Аймақтар • 31 Шілде, 2018

Баянауылда жол инфрақұрылымы өзекті болып тұр

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екібастұз қаласына қа­расты Бесқауға, Басқа­мыс ауылдары талай жыл жолсыз қалып еді. Қазір Бесқауға мен қала ара­сын­дағы 50 шақырымдық жол және Басқамыс пен қала арасындағы 10 шақы­рым­дық жолға жөндеу жұмыс­тары басталды. Аталған құ­рылысқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Енді Бес­қауға, Басқамыс ауылының тұрғындары 2019 жылдан бастап ой-шұңқырды ұмытып, жаңа жолмен жүреді деген үміт бар.

Баянауылда жол инфрақұрылымы өзекті болып тұр

Ал мамандар жол уақы­тын­да пайдалануға берілуі үшін күн тәртібінде тұрған басты мәсе­ле – жол салуға мате­риал­дар жеткілікті болуы керек дейді. Соның ішінде қиыршықтас, битум аса қажет екен. Сондықтан облыс әкімдігінің отырыстарына жол салушы компаниялар өкілдері де жиі қатысатын болды.

Тиісті мекемелерге жол бө­лік­терін мерзімінде аяқтауы, оның сапасын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Аудан, қа­ла әкімдеріне конкурстарды мер­зімінде аяқтап, жобалау жұ­мыстарын жан-жақты қарастыру мін­деттелді. Биыл облыстағы жол­дың 1100 ша­қы­рымы жөн­делсе, оның ішін­де 460 ша­қы­рым­нан астамы жер­гілікті ауыл жолдарына тиесілі.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жол­дары басқармасының хабарлауын­ша, өңірдегі жол жөндеу жұ­мыс­­тарына 12,5 млрд тең­геге жуық қаражат бөлінген. Жер­гі­лікті маңыздағы жолдарда 67 шақырымға асфальт-бетон тө­семі салынған. Жөндеу жұ­мыс­­­тарының сапасын бақылау мақ­сатында басқарма мамандары, авторлық және техникалық ба­қы­лау өкілдері апта сайын «Пав­­лодарЖол лаборатория» қыз­мет­керлерімен бірігіп тексеріс жүр­гізеді.

Ал өңірдегі жолдардағы ең үл­кен мәселе – Баянауыл курортты аймағына апаратын жолды жөн­деу тағы да жоспарланып отыр. Туристер де, қонақтар да, қа­рапайым жұртшылық та Баян­­ауылға баратын жолдың жөн­делуін күтумен келеді. Туристік әлеуетке сай жаңа заман жолдары қажет. Курортты ау­данда жалпы 340 шақырым жол жөн­делмек. Соның ішінде Қалқаман кентінен Қа­рағанды облысының шекара­сына дейінгі 174 шақырым жолды жөндеу бойынша тендер де өтті. Құры­лысты ірі компаниялар жүргізеді. Қажетті материалдар да дайын. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді...

Аудандық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, «Сапа» серіктестігі аудандық маңызы бар Жаңажол – Ескелді бағытында 52 шақырым жолды жөндеуде. Жөндеу жұмыстары жаңа техникалармен, жаңа тәсіл­мен жүргізілуде. Яғни жолды ал­дымен бетондап, оның үстіне асфальт төсейді.

Сонымен қатар талай жыл жөнделмей келе жатқан жол – аудан­дық маңызы бар Ақсан ауылы­ның кіреберісі мен Торайғыр ауылы – Жасыбай демалыс айма­ғындағы жол да жөнделуде. Ақ­сан ауылындағы жолдың ұзын­дығы бар-жоғы 6 шақырым болса, Торайғыр – Жасыбай арасындағы бөлік 12 шақырым.

Демалыс аймағы саналатын Торайғыр ауылы мен Жасыбай көлі демалыс ай­ма­ғында жол құрылысы былтыр бас­та­лып, негізгі табаны салынған болатын. Би­ыл асфальт төселуде. Баянауыл ар­қылы өтетін республикалық маңызы бар Павлодар – Қарағанды бағытындағы жол­дың жұмыстары да басталды. Бұл жол­ға «Қазавтожол» АҚ жауап береді. Қа­­зір жол бөліктерінде мердігерлер өз кес­­телеріне сай жұмыстарын жасауда. Біз тек бақылаушымыз дейді аудандық әкім­дік қызметкерлері.

Биыл Баянауылдағы аудандық маңызы бар 70 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд теңге бөлініпті. Тереңкөл – Михайловка – Ресей шекарасы бағытындағы облыс­тық маңызы бар автокөлік жолына да облыстық қазынадан 766 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігер «ПКФ – Гордорстрой» ЖШС қазір жол құрылысын бітіріп те қалды.

Тереңкөл – Михайловка – Ресей шекарасы бағытындағы жолдың әрі қарайғы 62-82 шақырым аралығындағы 40 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын «АЗА» ЖШС жүргізуде. Береговой – Октябрь – Лесное ауылдары бағытындағы жолға да күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Ал Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарынша, биыл қалаға қарасты ауылдар жолдарының құрылысына, күрделі, орташа, ағымдық жөндеуіне және тас жолдарды күтіп-ұстауға 2,1 млрд теңге бөлінген. Қалаға қарасты өндірісті Солнечный кентінің жолы да талай жылдар бойы ойлы-шұңқырлы еді. Ақыры бұл жолды ГРЭС-2 электр стансасы өз қаржысы есебінен жөндеуді қолға алыпты.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы