Өнер • 26 Шілде, 2018

Тіл айта алмағанды күй жеткізеді

1626 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевпен сұхбат.

 

 
 

Тіл айта алмағанды күй жеткізеді

– Сіз үшін күй деген не?

– Күй – құдірет. Оның құ­діреті – адамның тұла бойын шы­мырлатып, жан дүниесін тер­бетуінде, ішкі сезімін оятуын­да, психологиялық ойларын ағытуында.

– Күйге, домбыраға қалай келдіңіз?

– Бала күннен басталған құмарлық. Енді ғана ес біліп, асыр салып ойнап жүргенімізде домбыраға әуестендік. Оның үнін естігенде ойынымды тас­тай салатынмын. Ауылға күйші келсе, ақын табан тіресе, солар­дың жанында жүріп әңгімесін тыңдағанды жақсы көретінмін. Есіл-дертім сонда болатын.

– Ең алғаш домбыраны қай кезде қолыңызға алдыңыз?

– Шамамен 6-7 жасымда ғой деймін. Ал оған дейін менің домбырам – шешемнің оқтауы еді. Жыршы-күйшілерден көрге­нім ғой, әйтеуір қу ағашты алып сабалайтынын білемін. Соны шешем аңдаған.

– Бұл өнер сізге қанмен келген бе?

– Жоқ, аталарымда ақындық болған екен. Бірақ күйшілік біздің тұқымда менен басталады.

– Сіздің 70-ке жуық күйіңіз бар, бірақ ең танымалы – «Ерке сылқым». Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар. Мұның құпиясы неде?

– Құпиясы – сәтті шығуында. Мазмұнының музыкамен үйле­сім­ді әуенмен үндестігінде.

– Барлық шығармалары­ңыз­дың ішінде шоқтығы биігі, жаныңызға жақыны қайсы?

– «Толғау» деген күй. Ұлы даланы кейінгі ұрпақ үшін қор­ғаған, іргелі ел болуды аңсап өткен аталарымыздың, ұлтымыздың қанын, жанын, барын сақтап қалған аналарымыздың ерлік істері туралы толғаныстан туған шертпе күй.

– Жалпы, сіз Жетісу күй мектебінің өкілісіз, бұл жөнінде не айтасыз?

– Қазақта күй өнерінің үлкен екі мектебі бар: шертпе күй және төкпе күй. Мен осы екі мектепті де игерген адаммын. Шертпе күйді де, төкпе күйді де шы­ғарамын.

– «Ерке сылқымның» көп­тің көңілінен шығуының бір себебі де сол шығар, күй бір же­рінде шертіліп, енді бір тұста төгіліп тартылады. Қазақ күй өнеріне қандай жаңалық енгіз­дім деп ойлайсыз?

– Қазақ күйлері негізінен бір сарында басталады, сол сарында аяқталады. Менде олай емес, аралас өтетін күйлер бар. Бұл менің қазақ күй өнеріне қосқан кішігірім үлесім. Бірден күйдің өз сарынына түспей, оған алдымен кіріспе жасаймын. Мұндай туын­дыға Кенекең – Кенен Әзірбаевқа арналған «Көкшолақ» деген күй-дастаным жатады. Басында шертіп тартылады, біртіндеп ауысып, «Көкшолақ» әнінің әуе­ніне салған тұста қағыстың қар­қыны үдей түседі. Содан кейін «Жамбыл баба жыр толғайды» деген күй-дастан, онда да ақын алдымен өз арнасына түсе алмай, кібіртіктеп отырады да бір кезде барып шабыттана шалқиды. Осы күй-дастанымды тыңдағанда Нұр­ғиса Тілендиев «Мынау бір ғажап дүние ғой!» деп тебіренген еді.

Мен өзі шығармашылықты 30 жастан кейін бастаған адам­мын. Бірақ іштей күй жазсам деп армандап жүрдім. «Төле би тол­ғауы», «Шабыт», Елбасына арнал­ған «Нұрсұлтан» сынды 3 бөлі­мнен тұратын симфониялық күй-поэмаларын жаздым. Ел басына күн туғанда ұлтымыздың ертеңін ойлаған Төле би ба­ба­мыз­­дың «Қызымыз күң, ұлы­мыз құл боп кетер ме екен...» деген тебіреністері күй болып күңіренді. Күй кіріспесінде «Жоң­­ғар шапқыншылығынан жұр­тымызды қалай аман сақтай­мыз?» деп толғанады. Екінші бөлімінде Төле бидің желмаясына мініп алып, халыққа үндеу тас­тап, «Ерлерім, азаматтарым, қай­дасыңдар?» деп жұртын жігер­лен­діруі баяндалады. Міне, осын­дай ғой, мен жалпы ой түйетін туындыларға көбірек барамын.

– Сіз әсем Алматыны көр­ді­ңіз, студенттік шақтарыңызды сон­да өткіздіңіз. Сондай шы­ғар­­машылық ортадан, ға­жа­й­­ып­ қаладан ауылға қайту көп­ ал­бырт жастың қолы­нан­­ кел­­мей­ді. Сіздің шығар­ма­­лары­ңыздан да, ісіңізден де туған жерге деген асқан сүйіс­пен­ші­лік­ті көреміз. Адам бұлай болу­ үшін бойында қандай қасиет болуы­ керек?

– Бұл – табиғи жаратылыс. Әріптестерімнің бәрі айтады: «Әбекең ауылда жатып-ақ бәрін айтып жатыр», деп. Мені Алматы да, Астана да, «Отырар сазы» да, Қазақ радиосы да, небір оркестрлер де шақырды. Ақыр аяғында «Неге келмейсің?» дейді, сондайда: «Әй, анау Шолоховты білесіңдер ғой, кітаптарын Дон­ның бойында жаз­ған. Ол Мәскеуіңе бармаған. Донға қармағын салып, көңілге түй­ген суретін сөзбен кестелеп, шаруасын бітірген» деймін. Мені сыртымнан «Шудың Шолоховы» дейтін көрінеді.

– Домбырашы тұла бойымен күйді түсініп, сол түсінігі арқы­лы­ оны тыңдарманға жет­кі­зуі мүмкін. Бірақ күйшінің се­зімі мүлде басқа. Сіз домбы­ра­шы­дан бұрын күйші ретінде ай­ты­ңызшы, күй өмірге қалай келеді?

– Тақырыпқа байланысты ғой бәрі... Мен, мысалға, сен туралы толғануым керек. «Бір жапырақ сары қыз мені іздеп Астанадан келе жатыр. Шіркін-ай, сонау жерден жетектеп келе жатқан бұл не деген күш!» деп толғануым қажет. Осы толғаныс бір кездерде әуен болып туады, кейін күй болып төгіледі.

– Күй туу үшін сол тақы­рып­пен «ауруыңыз» керектігін түсіндік, ал туғаннан кейін қандай сезімде боласыз?

– Ол бір рахат сезім ғой. Біраз уақыт көңіліңді кеңге салып, жайланып жүресің. Содан кейін «Енді шығара алмай қалам-ау...» деген бір уайым ойыңда тұрады. Бұл қорқыныш емес, барыңды соған бергеннен кейінгі келетін ой-толғаныс. Өйткені ішіңнен шыққанға дейін сен сонымен толғанасың, әрдайым ойланасың, көңіліңнен кетпейді. Ал сыртқа шыққанда күймен бірге өзіңнен босатасың.

– Бір күйді қанша уақыт «тол­ғатасыз»?

– Әрқалай. Мысалы, мен «Ерке сылқымды» жиырма жыл тол­ғатып жүрдім. Осынша уақыт сырт­қа шыға алмай, ішімде жүрді. «Қалай бастаймын? Қалай жа­замын? Қалай қыламын?» деп толғандым.

– Күй – аңыз, күй – тарих, менің ұғымымда, күй әдебиетті де жасай алады, өйткені онда тіл бар...

– Күй – ананың егіз тілі. Тіл айта алмағанды күй айтқан, тіл ше­ше алмағанды күй шешкен. Тіл айтуға бата алмағанды күй жеткізген. Домбыраның үніне жететін ғажап дүние жоқ. Құн­дылықтар жоғалып бара жат­қан қоғамда оған бір күнді арнап, жастарға, ұрпаққа сол үнді өл­тір­мей жеткізуді мақсат еткен игі іске, Елбасының ерек шешіміне ризамын.

– Адам айта алмаған дү­ниені күй жеткізген деп өт­кен шақ­та айтып отырмыз. Жа­сы­ра­тыны жоқ, күйді түсінетін қазақ қоғамы өткен шақтың қой­­науында қалып қойған секіл­ді. Сізде ондай өкініш бар ма? Немесе бүгінгі біздің ор­тада­ күйдің парқына бойлай ала­тын тың­дармандық орта қа­лып­тас­қан деп айта аласыз ба?

– Мен бір-ақ нәрсені білемін. Халық түгел түсіне қоймайды, көп­тің ішінде ойы терең, өресі биік, көкірек көзі ояулары бо­лады. Поэзияны оқитындар бар, ұғынатындар бар. Кітап оқып отырып, «осының маған керегі не?» дейтіндер де бар: мұның бәрі ішкі дәрменсіздік. Ал күйге деген құштарлық – рухани қуаттылық пен жан дүниесіндегі кемелділіктің белгісі.

– Күйді түсіну үшін адамда қандай қасиет болуы керек?

– Біріншіден, ол ести алуы керек, орысша «слух» деп жатамыз ғой. Екіншіден, онда сергек сезім болуы қажет. Естігенді сезе білу – жүрекке жету деген сөз.

– Қаншама ғасырдан бері сақталып бүгінге жеткен күй­ді санасын технология мен даң­­­ғаза музыка жаулап бара жат­­­қан бүгінгі ұрпаққа қайтіп ама­наттаймыз?

– Насихаттау керек. Күй – қазақтың символы, туы. Қазақ бар жерде күй тұруы тиіс. Күй – қазақты өзге халықтан ерек­шелейтін жалғыз белгі. Осыны санаға сіңірген абзал.

– Ал күйді зерттеушілер ту­ра­лы не айтасыз? Олар бар ма қазір?

– Күйді зерттеп жүргендер жоқтың қасы ғой. Қазір енді анау Жанғали Жүзбай күй, күйшілер ту­ралы жақсы жазып жүр. Жа­қында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде бір күйші туралы жазыпты. Авторы талғамы бар, күй­лердің ғана емес, күй өнерін­дегі тұлғалардың да өмір тарихы­нан хабардар, қаламы қарымды, бі­лімді азамат екен.

– Сіздің ұстазыңыз кім болды?

–  Менің ұстазым – Құрман­ға­зы, Тәттімбет, Дәулеткерейім. Мені солар тәрбиеледі.

– Өзіңізден кейінгі толқын­нан қандай күйшілерді ерекше атар едіңіз?

– Секен Тұрысбеков жақсы. Күйлері адамды толқытады, жүректі қозғайды, тебірентеді. Айтқали Жайымов деген дос көңілді, парасаты мол, көп ізде­не­тін, талғампаз азамат бар. Ме­нің бірнеше күйімді оркестрге түсірді.

– Күй келешек ұрпаққа не береді деп ойлайсыз?

– Күйді насихаттап, әспеттей білсек, ол – үлкен құрал. Талайға азық болатын дүние.

– Бұрынғы дәулескер дом­бы­рашылардың ешқайсысы нота білмеген ғой. Бүгінде дом­быра үйретудің үш түрі қа­­лып­тасты: қағысты санау, құ­лаққа құю және нота ар­қылы. Қайсысы қолайлы?

– Құйма құлақ бәрінен жо­ғары. Ол авторыңнан да асып түсуі мүмкін. Бірінің тартқанын екін­шісі сол сәтте-ақ қайталап отырған. Қазақтың қанында бар қасиет. Қандай құдірет десейші! Мен кейде «Магнитафонды жұрт қазақтан үйреніп шығарған ғой» деп қалжыңдаймын.

– Сіз өмір көрдіңіз ғой, не түйдіңіз?

– Адал болу керектігін түсін­дім. Ісіңе, жақындарыңа, айна­лаң­дағы адамдарға, достарыңа, таңдаған кәсібіңе, отбасыңа, ел-жұртыңа, өнеріңе, өзгелерге, ең ­ақыры өзіңе адал болу қажет. Бар­лығына деген адалдық өзіңе, өзіңнің жолыңа, таңдауыңа деген адалдықтан басталып, өзіңе со­лар­дан келер адалдықпен аяқта­лады екен.


Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Астана-Алматы-Шу-Алматы-Астана