16 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында келеңсіз жағдай орын алды. Орталық алаңда мерекелік шаралар өтіп жатқанда бір топ жастар алаңға тігілген киіз үйлерді, мерекелік сахнаны және жаңажылдық шыршаны қиратып, іс-шараның одан әрі өтуіне кедергі келтірді. Халыққа көтеріңкі көңіл-күй, ән-жыр сыйлағалы тұрған қызметкерлерге жазықсыз жәбір көрсетті. Олардың жалпы саны алғашқы мыңдықтан бес мыңға дейін жеткенде тәртіпсіздік одан әрі етек алып, құқық қорғау органдарына да қарсы әрекеттер жасалды. Түрлі сом темір, суық қарулармен, тіпті, мылтықпен қаруланған топ қалалық әкімдік үйін, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кеңсесін, бес жұлдызды «Аруана» қонақ үйін қиратып, отқа орантты. Жеке азаматтардың 42 дүкені, екі тұрғын үй, қаладағы ірі сауда орындары, «Шолпан», «Атланта», «Технодом», ондаған банкоматтар өртеніп, қиратылып, дүние-мүлік, азық-түліктер талан-таражға түсті. Полиция қызметкерлеріне тәртіпсіздікті тоқтатып, адамдарды қорғау мақсатында қару қолдануға тура келген. Соның нәтижесінде алаңдағы, көшелердегі қақтығыстар салдарынан 10 адам қаза тауып, 70-тен астам адам жарақаттанды. Оқиғаның өрши түскені сол, тіпті кейбір азаматтардың автокөліктері тоқтатылып, өздері тоналды, деді журналистермен әңгімеде облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Т.Мұсаханов. Қалалық ауруханада болғанымызда жарақат алып түскендерге тиісті көмек өз дәрежесінде беріліп жатқандығына куә болдық. Ол жұмыстар жайлы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы С.Мусинов мырза жарақат алғандарға тиісті көмек беру үшін Астананың өзінен 18 дәрігер келгендігін, жарақат алғандар үшін қажетті дәрі-дәрмектер де, мамандар да жеткілікті екендігін айтты.
Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, облыс басшысы Қ.Көшербаев бастаған топпен бірге кеше Жаңаөзенде болғанымызда басшылардың күндіз-түні ұйымдастыру, көмек көрсету шараларымен айналысып, халықтың амандығы мен елдің тыныштығын орнықтыру үшін жұмыстар жүргізуде екендігін байқадық. Және де облыс басшысы бұл істе ішкі істер басқармалары қызметкерлерінің жанқиярлық еңбектерін атап көрсетті. Жарақат алғандарға тиісті көмек берілуде екендігін жеткізді. Дәл қазір халықтың тыныштығын сақтау үшін барлық жағдайлар жасалғандығын айтты. Қазір қоғамдық тәртіпті бұзған 100-ден астам жастар ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Мұнайшылар ордасы атанған Жаңаөзен халқы бүгіндері осындай қиын сәттерді бастан өткеріп отыр. Бізбен кездескен тұрғындар ақ тілектері ел тыныштығы екендігін білдіріп, алдағы күндерден тек қана жақсылық күтуде. Оларға біз де соны тілейміз.
Жоламан БОШАЛАҚ,«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.