16 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1211 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Елбасы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын насихаттауға байланысты жер-жерде жалпыұлттық шаралар жалғасып, оған жұртшылықтың ынта-ықыласы ерекше арта түсуде. ЕЛБАСЫ – ӨРКЕНДЕГЕН ЕЛДІҢ, ЖАРҚЫН ӨМІРДІҢ КЕПІЛІ Талдықорған қаласындағы “Өркен” спорт кешеніндегі ша­раға Премьер-Министр Кәрім Мә­сімов, “Нұр Отан” ХДП Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұр­лан Нығматулин, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Көлік және ком­муникация министрі Әбілғазы Құ­сайынов, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев, Алматы облысының әкімі Серік Үм­бетов, тағы басқа да ресми тұл­ғалармен бірге екі мыңнан астам көп ұлтты жетісулықтар қатысты. Жиында “Нұр Отан” пар­тия­сы­ның мүшелері, соғыс және ең­бек ардагерлері, этномәдени бір­лестік жетекшілері, мұғалімдер мен дәрігерлер, студенттер мен жастар, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым басшылары Жолдауда айтылғандарды қолдайтын­дық­та­рын білдіріп, мерекелік көңіл-күй­де Отанымызға, туған жерге де­ген перзенттік сезімдерін алаулатты. Жалпыұлттық форумда облыс әкімі Серік Үмбетов Жолдауға бай­ланысты өңірдегі атқарылған және қолға алынуға тиісті бағ­дар­лы жұмыстарды ортаға салды. Елбасымыздың Қазақстан хал­қына Жолдауын баршамыз қа­нағат сезіммен қабылдадық. Өйт­кені, құнды құжат кемел ке­ле­ше­гі­мізге деген берік сенім қалып­тас­тырумен қатар халқымызды жаңа болашаққа бастайтын та­рихи бағдарлама ретінде бағалан­ды. Сондықтан да бүгін Жолдауға қолдау көрсетіп, осында бас қо­сып отырмыз. Жиынға Премьер-Министр Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов, “Нұр Отан” ХДП Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысуда деп, алғашқы сөзді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке берді. Жұртшылық Үкімет басшы­сы­ның әр сөзінен кейін жігерленіп, әсіресе, мемлекеттік тілде сөйле­ге­ніне деген құрметтерін қоше­метпен көрсетіп жатты. Туған жер­ге деген перзенттік жүрек лүпілімен ол: – Қадірлі жетісулық жерлес­тер! Сіздермен ата-бабамның туған же­рін­де кездескеніме қуа­ныш­тымын. Қойнауы құт-береке, ежелден ақын­дық, батырлық, да­налық ме­кені – Жетісу өлкесіне деген пер­зенттік сезімім ерекше. Халқымыз қасиетті мекенді “Жетісу – жер жәннаты” деп айрықша құрмет­тейді. Халқымызға тәуелсіз мемлекет құру бақыты бұйырды. Ата-ба­ба­­мыз ғасырлар бойы аңсаған азат­тықтың ақ жолын Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге өткізудеміз. Тек қана Елба­сы­ның кө­реген саясатының нә­ти­жесінде осы іс жүзеге асырылды. Құдайға тәубе, Қазақстанды әлем мойын­да­ды. Еліміздің терезесі өзге өрке­ниет­ті мемлекеттермен теңелді. Ел­ба­сының сындарлы саясаты, беделі арқасында, Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының төрағасы да болдық. Осындай же­тіс­тіктерге жетуіміз – ол заңдылық. Біздің Елба­сымыз – әлемдік дең­гейдегі сая­саткер. Біздің халқымыз еңбекқор және жасампаз, біздің күшіміз – бірлікте. Бірлігі жарас­қан елдің болашағы баянды! Президентіміздің “Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жат­қан халық”, деген сөзінің мәні ешқашан жойылмайды.  Ұлты қолдаған Елбасы – жарқын өмір­дің, өркендеген елдің кепілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқа­сында соңғы 10 жыл қарқынды даму жылдары болды. Біз қар­жы­лық жүйесі дамыған заманауи экономиканы қалыптастыра біл­дік. Тіпті, әлемдік дағдарыс жай­лаған 2009 жылдың өзінде де біздің өнеркәсібіміз бәсеңдеген жоқ. Ірі кәсіпорындар дағдарыс­тан аман шықты. Жаппай жұмыс­сыздық болған жоқ, еліміз жарық­сыз, сусыз, жылусыз отырған жоқ. Біз қиындықтарға төтеп бере білдік. Енді алдымызда жаңа мін­деттер, жаңа мұраттар, жаңа мүм­кіндіктер тұр. Президент алдағы 10 жылдық жоспарды нақты айқындап берді. Бұл – мақсатқа жетудің батыл жолын нұсқаған тарихи құжат. Иә, батылдық пен табандылық. Осы орайда, “Сәттілік кепілі – батылдық”, – деген Елбасы сөзін қадап айтқым келеді. Біз келешекте ауқымды мін­дет­терді шешуге тиіспіз. Біз эко­но­миканы нығайтып, жалпы әлем­де болып тұратын дағдарыс­тардан сақтануымыз керек. Пайдалы қазбаларды өндіріп қана қоймай, оны өңдейтін өндіріс орындарын да салуымыз керек. Алдымызда дамыған көлік желісін құру міндеті тұр. Біз Қа­зақ­стан арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғайтын көлік дәлізін салуымыз қажет. Жетісу осы дә­ліз­дің бір бөлігі болады. Біздің кәсіпорындарда еңбек өнімділігі арта түсуі тиіс. Сол жағдайда біз ин­дустриялы державалардың қа­та­рына қосыламыз. Ғылымды да­мыту керек. Сөйтіп, инновация­лық экономикаға жол ашу қажет, биыл кезектен тыс үш ғылыми орталық ашылады. Біздің Жетісуымыз Прези­дент­тің “Жаңа индустриялан­ды­ру” атты бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Агро­өнеркәсіп кешені жаңарады. Жетісу бүкіл Қазақстанның озық үлгідегі азық-түлік алқабына айналады. Біз оңтүстік өңірге жылу мен жарық беретін Мойнақ және Балқаш электр стансаларын, “Қорғас–Жетіген” темір жолын саламыз. Бұл жаңа жұмыс орын­дарын ашу мүмкіндігі ғана емес, бұл – шекаралық сауданы да­мытудың бірден бір жолы. Экономиканы қалыптастыру барысында енгізілетін өзгерістер – қарапайым халықтың игілігі үшін жасалады. Елбасымыз “Ең басты әлеуметтік саясат – жұ­мыс­пен қам­тамасыз ету”, – деген бо­латын. Биыл Алматы облы­сын­да 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашы­лады. Президенті­міздің айқындап берген жоспары бойынша денсау­лық сақтау және білім беру жүйе­ле­ріне орасан қар­жы бөлінеді. Енді сапалы ем алуға мүмкіндік бар. Біз­дің балалары­мыз әлемдік стан­дарт­қа сай білім алады. Міне, осы жыл­дың сәуір айынан бастап студент­тердің шә­кір­тақысы 25 пайызға өсе­ді. Бала­бақша тапшылығы толы­ғымен шешіледі. Жетісу аймағында тек 2010 жылдың өзінде 43 бала­бақша мен кішкентай балаларға ар­нал­ған 77 шағын орталық салынады. Құрметті қауым, Президент Жолдауында айтылған міндеттерді орындау– бәрімізден сөз жүзінде емес, іс жүзінде табандылықты, патриотизмді талап етеді. “Тудым, өстім, есейдім, Ен далам, анам, мен ба­лаң!”, – деп құлагер ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, біз ата­ның баласы емес, халықтың ба­ла­сы, еліміздің азаматы болуға тиіс­піз. Сондықтан мен баршаңызды Елбасымыздың Жолдауы мен “Қазақстан-2020” атты страте­гия­лық жоспарын қол­дауға шақы­рамын. Экономикалық өрлеу, өркендеу – қазіргі таңдағы ең бас­ты құндылық. Бұл мақсатқа бізді жеткізетін – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Біз туған жерін қастерлеп, сүйіп өскен халықпыз. Біз Елба­сымыз­дың: “Бәрінен бұрын – Тәуелсіз Қа­зақстан!”, – деген сөзін әр­дайым жадымызда сақ­тауымыз керек, – деген Үкімет басшысы жеті­сулықтарды Елбасы Жол­дауын­да көрсетілген міндет­терді орын­дауға жұмыла кірісуге шақырды. Осы сәтте де жинал­ғандардың “Қа­зақстан! Нұрсұлтан! Жас Отан!” деген жалынды сөздері жаңғырып, форумға қатысушы­лардың ризашы­лығымен өріліп жатты. Үкімет басшысынан соң жұрт алдына шыққан “Нұр Отан” пар­тиясы Төрағасының бірінші орын­басары Нұрлан Нығматулин: – Қадірлі Жетісу жұртшылығы! Елбасымыздың – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауын насихаттау, тү­сін­діру жұмыстары барлық облыс­тарда жалғастырылуда. Осыдан бұрын Павлодар мен Ақтөбе, Атырау, Алматы мен Астана, Жам­был және басқа да аймақтарда ха­лықпен кездесіп, құнды құжат халықтың қолдауына ие болғанына куә болып жүрміз. Халықтың ай­тып жатқан биылғы Жолдауы та­рихи құжат. Өйткені, онда бір жыл­ға ғана емес, алдағы 10 жылдық­та­ғы нақты даму жолдары, бағыттары көрсетілген. Осылайша Елбасы тапсырмалары халыққа демеу болып жүр. Әрине, осы жұмыстарға Жетісу жерінің үлесі зор болады деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда елі­міздің, халқымыздың алдында тұр­ған үлкен мақсаттар да осы “Нұр Отан” партиясы мен оның мүше­лері өздерінің жұмыстарымен үлгі көрсететінін айта келе, Жолдаудағы жүктелген ғаламдық міндеттерді орындауға мол мүмкіндік беріле­ті­ніне тоқталды. Президент Жолдауын қолдау мен оның басты бағыттарын жүзеге асыруға арналған форумда облыс­тық ардагерлер ұйымдары кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев, Пан­филов ауданындағы Біләл Назым атындағы орта мектеп директоры Сәниям Зульиярова, кәсіпкер Ба­зархан Байтаев, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің студенті Айзада Жақ­сыбекқызы, “Жас Отан” жастар қа­натының мүшесі Кенжебек Төле­генов сөйлеп, құнды құжатты қол­дап, мүмкіндігінше оны іс жүзіне асыруға өз үлестерін қосатындық­тарын айтты. Ал, облыстық “Огни Алатау” газеті редакторының орын­басары, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі Атсалим Идигов ұлты чешен болғанымен “Мен қазақпын” деп жиналғандарды қа­зақ ұлтының төңірегіне тығыз топ­тасып, бұрынғыдан да тілек пен білек біріктіруге, достықтың туын берік ұстауға үндеді. Форумға қатысушылар Елбасы Жолдауын бір кісідей қолдап, оны жүзеге асыратындықтарын және онжылдықтағы өсу, өркендеу ба­ғыттарын айқындап, оның жол­да­рын көрсеткен құнды құжатты халыққа жеткізуде ұтымды істер атқарған “Нұр Отан” халықтық-де­мократиялық партиясының жанына тығыз топтасып, ортақ іске мүм­кіндігінше үлес қосатындықтарын мәлімдеді. Премьер-Министрдің бұдан кейінгі жұмыс сапары құрылысы аяқталуға жақын әмбебап спорт са­райы ғимаратындағы жылжымалы көрнекілік ілінген жобамен таны­сумен жалғасты. Мұнда облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Амандық Баталов алып құрылыс 2007 жыл­дың тамызында басталса, құры­лыс­ты “АГС Пласт” ЖШС сәулет­ші­лері жүргізіп отырғанын ортаға сал­ды. Құрылыс биылғы жылдың ая­ғына пайдалануға беріледі деп жос­парланған. Үкімет басшысы баста­ған ресми адамдар спорт сарайын аралап көрді. Кәрім Қажымқанұлы облыс әкімінің саламатты өмір сал­ты мен спортты өркендетуге бай­ла­нысты атқарған жұмыстарына жо­ғары бағасын беріп, мұның өзі Елбасының жыл сайынғы жолдау­ларында ерекше мәнге ие екендігін ерекше айтып өтті. 1500 орынға ар­налған ғимаратқа 8 гектар жер телімі бөлінген. Ғимараттың жалпы алаңы 24500 шаршы метр. Спорт сарайы бір мезгілде спорттың бірне­ше түрінен жарыстар өткізуге, жаттығуына, денсаулығын шынық­тыра­тын топтардың дайындығына арналған. Астыңғы қабатында 66 кө­лікке арналған автотұрақ, кафе, техникалық ғимарат, нысана көз­дейтін тир, қоғамдық тамақтандыру орны бар. Ал, бірінші қабатта вес­тибюль тобы, кіші футбол мен бас­кетболға арналған спорттық арена, көрермендерге арналған орындары бар әмбебап зал, үстел теннисі, бильярд залдары, тағы басқа да көпшіліктің саламатты өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалған орындардың топтасқан­дығын айтуға болады. Еліміздегі тұңғыш Тіл сарайы Талдықорған қаласында салынып, көз тартатын сәулетті ғимараттың ашылу салтанаты осы күнмен тұспа-тұс келді. Кәрім Қажымқанұлы бастаған, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және өзге де астаналық ресми қонақтарды әжелер шашу шашып қарсы алса, көгілдір лентаны Үкімет басшысы мен “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясының Төрағасы­ның бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қиды. Қонақтар бірін­ші қабатта орналасқан қазақ тілін оқытатын 3 кабинетке, орыс тілін және ағылшын тілін оқытатын каби­неттерде болды. Осындағы тіл оқып жатқандарға Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Премьер-Министрдің алты тілді толық және Құранды жат­қа білетіндігін жеткізіп, мем­ле­кеттік қызметшілерді Кәрім Қа­жым­қанұлынан үлгі алуға шақыр­ды. Осы жерде 32 ілеспе аударма жүйесі (қазақ, орыс, ағылшын) құ­рылғыларымен жабдықталған дөң­ге­лек үстел өткізуге арналған мә­жі­ліс залы, 70 орындық шағын зал және бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Дербес АТС орнатылған. Ғимаратта қызмет көрсету бой­ын­ша 22 штаттық бірлік қарастыры­лып, мемлекеттік тілдің келешегіне деген нақты жұмыстар жалғасуда. Тіл сарайы екі қабатты, аумағы 2400 шаршы метр, сметалық құны 304 млн. теңге. Құрылысты жүр­гізген “Алматыауылқұрылыс” ком­паниясының сәулетшілері қысқа мер­зімде бөлінген қаржыны ық­тиятты пайдаланып, кәсіби шебер­лік­терін танытқаны бірден бай­қалады. Осылайша архитектуралық әсемдігімен ерекшеленген жаңа ғимарат “Қаратал” шағын ауданын көріктендіре түсті. Үкімет басшысы сонымен қатар өткен жылы пайдалануға берілген Достық үйіне де атбасын бұрды. Үкімет басшысы мен ресми адам­дарды кең залдағы этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары ән-жырмен, күмбірлеген күймен қарсы алды. Қонақтар облыс әкімі Серік Әбікенұлының бастауымен үш қабатты ғимараттты аралап, ондағы 23 облыстық этномәдени бірлес­тік­тің, “Ұлағат” ақсақалдар кеңесінің, “Бірлік” жастар бірлестігінің жұ­мыс кабинеттеріндегі жасалған жағдайға жақсы бағаларын берумен қатар олармен пікірлесті. Екі арада көңілді, мазмұнды әңгіме өрбіді. Премьер-Министр Кәрім Мә­сімов бастаған үкіметтік делегация­ның жұмыс сапары түстен кейін Ақсу ауданындағы аудандық орта­лық аурухананың жұмысымен та­нысумен жалғасты. Премьер-Ми­нистр жастық шағында студенттік құрылыс жасағының құрамында еңбек етіп, өзі құрылысшы ретінде қолтаңбасын қалдырған кәсіптік-техникалық лицейдің тыныс-тір­шілігіне де назар аударып, сол бір кездерді еске алғандай болды. Мұн­да да Үкімет басшысын ақсулық жерлестері жарқын жүзбен қарсы алды. Осы аймақтан түлеп ұшқан атпал азаматтың бүгінгі шыққан биігі олар үшін қуаныш сезімін тудыратындықтан қадамына сәт­ті­лік тіледі. Жерлестері Кәрім Қа­жым­қанұлына бүгінде қант қызыл­шасын өсірушілерді толғандырған “Ақсу” қант зауытына қатысты даулы мәселенің түйінін шешуге көңіл аударуын өтінді. Айтылған­дарды мұқият тыңдаған Үкімет басшысы оны назарға алып, тиісті орындарға тапсырма беретіндігін жеткізді. Осылайша жетісулықтар жалпыұлттық форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын қызу қуаттап, бір адам басшы, қалғанымыз қосшы болып, ынтымақ пен бірлігіміздің берік­ті­гін, әр күнді еңбектегі жетіс­тік­тер­мен нығайтатындықтарын нақты­лады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ. КЕҢЕС ДӘУІРІ КЕЗІНДЕ БОЛМАҒАН ИГІЛІККЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АРҚАСЫНДА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК Ескендір ЕСІМОВ, Социалистік Еңбек Ері. Менің жасым қазір сексеннен асты. Өмір бойы Бөкей ордасы ауданында қой бақтым. Адал ең­бектің нәтижесінде Социалистік Еңбек Ері атандым. Жұбайым Мәрзиямен бірге он бала тәр­биелеп өсірдік. Бүгінде отыз төрт немере, төрт шөбере сүйіп, шалқып отырмыз. Дегенмен, бүгінгі айтпағым басқа. Біз кеңес дәуірінде қанша биікке шықсақ та, дәл қазір­гідей заманды көреміз деп ой­лаған жоқ едік. Қазір мен аудан орталығы Сайқын ауы­лында барлық жағдайы келіс­кен мекен жайда тұрып жа­тыр­мын. Облыс әкімі Бақты­қо­жа Ізмұхамбетов 2008 жылы ауданға жұмыс сапарымен келген кезде маған жаңа үй беру жөнінде аудан басшысы Рахман Қаринге тапсырма бер­ген еді. Өткен жылы іші-сыр­ты зыңғырап тұрған осы үйге облыс басшысының өзі құтты болсын айтып, кіріп шықты. Менің хан сарайындай қонысым ауданда ең бірінші болып көгілдір отынға қосылды. Бұл біздің тіпті түсімізге де кірмеген жәйт еді. Облыс орта­лығынан 600 шақырым шалғай жатқан, 200 жылдан астам та­рихы бар Бөкей ордасы өңірінде мұндай игілікке сонау кеңес дәуі­рінде де қол жеткен жоқ. Қа­зір Жәнібек ауданының Қайрат ауылынан тартылған газ құбыры Бөкей ордасы ауданының Мұрат­сай елді мекені арқылы Сай­қын­ға ғана емес, тарихи Хан орда­сы­на да жеткізіліп, ел игілігін көріп отыр. Биыл газ құбырын Бисен ауылына тарту да жос­парланыпты. Жалпы, 2008-2009 жылдары облысты газдандыруға 7 мил­лиард теңгеге таяу ақша жұм­са­лыпты. Бұл қаржының не аз, не көп екенін білмедім. Бір білерім, әкіміміз Бақтықожа, айналайын, 2007 жылдың соңында “Елбасы­ның 2005 жылғы тапсырмасын орындаймын, Қарашығанақ ке­нішінен Оралға газ құбырын тар­тамын” деп кіріскенде, “Бөкей Ордасы ауданына газ жет­кі­земін” деп ха­лыққа уәде бер­ген­де, шы­нын айту ке­рек, се­нім­нен кү­дік ба­сым бол­ды. Ме­нің білуім­ше, соңғы екі жылда 30 ауылға газ барған, 2010-11 жыл­дары 46 ауылға газ барады екен. Бастал­ған шаруа аяқталған соң, көгілдір отын рахатын көрген ауылдар­дың ұзын саны 146-ға жетіп, облыс хал­қының 92-94%-ы газбен қам­тылмақ. Таратып айтар болсам, былтыр жыл аяғында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен “Қарашығанақ-Орал” газ құбы­ры құрылысының бірінші кезеңі пайдалануға беріліп, тағы бір аудан орталығы Теректінің Фе­доров ауылында да көгілдір отын алауы тұтанды. Биыл Қаратөбе, Сырым аудандары орталықтары­на және басқа көптеген елді ме­кендерге газ жететінін бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отыр­мыз. Сонда облыстағы бар­лық аудан орталықтары мен ірі ауылдар газға қосылады екен. Осы­ның бәрі Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың елге жасап отырған қамқорлығының арқасы. Олай дейтін себебім, Прези­ден­тіміз 2005 жылы мамырда облы­сымызға келген кезекті сапарын­да аймақты газдандыруға айрық­ша мән беріп, “Қарашығанақ-Орал” газ құбырын салу жөнінде шетелдік компания мен облыс басшыларына тапсырма бергенін халық ұмыта қойған жоқ. Қазақстан басшысы ел хал­қы­на биылғы Жолдауында да әдеттегідей әлеуметтік мәселе­лерге баса назар аударды. Енді, міне, облыс әкімінің қолдауы арқасында біраз шаруа жүзеге асып, шарапатын ел көре бас­та­ды. Сөйтіп, әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ кенішінде өндірілетін табиғи газдың бір бөлігін Елбасының қамқорлығы арқасында облыс халқы пайдаланып отыр. Жасым­ның сексеннен асқанын басында айттым. Ғұмырым осы ауылмен тығыз байланысты, Сайқынның әр түтіні, әр ағашы маған қым­бат. Осы жасқа келгенше халық­тың от жағу мен күл шығарудың бейнетін қалай көріп келе жатқанына куәмін. Жыл сайын орман оталып, ағаш шабылатын, бағасы удай көмір сатып алы­на­тын... Отын жағып, күл шығару машақатынан құтылған көптің бірі ретінде мен осы орайда Елба­сына шын жүректен алғы­сымды білдіргім келеді. Елбасы­мыз бастаған еліміз аман, жұр­ты­мыз тыныш болсын. Нұрсұлтан Әбішұлының саясаты арқасында Еуропа төріне көтеріліп, ЕҚЫҰ-ны басқарып отырған Қазақстан қарыштап дами берсін! Менің жүрекжарды тілегім осы. Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы. БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА МҮМКІНДІКТЕР МОЛАЮДА Елбасы Н.Назарбаевтың  “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы алдағы он жылда республикамыздың дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Елбасымыздың қазақстандықтарға арнаған Жолдауының басым бағыттарының бірі–  балалар өмірінің сапасын арттыруда жаңа міндеттерге қол жеткізу, ересектердің балалар денсаулығы мен  олардың  өміріне жауапкершілігін  арттыру. Құқықтық  қатынас жағынан алғанда өмір сапасы адамның лайықты өмір сүруі мен еркін даму құқықтарының  жүзеге  асырылуы болып табылады. Елімізде 18 жасқа дейінгі 5 миллионнан астам бала тұрады. Бұл  барлық халықтың үштен бір бөлігі. Қазақстан балалары мемлекетіміздің болашақ ересек тұрғындары ретінде Отанымыздың әлеуметтік, экономикалық және мәдени өркендеу саласында  өмірлік маңызы зор рөл атқарады. Олардың әл-ауқаты мен  өмірінің  сапасы   мемлекетіміздің тұрақты дамуының қайнар көзі екендігі ақиқат. Балалардың бейбіт және өркендеген елде, іргесі берік отбасында бақытты  өмір сүруі үшін жағдай жасау  үнемі мемлекет назарында екендігі көпшілікке белгілі. Осы тұрғыдан, біз Жолдауды бақытты балалық шақтың болашағына  қатысты ұзақ мерзімді бағдарлама болып табылады деп есептейміз. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жаңа Жолдауында болашақта ұлттық әлеуетімізді арттыру үшін  халықаралық деңгейдегі  бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде және оларға  білім беруде мемлекетіміздің бар күшін салу керектігі атап өтілген. Соған орай, осы онжылдықта алдымызда атқаратын ауқымды істер, болашаққа белгіленген ауқымды  міндеттер тұр. Ең бастысы, болашақ ұрпағымыз – балалардың бейбіт елімізде, тыныштықта және жалпыұлттық құндылыққа айналған келісімде өмір сүріп, дамып, тәрбие мен білім алуы үшін белсенді атсалысуымыз қажет. Еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызуға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатындағы, біздің басты жұмысымыз –  жастарды Отан мен халыққа қызмет етуге,  білімділік пен біліктілікке баулу. Біздер, ересектер  балалардың өмірі мен   денсаулығы, құқығы үшін  жауапкершілігімізді ешқашан естен шығармаған жағдайда олардың әл-ауқатының жақсаруына, өмір сүру сапасының арта түсуіне қолайлы мүмкіндіктер туатыны сөзсіз. Сондықтан біз болашағымыздың жарқын болатындығына кәміл сенеміз. Сұлушаш ҚУАТЖАНОВА, Алматы қалалық балалар құқығын қорғау департаментінің бастығы. Алматы. АБЫРОЙЛЫ БОРЫШЫМЫЗ Жыл сайынғы Елбасымыз­дың халыққа Жолдауынан жұрт­шылықтың үлкен үміт күтетіні күмәнсіз. Президентіміздің би­ылғы Жолдауы да халық ара­сын­да ерекше серпіліс туғызды. Жар­қын болашағымызға, ұрпа­ғы­мыздың кемел келешегіне де­ген нық сенім ұялатты. Тәуелсіз елеміздің тұғырлы болуы жолын­дағы мақсат-мүддеміздің, бағыт-бағдарымыздың сара жолын айқындап берді. Елбасы халқымыздың әлеу­мет­тік жағдайының жақсара тү­суі­не ұдайы назар аударып келе­ді. Бұған өмір сүру деңгейі өте төмен отбасылар санының төрт есе азайғаны нақты дәлел бола алады. Соның нәтижесі болар, еліміз аталған салада Достастық елдерінің ішінде алдыңғы қатар­дан орын ала отырып, Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық ету құ­қы­на ие болды. Үстіміздегі жыл­дан бастап ана мен балаға, арда­герлерге ай сайын төленетін жәр­демақылар мен зейнетақы мөл­шері едәуір арттырылатын болды. Жаңа Жолдау өзінің атына сай алдағы жылдары да халқы­мыздың әлеуметтік, экономика­лық жағдайын одан әрі жақсар­туға бағытталған нақты шара­лары­мен құнды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен аналардың жәрдемақыларының, зейнетақының, кәсіпкерлікті қолдау мен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шаралардың алдағы үш жылда өсу көрсеткіші кім-кімнің де көңілінен шығады. Әсіресе, ел халқының денсау­лы­ғын жақсартуға, әлеуметтік қор­ғаумен қатар, өмір сүру деңгейін жоғарылатуға бағытталған іс-қимылдарға көпшілік риза. Президент Жолдауында бел­гіленген міндеттер еліміздің болашағының жарқын да жасам­паз екендігін айғақтайды. Жаңа табыстар мен жалынды істерге жігерлендіреді. Жолдаудан туындайтын міндеттер үдесінен шығу қай-қайсымыздың да абы­ройлы борышымыз деп білеміз. Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің тыңдаушылары. Астана. АЛДА АТҚАРАР ЖҰМЫС КӨП Елбасының еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі ба­ғыттарын айқындайтын жылдағы Жолдаулары саяси өміріміздің елеулі көрінісіне айналды. Себебі, бұл саяси құжаттар мемлеке­тіміз­дің әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты бағдары болып табылады. Әлемді шарпып жатқан жаһан­дық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Президент жаңа Жолдауында Қазақстанды беделді әрі болашағы қазіргіден де жарқын елге айналдырудың негізгі басым­дық­тарын белгілеп берді. Н.Ә.На­зар­баев жаңа Жолдауында эко­номиканы жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау салаларын да­мы­ту, ауыл шаруашылығында ең­бек өнімділігін арттыру міндет­терін алға қойды. Сонымен қатар, “кәсіпкер­лік – жаңа экономика­ның қоз­ғаушы күші”, деп “Биз­нес­тің жол картасы – 2020” бағ­дарламасын, оның ішінде несие­лер бойынша пайыздық ставка­лар­ды субсидия­лауды, шағын және орта бизнеске несиелерді ішінара кепілдендіруді, бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіруді және ӘКК-ні жергілікті атқарушы ор­ган­дарға беруді ұсын­ды. Бұл ба­сым­дықтар шағын және орта бизнестің дамуына зор мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Елбасымыздың жаңа Жолдауы – мақсатқа бағытталған нақты бағ­дарлама. Ол – қоғамға болсын, же­ке азаматқа болсын ортақ бағ­дарлама. Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Жолдауы еліміздегі жетістіктерді сақтап, арттыру мүмкіндіктерінің бар екендігін айқын көрсетеді. Қа­зақстан – әлемдегі экономикалық дағдарысты еңсеріп, экономи­ка­лық даму деңгейін сақтаған аз мемлекеттердің бірі. Біздің әлеу­меттік-экономикалық дамудағы жетістіктеріміз Президенттің сындарлы саясатына, Қазақстан халқының бірлігі мен татулығына байланысты жүзеге асуда. Әрбір қазақстандық Елбасы Жолдауында өз сауалдарына нақ­ты жауап тауып, әл-ауқатының өсе­тініне сенімді болып отыр. Со­нымен қатар, қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтап, еліміздің қауіп­сіздігін нығайту негізгі міндет болып табылады. Бізге, Қашыр ауданының тұрғындарына осы жылы атқарар жұмыс көп. Соған қарамастан, біз Елбасы қойған бар­лық міндеттерді толық орын­дай­мыз деп сендіре аламыз. Болат БАҚАУОВ, Қашыр ауданының әкімі. Павлодар облысы. ІСКЕРЛІККЕ ДЕГЕН ЫНТАНЫ ОЯТТЫ Өткен аптада “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында Парламент Мәжілісінің депутаттары А.Мо­мы­шев, С.Бычкова, Н.Геллерт жас­тармен кездесті. Парламентшілер кездесуде Жолдаудан туындайтын міндеттердің мәні мен маңызын ашып көрсетті. Сондай-ақ, Пар­ламент Сенатының депутаты А.Сав­ченко “Тараз қуат орталығы” АҚ еңбекшілер ұжымында болды. – Еліміздің әрбір азаматы жасына немесе әлеуметтік жағ­дай­ы­на қарамастан, Жолдаудан өзіне пайдалы нәрсені таба алады. Мы­салы, кәсіпкерді “Бизнестің Жол картасы – 2020” ынталандырса, зейнетақының көбейе түскені қарт­тарды қуантып отыр. Ал “Ба­ла­пан” бағдарламасына бүлдіршін­дердің ата-аналары дән риза. Әл­бет­те, Жолдауда ел-жұрт үшін бұ­дан басқа да көптеген стратегия­лық мәні бар мәселелерді қолға алу айтылған. Міне, соны жүзеге асыруға жұрт болып жұмыла атсалысуымыз керек, – деді ол кездесуде. Парламентшілер айтқан дерек пен дәйек жұршылықтың көңілінен шығып қана қоймай, іскерлікке деген ынталарын да оятып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. ӨРЛЕУ ЖЫЛДАРЫМЫЗ ӨМІРШЕҢ БОЛҒАЙ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын тағатсыздана тосатынымыз бар. Бұл жәй тосу емес, Жолдауды елдің келешектегі дамуына серпін беретін, бағыт-бағдарын ай­қын­дайтын бағдарламалық құжат ретінде қа­был­даймыз. Биыл Мемлекет басшысы эконо­ми­калық  өркендеудің алдағы он жылға арнал­ған жоспарлы бағдарламасын ұсынуы көп­шіліктің ойынан шықты. Жолдауда айқындалған экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселесі қай кез­де де алғы кезекте болатынына тағы бір рет на­зар аударды. Әрине, бұл үшін алдымен отандық өнімдерді  экспортқа шығаруға лайық болатын­дай халықаралық стандарт талаптарымен өндіру қажет. Мәселе мұнай, мыс, мырыш, астық се­кіл­ді әлемдік рынокта сұранысы жоғары өнімдерден өзге өнімдердің сапасын көтеруге қатысты болғалы отыр. Осы өнімдерден басқа ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы өнімдерінің өзімізден артылғанын көрші ел­дерге экспорттауға болатыны әлдеқашан дәлел­денген. Қазақстанда өндірілген қандай өнім болса да оны Ресей мен Беларусьқа кідіріссіз жеткізудің алғышарты ретінде Кеден одағы құрылды. Бұл отандық брендпен өтімді тауар өндіруші кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге үлкен қолдау болары сөзсіз. Алдымен экономика, сонан соң саясат демекші, отандық экономиканы өркендету мақсатында тартылатын инвестициялардың мәселесі де оң шешімін тауыпты. Қазақстанға Қытайдан, Оңтүстік Кореядан,  Біріккен Араб Әмір­ліктерінен, итальяндық, француздық, ресей­лік компаниялардың қатысуымен 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде  инвес­ти­ция келетіні елдің келешектегі дамуына сені­мі­міз­ді нығайта түседі. Сонымен бірге, эконо­ми­каға инвестиция салуға ниетті отандық кә­сіп­орындарға, жеке компанияларға да мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілмек. Шетелдік, отандық инвестицияның мол болуы экономикалық  өркендеу ғана емес, Қазақстан­ның алдағы он жылда өрлеу кезеңіне бетбұрыс болғалы отыр. Қазақстанның алға қарышты қадам жа­сау­ы­на тек Президент, Үкімет немесе әр дең­гей­дегі әкімдер ғана мүдделі болмауы қажет. Бұған барша қазақстандық атсалысуы тиіс. Әсіресе, мемлекеттің қолдауына сүйеніп, жеке кәсібінен мол табыс тауып жүрген кәсіпкерлер де шет қалмағаны жөн. Өйткені, Мемлекет басшысы әркез кәсіпкерлерді қолдап келеді. “Кәсіп­кер­лік – жаңа экономиканың қозғаушы күші” деп кешегі Жолдауда орынды баға берді. “Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рынок­тарды игеруге, инновацияларды ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді”, деді Елбасы. Осыған Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде арнайы тапсырма беріп, бірыңғай бюджеттік бағдар­лама енгізуді, несиелер бойынша пайыздық суб­сидия жасауды, несиелерді ішінара кепіл­ден­діруді, бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіруді  тапсырды. Кәсіпкерлерге бұдан артық қандай қолдау қажет. Міне, осының бәрі елдің алдағы өрлеу жылдарының өркенді болуына жасалған игі қадам. Осы игі  қадамды әр өңірде іліп әкетер­лік тың жобалар жасақталуы тиіс. Елбасы Қа­зақстанның 2020 жылға дейінгі  стратегиялық дамуының кешенді жоспарының алғышартта­рын көрсетіп берді. Енді тек нақты жоспармен іске асыруға батыл әрекет қажет. Ендеше, іске сәт! Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ, “Қазақ тілі” қоғамы Атырау облыстық ұйымының төрағасы, мәдениет қайраткері. Атырау облысы, Индер ауданы.