбі­рек зейін қойдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік салтанатта сөйлеген сө­зін­де еліміздің денсаулық сақ­тау жүйесі түбегейлі өзгерді деді. 1991 жылмен салыстыр­ған­да осы бір әлеуметтік шешуші саланы қаржыландыру көлемі 107 есе өсіп, ол үсті­міздегі жылы 640 миллиард теңгеден асты. Осы қаржы­ның қалай игеріліп, қалай ел игілігіне асып отыр­ғанына өзіміз куәміз. Мамандығым дәрігер болғандықтан денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен жетістік­тер­дің барлығы да көз алдымда. Бұрын жүрегі ауыратын жандарға күрделі операциялар тек шетелдерде жасалатын. Қазір олар облыстық ауруханаларда жасала береді. Шалғай ауылдардағы, шет аудандардағы ауруханалар мен емха­на­лар­ға дейін тегіс жөндеу жұмыс­та­ры­нан өтті және олар заманауи озық ме­дициналық құралдармен жабдықталды. Мысалы Қостанай облысының өзінде осы салаға арнап бірнеше жаңа ғима­раттар салынды. Аудандағы дәрігерлер медициналық кәсіптік кеңестер алу үшін бұрынғыдай облыстық ауруханаға ат сабылтып келмейді. Біраз аудандарда облыстық ауруханаға тікелей байла­ныс­қа шығаратын бейнеқондырғылар бар. Заманауи шетелдік аппараттар мен құралдардың ар­қа­сында науқас жандар шы­бын жаны шырқырап, кеудесін сүйретіп алысқа бар­май­ды. Оларға жергілікті жерлерде анық диагноз қоюға мүм­кіндік жетеді. Ғажап емес пе? Осы жұмыстардың бар­лы­ғы да мамандарсыз шешімін таппақ емес. Сондықтан медицина мамандарын дайындауға аса зор көңіл бөлініп отыр. Жиырма жылдан бұрынғы көріністі біз де ұмытқанымыз жоқ. Медици­на­ның ғажайып мүмкіндіктерінен кейін қалған едік. Бұл күнде аудандардағы, ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттерде «жедел жәрдем» көліктері бар. Ауыл адамдары ауырып-сырқа­ған­да осы көліктің арқасында оларға ал­ғашқы медициналық жәрдем көрсе­ті­ле­ді, қажет болғанда науқас ауруханаға жеткізіледі. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Ден­саулық» пойызы сапалы медициналық қызметті алыс ауылдар үшін де қол­жетімді етуге көп үлес қосты. Біздің Қостанай темір жол ауруханасы осы игілікті іске атсалысып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев тек денсаулық сақтау саласы ғана емес, Қазақстанның жалпы жеткен жетістіктеріне де кеңі­нен тоқталды. Өндіріс, экономика да­мымай әлеуметтік сала да кенже қалатыны рас. Сондықтан еліміздің жан-жақты дамуын қазір әрбір қазақ­стандық тілеп отырады. Бұрын тәуір зат болса ол елімізде емес, тек шетелде өндіріледі деп білуші едік. Ал қазір Қазақстан кәсіпорындарының өнімдері әлемнің 126 еліне белгілі екенін айтып өтті Президент. Салтанатты жиналыста Президентіміз ескерткендей, жас тәуелсіз елдің алдында шешімін күткен талай істер бар. Халықтың денсаулығы – ұлттың, мемлекеттің болашағы. Таза су, құнар­лы топырақ адам денсаулығының қай­нар көзі. Президент осы мәселелердің жаһандық өзектілікке айналғанын ескертті. Мұның барлығы тәуелсіздігін осыдан жиырма жыл ғана бұрын алып, кемесін толқынға түзеген жас мемлекетке де салмақ түсірері хақ. Адамдар денсаулығын сақтау тек медицинаның ғана шаруасы емес, ол жұмыла кірісер ортақ мәселе. Салтанатты мінберден сөйлеген Елбасының сөзі мені осындай ойларға жетеледі. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, Елбасымыз бастаған айдынды болашаққа дамудың даңғыл жолымен жылжи береміз. Мәрзия ЕСҚАЗИНА, Қостанай темір жолы ауруханасы  бас дәрігерінің орынбасары. Қостанай.   Бұқаралық спортқа кең өріс ашылады Елбасымыздың баяндамасын ыж­­дағатпен тыңдағанда Отанымыз ба­ғындырған белестер көңіл мар­қайт­ты. Біздің мемлекет, біздің ел әлем­дік дағдарысты көптеген өркениетті елдермен салыстырғанда жеңіл өт­кізді. Дағдарыс жалғасқан жағдайда да Қазақстанның жерге қарайтындай жағдайы жоқ. Ұлттық қоры­мыз 80 миллиард долларға жу­ықтап қал­ған. 1993 жыл­дан бері жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнім 16 есе өсіпті. Дүние жү­зінде Отанымыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер санатына енді. Бұны біз өз өмірімізден көріп отырмыз. Оңтүстік Қазақстан облы­сында аздаған жылдар ішінде қы­рық-елу жылдарда ғана  мүмкін болатындай нысандар салынды. Үш миллионға жуық халқы бар облыс орталығында цирк сарайы болмаған еді, Тәуелсіздіктің тойында оған да қол жеткіздік. Қазақстан азаматта­рының ешқайсысы сыртқа қаңғып, жұмыс іздеп жүрмегенінің өзі біздегі жағдайдың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман екендігін аңғартса керек. Елбасыға спортшылар қауы­мы­ның алғысы мол. Қазір облыста 4649 спорт ғимараты бар. Биыл Шымкентте жабық жеңіл атле­ти­ка­лық манеж пайдалануға беріліп, ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Бұл республика бойынша жүгіру жолының ұзақтығы 200 метрлік бірыңғай жеңіл атлетикалық манеж. Құдай қаласа, шымкенттік спорт­шы­лар 720 орындығы бар, ірі жарыстар өткізуге арналған жабық бассейнде жаттығатын болады. Абай саябағын­да Халықаралық теннис корты пай­да­лануға берілмек. Облыс әкімі Ас­қар Мырзахметовтің қолдауымен Төле би ауданының тау қыратында орналасқан “Бәйшешек” спорттық-сауықтыру кешеніне облыстық бюджеттен 153 млн. теңге бөлініп, ойын және бокс, күрес залдары бар үлкен кешен іске қосылды. Осының бәрі тек шымкенттік спортшы­лар­дың ғана игілігі емес, республи­ка­мыздағы барлық спорттық құрама­лардың оқу-жаттығу өткізетін ны­сандары. Тәуелсіздіктің арқасында біз осындай жетістіктерге жеттік. Ел­басымыз баяндамасында денсау­лық сақтау жүйесінің түбегейлі өз­гер­гендігін айтты. Бағдарламада елде дене шынықтыру мен спортты және біздің азаматтарымыздың сала­мат­ты өмір салтын дамытуын ұзақ мерзімді шаралары қарастырылуы тиіс деп атап көрсетті. Денсау­лық­тың үлкен кепілі – спорт. Елімізде бұқаралық спортты жандандыруға ба­рынша қолайлы жағдайлар туғы­зы­лып жатыр. Ал, бұл дегеніңіз, ұрпағымыз дені, тәні сау, мықты бо­лып өседі дегенді білдіреді. Болат ҚЫРЫҚБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы спорт және туризм, дене шынықтыру басқармасының бастығы. Шымкент.   Елімізге тіреу боламыз Азаттықты аңсаған қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ел есінде қалатындай атап өтті. Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін біз ынта қоя тыңдадық. Бұл – байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Бабалар арманын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той. Ендеше баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен – Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын деген Елбасының жүрекжарды сөзін естігенде өзім де қатты тебірендім. Мен осыдан 25 жыл бұрын Тарбағатай ауданының Тұғыл кентінде дүниеге келдім. Орта мектепті бітірген соң елімізге құрылысшы, инженер, техник қызметкерлерін әзірлейтін Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің сәулетші-құрылыс факультетіне оқуға түстім. Елбасының қамқорлығы нәтижесінде тегін оқу, яғни грант бойынша білім алып шықтым. Оқуды үздік бітірген соң жоғары оқу орнының басшылары мені осы қасиетті шаңыраққа қызмет етуге шақырды. Еліміздің 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстары тіпті өркениетті елдердің өзіне үлгі боларлықтай десем, артық айтқандық емес шығар. Бір ғана мысал. Елбасы өз баяндамасында «Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллар болса, бүгінде біз 11 мың доллардан астам көрсеткішке жетіп отырмыз. Бұл көрсеткіш өсім 16 есе деген сөз. 2010 жылдан бастап үдемелі-иннова­циялық индустрияландырудың кезеңі басталғаны белгілі. Тек Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда ғана 30-дан астам инновациялық жобалар жүзеге асты. Өскемендегі түсті металлургияның алыптары – «Казцинк», «Титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургия зауытында» индустриялық-инно­вациялық жобаларды өндіріске енгізу нәтижесінде жаңадан мыңға тарта жұмыс орны ашылды. «Казцинк» ЖШС екі жаңа зауытты пайдалануға берді». Елбасының «Еншімізге бұйырған ерен бақыт» деген баяндамасында Қазақстанда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару қажеттігі жөнінде де өз ойларын білдірді. Біздің тех­никалық университет жылына өндірістің әр сала­сында еңбек ететін жүздеген мамандарды әзірлеп шығарады. Қазақстанның 20 жылдағы қол жеткен табыстары ерекше. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Қысқы Азия ойындарын өткізіп қана қоймай, онда қарыштап алға басып келе жатқан Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты алып мемлекеттердің спортшыларын шаң қаптырып, бірінші орынды жеңіп алуы шынында да зор бақыт. Бас-аяғы он шақты жыл ішінде Арқаның төсінде әсем де асқақ Астананы тұрғызудың өзі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерлігі мен өрлігі болса керек. Астанада бой көтерген «Астана-Арена» стадионы, аспанмен тілдескен зәулім тұрғын үйлер, сәнді ғимараттар көздің жауын алады. Тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде сайын да­ланың төсінен бой көтерген ару Астана біздің мақтанышымыз. Қазақстан болашағы – жастарда. Елімізде ын­тымақ пен татулық, бейбітшілік салтанат құра берсе, ертеңгі күніміз де мерейлі болмақ. Қазақстанды мекендеп жатқан жүзден асқан ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағы жараса берсе, гүлденген Қазақ­станның алар асуы еңселене бермек. Дархан ҒЫЛЫМБЕКҰЛЫ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті өндірістік-техникалық бөлімнің инженері.   Жастарға білімділік жарасады Мен ел Тәуелсіздігінің құр­дасы болғанымды мақтан етемін. Қазақстанның азат ойлы ұрпағының бір өкілі ретінде алаңсыз есейіп, ержетіп келемін. Шыны керек, бастапқыда әскери мамандықты таңдамап едім. Жергілікті ауыл мектебін бітіргеннен кейін экономист бо­луды армандап, облыс орта­лы­ғындағы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң аңсарым «офицер атансам, өмір бойы еліме, халқыма қызмет етсем» деген ішкі ұмтылыс пайда болды. Қиындығы да, ерекшелігі де мол мамандықты түп­кілікті қалауыма Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың жас­тар­ға арнап сөйлеген сөзі кереметтей әсер етті. Сендерге қайда оқи­мын десеңдер де жол ашық. Мемлекет ол үшін барлық жағ­дайды жасап отыр. Мен бүгін­гінің жастарына сенемін, деген еді. Осыдан кейін офицерлер сапында тұруға бел будым. Қазір үздік оқимын. «Алтын белгіге» үміткерлердің бірімін. Президентіміздің әр сөзін үл­кен ықыласпен тыңдаймын. Тәу­елсіздігіміздің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында жа­саған баяндамасын бүкіл курсанттар болып тыңдап, үлкен әсер алдық. Еліміздің экономи­ка­сы­ның жоғары қарқынмен өркен­деп, өз даму жолымызды нық таңдап алуымыз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бастауымен саяси, экономикалық реформалардың жүзеге асуы кеудемізге мақта­ныш сезімін ұялатты. Жеткен жетістіктеріміз, әлемдік қоғам­дастық алдында зор беделге ие болуымыз – халықтар арасында берік достықты, түсіністікті қа­лыптастыра білуіміздің арқасы. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шы­сы алдағы атқарылатын ұлан-ғайыр міндеттерді де белгілеп берді. Бәріміздің алды­мызда бір ғана міндет тұр, ол – мемлекеттілігімізді одан әрі беріктендіре түсу, жұртшылық­тың алаңсыз жұмыс істеп, тұр­мыс-дәулетінің арта түсуін қам­тамасыз ету. Бұл орайда, ортақ іске жұмылудағы жас­тардың рөлін ерекше атап өтті. Уақыт бізге – жас ұрпаққа осындай аманат жүктеп отыр­ға­нын айқын сезінеміз. Азат­тық­тың, еркіндіктің қандай қиын­дық­тармен келгенін жете түсі­не­міз. Біз Елбасының әр сөзін болашаққа нұсқаған аманаттай қабылдаймыз. Қай салада жүрсек те, жүрегіміз ел, Отан деп соғады. Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тамаша сөз бар. Ауызбірлігіміз, ынтымағымыз мық­ты болса, алмайтын асуы­мыз, жеңбейтін қиындығымыз болмайды. Өйткені, Қазақстан – ортақ үйіміз. Бөлісе алмайтын ештеңеміз жоқ. Әркім өзіне жүктелген тапсырманы бар ынта-жігерін салып сапалы орындаса, тірнектеп жиналатын табыс осылай құралады. Президенттің әр сөзі менің құлшынысымды арттырып, жақ­сы оқуға, қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласуға әркез жігерлендіріп отырады. Өзім институт бойынша 2010-2011 жылғы оқу маусымының үздік курсанты атандым. Ғылыми жұмыстар байқауында «Жаппай қырып-жою қаруынан қор­ғану» пәнінен бірінші орынды иелендім. Дене шынықтыру, жауын­герлік дайындық жа­ғынан да алда жүруді міндет санаймын. Еркебұлан ЕРСАЙЫНОВ, ІІМ ішкі әскерлері Петропавл әскери институтының курсанты. Солтүстік Қазақстан облысы.