Медицина • 27 Шілде, 2018

2020 жылы 18 жасқа тол­ған азаматтарды қосқанда 12,9 млн адам декларация тапсырады

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық азаматтары, тіпті Қазақстан аумағында мүлкі немесе тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі болған жағдайда шетелдіктер де дек­ларация толтыратын болады.

2020 жылы 18 жасқа тол­ған азаматтарды қосқанда 12,9 млн адам декларация тапсырады

Ал бұл «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кіріс­тері мен мүлкін декларация­лау мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы»  Заңына сай атқарылып жат­қан жұмыстың нәтижесі. Бүгін­де осыған байланысты бар­лық заңнамалық база жаңа Салық ко­дексінде жазылып, жалпыға бірдей декларациялауға қатысты нормалар айқындалып отыр. Енді  2020 жылы декларацияны Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары, оралмандар мен тұ­руға ықтиярхаты бар адамдар, кәме­летке толмағандар (яғни олар­дың тіркелген мүліктері бол­са немесе табыс табатын бол­са ғана), сонымен қатар Қазақ­стан аумағында мүлігі немесе қатысу үлесі бар болған кезде шетелдіктер де тапсырады.

Бұл қалай жүзеге асады? Табыстар мен мүлік туралы дек­ла­рация (жылдық) жыл сайын ұсы­нылатын болады.  Ол 2 фор­маға сәйкес, яғни кеңейтілген 270.00 түрі және қысқа 260.00  түрі бойынша тапсырылады. Кеңейтілген декларацияда бір жыл ішіндегі кірістер жазылып, сосын онда жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаз­дар­ды, оған қатысу үлесін, инвес­ти­циялық алтынды,  қаржы құрал­дарын сатып алу  немесе мен­шіктен шығару дерегі көрсе­тіледі. Ал кірістер мен мүлік тура­лы қысқа декларацияны (ол 1 парақта ғана болмақ) зейнеткер­лер, мұғалімдер, студенттер мен жалдамалы жұмыскерлер тапсырады. Осылайша олар бір жыл ішінде басқа көлденең табыс алмағандарын растайды. Бұл декларацияны халықтың 70%-ке жуығы тапсырады деп кү­ті­луде. Қазірдің өзінде бұл жұ­мыс­тардың нәтижесін байқап көру үшін Қарағанды облысында қанат­қақты жоба іске қосылды.

Бұл ретте, яғни декларация­лау жүйесіне қосылу кезінде жеке адам өз мүлкін, дебиторлық және кредиторлық берешегін, қолма-қол ақшалай қаражаттары мен шетелдік банктердегі қар­жы­лық мәліметтерін (депозиттер, несиелер) 250.00 формасын­да көрсетеді. Осылайша же­ке тұлғаның активтері мен міндет­те­мелері туралы бастапқы (кіріс) дек­ларация ұсынылады. Егер болып жатса бұлардан өзге де, мәселен зергерлік бұйымдарын, био­логиялық активтер түріндегі басқа да мүліктерін көрсетуге құқы­лы. Ал адамдарға оңай болу үшін декларацияны элек­трон­ды түрде де  ұсыну жоспар­ланып отыр. Осыған ынталан­дыру мақсатында оның 2 мерзімі көзделген: декларацияны қағаз түрінде ұсынатындарға 15 шіл­деге дейін, ал электронды түр­де ұсынатын адамдарға 15 қыр­күйекке дейін уақыт беріледі.

Сонда алдын-ала есептеу бо­йын­ша, 2020 жылы 18 жасқа тол­ған азаматтарды есепке алғанда, шамамен 12,9 млн адам декларация тапсырады екен. Ал бұл бізге не береді деген сауалға тоқталар болсақ, жұмыс істеп жүрген адамдардың өз табыстарын толық әрі әділ алуына жол ашады. Нақты төленетін табыс айқындала түседі. Соған сай зейнетақы қорына тиісті мөл­шерде ақша аударылып тұрады. Сөйтіп еңбек өтілі қамтамасыз еті­ле­тін болады және жеке тұлға­лар­дың салықты толық төлеуін қамтамасыз етеді.  

Сонымен 2020 жылы деклара­циялау жүйесіне енген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация толтырылғанда онда меншік құқығындағы мүлік, соның ішінде пәтерлер, көліктер, банктердегі салымдар және жеке тұлғаның 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қар­жы­лық жағдайы тұтас көрсетілуі тиіс. Осылайша 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап жоғарыда атал­ған заң негізінде елімізде жап­пай жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау жүзеге асырылады. Ал жалпыға бірдей декларациялау жеке адам үшін де, мемлекет үшін де тиімді болмақ.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»