Облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстың 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2010 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді. Оған қала және аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек және соғыс ардагерлері қатысты. Тағы бір тарихи жылды артқа қалдырып, еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Өткенімізді саралап, алдағы мақсатымызды айқындар сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы халқымыздың рухын көтеріп, болашаққа сенімін орнықтыра түсті, деп бастады өзінің есепті кездесудегі сөзін өңір басшысы.
Тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткен жетістіктерінде ақтөбеліктердің де үлесі зор. Ақтөбе облысы – экономикада және әлеуметтік мәселелерді шешуде еліміздегі көшбасшы өңірлер қатарында келеді. Өткен жылы облыс экономикалық даму көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізді. Мысалы, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 105,6 пайыз, жалпы өңірлік өнім 104 пайыз құрады. Бұл еліміздің орташа көрсеткішінен едәуір жоғары.
Облыс басшысы одан әрі “Ынтымақ ырысыңды тасытады” деген халық даналығын еске сала келіп, ел бірігіп, ерлік жасағанын тілге тиек етті. Егер ақтөбеліктер қазіргіден де ұйысып, ұжымдаса түссе, алар асу бұдан да биік, бұдан еңселі боларына, облыс осы қарқынын үстемелей түссе 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын бірінші бес жылдықта орындап шығуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Әрине, Елеусін Наурызбайұлы мұны арзан бедел жинап қалу үшін айтпағаны белгілі. Оған облыста қол жеткен табыстар да берік негіз қалайды. Өткен жылы мұнай өндіру 5,2 пайыз, ілеспе мұнай газы 1,2 есе, мыс кені 12,3 пайыз, мыс концентраттары 1,2 есе, хром рудасы 11,2 пайыз, хром концентраттарын өндіру 5,2 пайыз артқан. Облысымыздағы ең ірі мұнай өндіру компаниясы – “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы көмірсутегі шикізатын өндіруді 6 млн. 50 мың тоннаға жеткізген.
Облыс басшысының айтуынша, өткен жылы экономикадағы тұрақтылықты сақтап қана қоймай, дағдарыстан неғұрлым жаңарған және бәсекеге қабілетті экономикамен шығу жөніндегі Елбасы тапсырмасы жүзеге асырылған, экономиканы жаңғыртудың жаңа жолдары игерілген. Күрделі кезеңнің ауыр салмағына қарамастан, жалпы құны 260 млрд. теңгеден астам қаржыға 240-қа жуық өндірістік және әлеуметтік нысандар іске қосылыпты. 2009 жылы алғаш рет өңір экономикасын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 300 миллиард теңгелік шептен асып түскен. Тұрақты дамып келе жатқан облыс экономикасына инвестиция салуға ықылас білдірушілер қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде.
Есепті кезеңде пайдалануға берілген индустриялық-инновациялық жобалар ішінде өзінің маңыздылығы жағынан ерекшеленетін күйдірілген хром шекемтасы (окатыш) фабрикасы және ұсақ класты руда байыту фабрикасының екінші кезегі, ұялы бетон бұйымдарын шығару зауыты, “Кеңқияқ-Құмкөл” мұнай құбыры, әуе қозғалысын басқаратын заманауи Орталық және тағы басқалары бар.
Мемлекет басшысы кезінде қазақстандық мазмұн аясында отандық тауар өндірушілерді қолдауды қадап тапсырған болатын. Облыстың ірі кәсіпорындарымен іскер байланыстар жасау арқылы инвестициялық жобаларда қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға бағытталған 38 меморандумға қол қойылып, жалпы құны 263 млрд. теңгеге келісім-шарт жасалған. Отандық кәсіпкерлерден нақты тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алу 161 млрд. теңге құраған.
Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген облыс кәсіпорындары халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған ізгілікті істерін қиын кезеңде де үзген жоқ. Есепті кезеңде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарын салуға және қайта жарақтандыруға миллиондаған теңге бөлініпті. Облыс басшысы осы бағытта “СНПС Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы, “Қазақ Ойл Ақтөбе”,“Транс Мост Групп”, “Наурыз СИМ” ЖШС-лері ерекше белсенділік қөрсеткенін, республикалық “Парыз” конкурсының жеңімпаздары атанғандарын атап өтті. Олардың ісі бизнесте табысқа жетуге ұмтылған басқа компанияларға үлгі болуы тиіс екендігін еске салды. Бәсекеге қабілетті, отандық сапалы өнім шығаруда республикалық “Алтын сапа” конкурсына қатысқан “Казхром” акционерлік қоғамы да жеңімпаз болды.
Елеусін Наурызбайұлы облысымызда Елбасының “Жол картасы – 2009” бағдарламасының жүзеге асырылуы жайлы да әңгімеледі. Осы бағдарлама аясында және облыс аумағында жаңадан іске қосылған мекеме, өндіріс орындары есебінен барлығы 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
Елбасы сөзімен айтсақ, экономиканы әртараптандырудың өзегі, қозғаушы күші кәсіпкерлік болып табылады. Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға үнемі жағдай жасалып келеді. Соның бір дәлелі – бизнесті қолдау үшін 77 млрд. теңге қаржылық-несие көмегі берілгендігі деу орынды. Осындай қолдау-көмектің нәтижесінде субъектілер 4,5 пайызға, оларда жұмыс істейтіндер 103 пайызға, ал өндірілген өнім көлемі 105 пайызға артқан. Шағын және орта бизнес субъектілері 152 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті.
Жолдауда экономиканы әртараптандырудың тағы бір маңызды сегменті – агроөнеркәсіп кешенін дамыту екені атап көрсетілген. Өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға мемлекеттік қаржы алдыңғы жылға қарағанда 1,5 еседей артық беріліп, ол 9 млрд. теңгені құрапты. Соның нәтижесінде, мал шаруашылығында өнім өндіру көлемі мен мал саны артқан. Ақтөбе қаласы аймағында азық-түлік белдеуі жасалуда. Әрине, бұл бағытта әлі де көп шаруалар жасалуы тиіс. Сапалы өңдеуді меңгеру қажет. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін елді мекендерге жол қатынасын жақсарту қажеттігін де жасырмаған жөн. Әрине, аталған бағытта былтыр айтарлықтай жұмыс атқарылды. Миллиардтаған теңге қаржы жұмсалды.
Жердің шетінде, желдің өтінде жүріп, ауылдың түтінін түтетіп отырған халықтың тұрмысын жақсарту бағытында да біраз шаруалар тындырылыпты. Алыс елді мекендерге газ жеткізу күн тәртібіндегі өзекті мәселе екені сөзсіз. Дегенмен, облыста оның да түйінін шешудің сәтті қадамдары жасалуда. Соңғы алты жыл ішінде 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, облысымыздың 50-ден астам елді мекеніне газ жеткізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Мәселен, 2011-2015 жылдары 77 елді мекенге газ тартылады. Бұл жұмыстың жалпы құны – 41 млрд. теңгені құрайды.
Ауылдың таусылмайтын жырының бірі – ауыз су екені белгілі. Соңғы алты жылда “Ауыз су” бағдарламасы бойынша 71 елді мекенге су құбыры жүргізіліп, 53 ауылдың тұрғындарын сумен жабдықтау жақсартылған. Осы мақсатта 7 млрд. 300 млн. теңге жұмсалыпты. 2010 жылы да бұл үдеріс жалғасады. Өңірде жыл өткен сайын халықтың тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Облыста жұмыссыздар саны 6,4 пайыздан 5,9 пайызға төмендеді. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі қазір 6 пайыз шамасында, яғни республикалық деңгейден екі есе төмен.
Соңғы бес жылда 1 млн. 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. 70 мың адам жаңа қоныс тойын тойлады. Бұл қарқын 2010 жылы да бәсеңдемейді, деді облыс басшысы.
Ол құқық тәртібі және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін де айналып өтпеді. Аса ауыр қылмыстың азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Демек, осы мәселелерде алдын алу жұмыстарын неғұрлым белсендірек жүргізу қажет. Жолдауда көрсетілгеніндей, құқық қорғау қызметіндегі екпін ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекет мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс екендігін қадап айтты.
Ол сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамыту барысына да тоқталды. Соңғы бес жылда оларды қаржыландыру жыл сайын 20-30 пайызға өсіп отырыпты. Облыста үстіміздегі жылы мектепке дейінгі балалар мекемелері жүйесін кеңейтіп, оларда балаларды қамтуды 80 пайызға жеткізу көзделуде.
Облыс әкімінің есебінде президенттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қыруар шаруалар қолға алынып, сәтті аяқталғаны, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына әзірлік, бұқаралық спортты дамыту, 12 жылдық білім беру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселелері таратып айтылып, тартымды баяндалды. Елеусін Сағындықов есепті баяндамасын таза қазақ тілінді жасап, ара-тұра орысша түсінік беріп отыруы да көңілден шықты. Бұл мемлекеттік тілді төрге шығарудың бір үлгісіндей болды. Облыс басшысы өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындап шығуға әлеуметтік-экономикалық қуатымыз бен рухымыз жетеді деп сенімді қорытындылады.
Облыс әкімінің есепті кездесуінде сөз алған СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ бас директорының орынбасары Жеңіс Сейітмағамбетов өңірдегі мұнай өндіру мәселелеріне тоқталса, Қарғалы ауданындағы “Степное” ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Аманғос Телеуов ауыл шаруашылығында жаңа техника мен озық технологияны пайдалану қажеттігін сөз етті. Еңбек ардагерлері Бекет Есенжолов, Мақсот Балғынов, “Бейбітшілік пен келісім” қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов облыстағы атқарылған істерді оң бағалады. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Гүлдәурен Мүсірова жастар мәселесінің оң шешіліп отырғанын нақты мысалдармен дәйектей келе, облыс басшысының жастарды қолдаудағы іс-әрекетіне ризашылығын білдірді.
Облыс әкімі Елеусін Сағындықов залдан түскен сұрақтарға да іркілмей жауап берді. Көптеген сауалдарға қатысты жауаптың баяндамада қамтылғанына қарамастан, бірқатар мәселені сол бойда шешті, ал кейбіреулерін бақылауда ұстауға уәде берді, қайсыбіріне жауап беруді тиісті орындарға тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ МОЛ
Қызылжар өңірі жұртшылығының өткен жылға өкпелеуінің еш реті жоқ. Қаржы қиындығы жан-жақтан қанша қысса да, Елбасының дағдарыстан шынығып, ширығып өтеміз деген сөзін есте ұстаған солтүстікқазақстандықтар ерекше серпінмен еңбек етті. Астықтан рекордтық өнім жиналды. Сүт пен жұмыртқа өндіруден алдыңғылар қатарында. Ауыр өнеркәсіп жақсы дамып келеді. Тау-кен өндірісіне инвестициялық жобалар енгізіліп, қомақты қаржы салына бастады.
Қызылжар өңірі десе, көз алдымызға алдымен астықты аймақ, егіс танаптары, тау-тау үйілген қызыл дән елестейді деушілер көп. Оған таласымыз жоқ. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі облыстың ішкі әлеуеті өте зор. Жолдаудағы экономиканың аграрлық секторын жандандырып қана қоймай, ауыл үшін өсудің перспективасы еңбек өнімділігінің артуына түседі деген Елбасы сөзін жауапкершілікке жігерлендіретін міндет деп түсінген түрлі сала өкілдері облыс әкімі С.Біләловтің тұрғындар алдындағы есебін тыңдау үшін Погодин атындағы орыс драма театрында өткен облыстық мәслихаттың кеңейтілген мәжілісіне жиналды.
– Елбасы агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің іргелі міндеттерін белгілеп берді. Соған орай алда өндірісті әртараптандыра отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді ұйымдастырудың көптеген шаралары күтіп тұр, – дей келіп, Серік Сұлтанғазыұлы мал шаруашылығын да серпінді өркендетудің толғағы жеткенін қадай айтты. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 238 миллиард теңгеге жетіп, 2008 жылмен салыстырғанда 114 пайызды құраған. Жыл өткен сайын бұл салаға бөлінетін демеу қаржы мөлшері өсіп келеді. Петропавл бройлер фабрикасы өнімді жұмыс істей бастады. Мұнда қалдықсыз өндірісі бар осы заманғы сою цехы пайдалануға беріліп, инкубатор құрылысы басталды. “Баско” фирмасының құс фабрикасы мен шошқа кешені табысты салаға айналды. “Тайынша-Астық” ЖШС-дегі сүт кешеніне шетелдің сүтті сиырлары әкелінді. “Зенченко және К” командиттік серіктестігінде үш сүт фермасы жұмыс істейді. Бәрі озық технологиялармен жабдықталған. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі артып, қоғамдық мал саны көбейді.
Бұрындары облыстың атақ-даңқы ауыр өнеркәсібімен де әйгіленетін. Өткен шақпен сөйлеуіміздің сыры құпия болмаса керек. Одақ ыдырағаннан кейін әскери қорғаныстағы кәсіпорындардың берекесі кетті. Конверсиядан өтіп, бейбіт мақсатқа бейімделгенше алтын уақыт зымырап өте берді. Елбасы облыстағы жұмыс сапарларын әркез ауыр өнеркәсіптің тыныс-тіршілігін білуден бастайтын. Төрт аяғынан тұралап қалған тұлпардың күйін кешкен сала мемлекет қаржыландырғаннан кейін ғана оңала бастады. Сөйтіп, өнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім қамтамасыз етілді. 2009 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 77 миллиард теңгені құрап, оның алдындағы жылға қарағанда 5 пайызы өсті. Осы мерзім ішінде 1,2 миллиард теңгенің 5 инвестициялық жобасы жүзеге асты. Жаңа кәсіпорындар құрылды. Солардың бірі “Петропавл құрылыс материалдары зауыты”. ЖШС полиэтилен құбырларын және құрылымдық оқшаулау панельдерін шығару бойынша 3 желіні пайдалануға берді. Петропавл құбыр зауыты болат табақтан болат құбырларының импортты алмастыратын өндірісін ұйымдастырды. “Тез құрастырылатын ғимараттар зауыты” ЖШС электрмен дәнекерлеп дайындайтын сэндвичпанельді, профтабақты және С тәріздес профильді металл құрылғылары жобасын игерді. Петропавл ауыр мәшине, мұнаймаш зауыттары газ-мұнай салалары үшін құрал-жабдықтар мен арнаулы техникалар шығаруға маманданды. С.Киров атындағы кәсіпорын темір жол кешеніне арнап қондырғылар мен аспаптар жасауды игерді. “ЗИКСТО” АҚ-тың жаңа саланы игерудегі ұмтылысы мен ізденісі неге тұрады. Былтыр “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының тапсырысымен 250 вагон құрастырса, биылғы меже – 600 вагон. Жақында Қазақстанның темір жолында талап етілетін жүк тасымалдауға арналған окатыш тасымалдаушылар мен платформалардың сынақтары нәтижелі аяқталды. Мұның бәрі – бұрын-соңды қолға алынбаған тың бастамалар.
Баяндамашы өз есебінде кәсіпкерлікті және кәсіпкерлік бастамаларды, оның ішінде бизнесті өркендетуде материалдық-қаржылық, ақпараттық-құқықтық қолдау, қолайлы жағдайлар жасау жұмысы жалғаса беретінін жеткізді. Бүгінде облыста 24 мыңдай шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланған. 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Былтыр 124 миллиард теңгенің өнімдері мен тауарларын шығарған. Оларды қаржылық қолдау мақсатымен 11 миллиард теңгенің несиелері берілген. Кәсіпкерлердің қаржылық ресурстарға қолжетімділігін жеңілдету үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ қатысуымен 4,6 миллиард теңге қарастырылған. “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” да қомақты қаржы жұмсаған. Алдағы мақсат – шағын және орта бизнестің жаңа тобын қолдау есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу жолдарын іздестіру. Бұл салада атқарылатын шаралар, түптеп келгенде, онжылдықтың соңында кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесін 40 пайызға дейін көтеруге қызмет етуі тиіс.
Серік Сұлтанғазыұлы тұрғындарға әлеуметтік қорғау жайлы да кеңінен айтып берді. “Жол картасын” әзірлеу барысында қаржылық дағдарыстың салдарын еңсеру, экономиканы және қаржы саласын сауықтыру, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері нақты көрініс тауып, мүлтіксіз орындалуы күнделікті қадағалауға алынды. Бағдарлама аясында қарастырылған 4,9 миллиард теңге толық игерілді, деді өңір басшысы.
С.Біләлов өткен жылы облыс экономикасының негізгі қорына 47,2 миллиард теңге инвестиция құйылғанын, оның басым көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сумен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй нысандары құрылысы салаларына бағытталғанын атап өтті. Ал, өз қаражаты мен шаруашылық субъектілерінің есебінен құралған жергілікті инвестиция 30,8 миллиард теңгеге жеткен. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, байланыс салаларын дамытуға жұмсалған. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындаудың екінші жылы да табысты аяқталған. 108,7 мың шаршы метр баспана салынған.
Облыста өткір мәселелерді сөз еткенде ауыз су және жол жағдайы ойға оралады. Әкімнің осы мәселелерге айрықша назар аударуы кездейсоқ емес. Былтыр “Ауыз су” бағдарламасына 3 миллиард теңге бағытталды. Азия даму банкі 1,125 миллиард теңге бөлді. 200 шақырымнан астам су құбырлары мен тарату желілері салынып, қайта құрылды. Тұрғындар саны 12,6 мың адамды құрайтын 25 елді мекенге су тартылды. 52,6 мың тұрғыны бар 10 ауылда ауыз судың сапасы жақсарды. Сол сияқты облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге, күтіп-ұстауға 3,542 миллиард теңге жұмсалды.
Баяндамашы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына да кеңінен тоқталып өтті. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауынан туындайтын талаптарды мүлтіксіз орындауға облыс жұртшылығы белсенділікпен атсалысатынына сенім білдірді. Содан кейін тұрғындардың ауызша, жазбаша сауалдарына жауап беру кезегі келді.
Зәмзәгүл Мейрамова, М.Жұмабаев ауданы: Возвышен кентінде халық көп тұрады. Бұрындары аудан орталығы болған. Мәдениет үйінің жоқтығы жастарды қатты қинап тұр.
– Жағдай маған таныс. Үш мыңдай адам тұратындықтан, мәдени дем алатын орынның қажеттігін түсінемін. Аудан әкіміне жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруды тапсырамын. Ал, облыстық қазынадан 10 миллион теңге бөлемін.
Асқар Өтебаев, Қызылжар ауданы: Ауданда бірқатар елді мекен ауыз судан тапшылық көріп отыр. Осы өтінішті көпшілік сізге жеткізуді өтінген еді.
– Былтыр “Ауыз су” бағдарламасы бойынша көптеген ауылдарға сапалы ауыз су жеткізілді. Биыл бұл іс жалғасады. Соколов, Боголюбов, Надеж бағыттары үшін 50 миллион теңге қарастырылды. Жалпы, бұл мақсат үшін ауданға 150 миллион теңге бөлінді.
Ботагөз Әбілмәжінова, Айыртау ауданы: Шалғайдағы ауылдар отандық телеарналарды көре алмайды. Көбіне қызықтайтынымыз – Ресейдің бағдарламалары. Осы мәселе қашан шешімін табар екен?
– Киров атындағы зауыт тың бастаманы қолға алып, жүзеге асырмақшы. Атап айтқанда, сандық теледидарды алыс елді мекендерге жеткізу мақсатымен қажетті құрылғылар мен қондырғыларды шығаруға кірісіп кетті.
Гүлнәр Оспанова, Жамбыл ауданы: Аудан орталығында бір ауысымда 90 науқасты қабылдайтын туберкулезге қарсы диспансер бой көтеруде. Жұмысқа орналасқан жас мамандарға жағдай жасала ма?
–“Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша жергілікті жерлерге келген кадрларға біржолғы өтемақы төленеді. Баспанамен қамтамасыз етіледі. Аудан орталығы Преснов кентінде 18 пәтерлі үй салу үшін 54 миллион теңге қарастырылды. Мамыр айынан бастап құрылыс жұмыстары қолға алынады.
Өзге сауал жолдаушылар да қанағаттанарлық жауаптар алып, көңілдері бір сергіп қалды.
Облыс депутаттары атынан Қазақстанның Еңбек Ері, шаруашылық басшысы Геннадий Зенченко, жеке кәсіпкер Екпін Әбиев сөз алып, әкімнің атқарған жұмыстарына оң баға берді.
Есепті кездесуге Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы Арман Әбенов, Сенат және Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қатысты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
Атырау Атырау болғалы өрелі өзгерістерден, игі істердің атқарылуынан кенде емес. Ел игілігі үшін жасалып жатқан мұндай қадам өткен жылы да өз жалғасын тапты. Басқаша бейнелегенде, кең қанат жайды. Төрткүл дүние экономикасы қаржы дағдарысының тұмылдырығын киген сәтте Қазақстандағы дамудың тұрақтылығына мұнайлы өңірдегі өркен жайған өзгерістер де, ілкімді ізденістер де дәлел бола алары даусыз.
Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтің жұртшылық алдындағы есеп беруінен әлеумет тұрмысының жақсаруына, бақуатты болуына елеулі әсер еткен мына мәселелерге айрықша тоқталып, тарқата айтуды жөн көрдік. Сонымен...
ҚЫЗЫЛҚОҒА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ. Иә, өткен жыл өңір орталығынан алыстағы Қызылқоға ауданының тұрғындары үшін қуанышы көп болуымен есте қалды. Олай дейтініміз, құрылғанына 60 жылдан асқан ауданда осы кезге дейін “көгілдір отынға” қол жеткізу аспандағы айға құлаш сермеумен бірдей еді. Бұл бір жағынан, аудан жұртының әлеуметтік ахуалына, екіншіден, жастардың осында тұрақтауына кері әсер еткені шындық. Енді талай жыл қол жетпес тәтті арманға айналған мәселенің түйіні тарқатыла бастады. Сөйтіп, табиғи газ желісінің қызығын көруге болады екен ғой, дейді қызылқоғалықтар. Осыған орай былтыр осы аудан аумағында біраз жұмыс жасалды. Нәтижесінде, жыл аяғында ауданның 16 елді мекеніне табиғи газ желісі жеткізілді. Бұл елді мекендердегі 20 мыңнан астам тұрғынның қуанышында шек жоқ. Биыл осындай қуанышқа Атырау-Қандыағаш бағытындағы темір жол бойына орналасқан 5 елді мекен тұрғындары кенелгелі отыр. Қазір осы ауылдарға табиғи газ желісін тартудың қаржысы шешімін тапты.
– Мердігер мекемелер тұрмысы төмен, көпбалалыларға, барлығы 1500-2000-дай аса мұқтаж отбасының үйіне табиғи газ желісін кіргізіп береді, – деді облыс әкімі аудан орталығы – Миялы ауылындағы “көгілдір отын” алауын жағу салтанатында.
Аудандағы ділгір мәселенің бірі – мейір қандырар мөлдір су. Былтыр Мұздыбұлақ-Қарабау су құбыры іске қосылса, Кереген-Сағыз-Жамансор топтық су құбырының құрылысын аяқтау көзделуде. Соңғы су құбырының құны – 1 миллиард 652 миллион теңгені құрайды. Ал Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ су құбырын күрделі жөндеуге 468 миллион теңге жарату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы 114 шақырымдық автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмысы бастау алды. Мұның қаржысы қомақты –15 миллиард теңге. Жалпы өткен жылы тек Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына 16 миллиард 228 миллион теңге жаратылыпты. Бұл – өңір бюджетінің төрттен бір бөлігі.
Рас, табиғи газ қуанышына кенелген тек қызылқоғалықтар деумен шектелсек, ақиқаттан алшақтап кетер едік. Дұрысында, дәл осындай табиғи газдың рахатын көру бақытына Махамбет, Құрманғазы, Индер, Исатай, Жылыой аудандарының бірнеше елді мекеніндегі тұрғындар да қол жеткізді. Сөйтіп, бұл аудандар толықтай, ал Құрманғазы ауданындағы 49 елді мекеннің 31-і газдандырылды. Дегенмен, Қызылқоға ауданы тұрғындарының қуанышы ерекшеленіп тұратыны анық. Өйткені, олар табиғи газ бен таза суды, тегіс жолды аңсағалы қашан?!.
“ИГІЛІКТІҢ” ИГІЛІГІН КӨРЕДІ. Өңірдегі әр ауданның түйіні мықтап шырматылған өзіндік мәселелері бар. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы көп қабатты үйлер үнемі жылуға жарымайды. Жоғары қабатта тұратындар ауыз суды шелектеп даладағы шүмектен тасиды. Себеп –құбырлар әбден шіріп, тозған, тоттанып бітелген. Бұл мәселе ауданды, облысты басқарған талай әкімге айтылды. Қаржының жетпестігін айтып, жақаурата берсе, мәселені жуық арада оңынан шешу мүмкін емес еді. Не істемек, қандай амал қолданбақ, қаржы көзін қайдан таппақ керек сонда? Емен есіктің ар жағында осы сауалдарды әбден саралаған талай басқосулар, талай талқылаулар өтті. Қаржыны іздеп еді, табылды. Қайдан десеңіз, оны ат сабылтатын алыстан емес, сол Жылыой ауданының аумағынан табуға болады екен.
Олай дейтініміз, өңірге инвестиция салуға бет бұрған шетелдік компаниялар алдымен Жылыойды сағалайды. Себебі, мұнда әйгілі “Теңіз”, оны игеріп жатқан “Теңізшевройл” бар. Айтқандай, осы “Теңізшевройлдан” өңірдің әлеуметтік мәселелерін жақсартуға арналған “Игілік” бағдарламасы шеңберінде бөлінетін қомақты қаржы бар. Көлемі – 15 миллион АҚШ доллары. Бірақ, бұл қаржының басым бөлігі өңір орталығындағы әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалып келді. Алайда, бірде-бір әкім “Игіліктің” игілігін алдымен “Теңіз” кен орны орналасқан Жылыой ауданының тұрғындары көрсін дегенге бас қатыра қойған жоқ. Облыс әкімі Б. Рысқалиев бірлескен кәсіпорын басшыларына: “Игіліктің” үш жылдық қаржысын Құлсары қаласындағы ауыз су құбырын қайта жаңғыртуға жұмсайық”, деген ұсыныс айтқан екен. “Теңізшевройлдың” акционерлері бұл ұсынысты қолдап, ауыз су құбырын жаңғырту жұмыстары былтыр басталды.
Шындығында, бір ауданға әр жыл сайын 15 миллион АҚШ долларын жұмсап, ауыз су құбырын толықтай жаңғырту, әрине, өте ауқымды жоба және оны іске асыру оңай емес. Дегенмен, сең қозғалды. Демек, Атырау қаласынан кейінгі ең ірі елді мекен санатындағы Құлсары қаласының тұрғындарының да “Игіліктің” игілігін көретін күні алыс емес.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ӘЛЕУЕТІ. Мұнайлы Атырау тұрғындарының тұрмысы барлық ауданда, барлық ауылда біркелкі емес. Қаланың өзінде де солай. Әркім тапқан табысына қарай қатардан қалмауға талпынады. Бірақ бай мен кедейді бір-бірінен бөлектеп жатқан ешкім болмаса да, мұғалімдер мен дәрігерлер қауымының жаңа пәтер түгілі, ескісін сатып алуға да шамасы келе бермейді. Елбасы сол себептен, ұлт келешегі үшін аянбай жұмыс жасайтын дәрігерлерге, мұғалімдерге, әсіресе, жас мамандарға қолдау білдіруді тапсырып келеді. Бұл тапсырманың Атыраудағы орындалысы туралы айтсақ, былтыр денсаулық сақтау мен білім беру салаларының өкілдері пәтерлермен қамтылудан кенде болған жоқ. Облыс әкімі Б. Рысқалиев есепті баяндамасында мәлім еткендей, қос саланың 448 өкілі жаңа баспанаға ие болды.
Бұрын-соңды Атырау балаларының түсіне кірмеген зәулім мұз айдыны сарайы ашылып, қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр футбол, волейбол, баскетбол командалары ел кубогының жеңімпаздары атануымен ерекшеленген өңір спортын дамытуға сеп болар үш спорт кешені пайдалануға берілді.
Еркін елдің ертеңі болатын жастардың сапалы білім алуына да толық негіз қалана бастады. Оған былтыр 13 білім беру ұясының пайдалануға берілгені дәлел болмақ. Жаңа ғимараттармен денсаулық сақтау саласы да қамтылып жатыр. Былтыр 100 орындық жаңа перзентхана, Миялы және Доссор ауылдарынан өкпе дертіне қарсы аурухана нысанымен толықты. Медицина мамандары Алматы, Ақтөбе қалаларында, алыс және шетелде біліктілігін жетілдіріп қайтты.
Әлеумет әлеуетін арттыратын жобалар қатарында аудандарға ауыз су желілерін тартуды айтуға болады. “Ауыз су” өңірлік бағдарламасы аясында 160 су тазарту ғимараты, мұнаралар мен қазандар, 1166 шақырым су құбыры төселді. Жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстары да жыл сайын жалғасын табуда. “Атырау-Доссор-Мақат” магистралды су құбырының құрылысы аяқталды. Қазір облыстың 26 елді мекенін сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама аясында 252 мың тұрғыны бар 98 елді мекен сумен қамтылды. Осындай жобаларды іске асырумен бірге, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуда да серпіліс байқалды. Әрине, бұл сала қомақты қаржыны қажет етеді. Кейде қаржының жетіспеуі көп жобаларды іске асыруға қолбайлау болып жатады. Дегенмен, былтыр өңірдің көлік инфрақұрылымында 3 көпірдің құрылысы аяқталды. Жайық өзені үстінен көпір салу да тез біте қоятын, әрі шығыны аз жоба болмаса да, көпірдің Атырауға көптік етпейтіні соңғы жылдары мықтап сезіле түсті.
Өңірде 300 шақырымға жуық жол салынып, 3 жолайрығы ашылды. Атырау қаласындағы 180 көшеге, үй орамдарына асфальт төселді. Қала іргесіндегі ауылдарға дейінгі жолдар да күрделі жөндеуден өтті.
“ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ” ЖАҚСЫЛЫҒЫ. Елбасы дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде жұмыссыздықтың алдын алу, жұмыспен қамтуды үйлестіру қай кезде де маңызын жоймауы тиіс екендігін тапсырды. Осы орайда “Жол картасы” бағдарламасының жақсылығын өңірлерде молынан сезінгендер өте көп. Атырауда да солай. “Аталған бағдарлама аясында 10,2 миллиард теңге бөлініп, 47 инвестициялық бағдарлама іске асырылды”, деді әкім Б. Рысқалиев. Бұл бағдарлама шеңберінде жобалар әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жолдарды күрделі жөндеу және басқа да салаларды қамтыды. Бағдарламаға енгізілген жоблалар бойынша 10774 жаңа жұмыс орны ашылды. 13 мыңнан астам адам даярлау және қайта даярлау курстарынан өтті. “Жастар тәжірибесі” жобасы негізінде 1513 жас жұмысқа орналастырылды. Қазір 22 компанияда 54 жас маман сынақтан өтуде. Ал 16 маман тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.
Әрине, бір жылда жұмыссыздық мәселесі толық шешілді деуден аулақпыз. Отандық және шетелдік компаниялардың қатысуынсыз оңғарыла қоятын мәселе де емес бұл. Сол себептен, жұмыссыздықты азайтар жобаларға шетелдік компаниялар да кеңінен тартылуда. Мәселен, шетел мамандарын алмастыру мақсатында 22 компаниямен келісім жасалған. Соған сәйкес олар 2500 маманды даярлаудан өткізуге міндеттеме алды. Аджип ҚКО-ның мердігер компанияларындағы 17668 отандық жұмысшы вахталық әдіске көшіріліп, соның нәтижесінде 24 000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік табылды. Мұның нәтижесінде жұмыссыздық 5,9 пайызға төмендеді.
ТҮЙІНДЕЙ АЙТҚАНДА, есепті кездесуде өткен жылы өңір экономикасындағы серпіліс тудырған серпінді істер атқарылғаны кеңінен тарқатылды. Өңір экономикасында өркенді өзгерістер бар, былтыр 2 триллион 115 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев. Өндірілген мұнай көлемі 26,5 миллион тоннаны құраса, 11,5 миллиард текше метр газ өндірілді. Өңір экономикасына 1 триллион 83 миллиард теңге инвестиция салынды. Инвестицияның басым бөлігі кен өндіру өнеркәсібі, көлік және байланыс салаларына бағытталған. Сыртқы сауда айналымы 15 209,7 миллион АҚШ долларын құраған екен. Жалпы, әр саладағы, әсіресе, әлеуметтік ахуалды жақсарту бағытындағы атқарылған істерді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, ақын Халидолла Ізекенов, профессор Қадір Жүсіп секілді өңір тұрғындары оң бағалады.
Әкімнің жұртшылық алдындағы есебіне Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, Президент аппаратының мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.