Қазақстан • 31 Шілде, 2018

Жеке мүлікті сатудан түскен ақшаға салық төлемейсіз - БЖЗҚ

218 реткөрсетілді

Жақында жаңадан өзгерістер енгізілген зейнетақы туралы заң қоғамда қызу талқыға түсті. Енді ел тұрғындары көлік немесе пәтер тәрізді жеке мүлікті сатудан түскен кірістің 10 про­цен­тін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндет­ті деген әңгімені әркім әлеуметтік желіде әр саққа жүгіртті.  

Осы мәселеге орай дереу сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова елдегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдардың барлығы азаматтың табысынан түскен кірістен ғана төленетінін түсін­дірді. Бір сөзбен айтқанда, жеке мүлкін сатудан түскен ақшадан ешкім салық төлемейді.

Вице-министр атап өткен­дей, мекеме мен кәсіпорын жұ­мыс­шысы тек еңбекақысынан, жеке кәсіпкер кәсіпкерлік қыз­метінен, сол тәрізді жеке нота­риус көрсеткен қызметінен түскен кі­рістен салық төлейді. «Жеке немесе заңды тұлғаларға азаматтық-құқықтық шарт не­гізінде қыз­меттің немесе жұ­мыс­тың белгілі бір түрін көрсететін аза­маттар үшін міндетті зейнет­ақы жарна сол жұмыс немесе қыз­метінің нәтижесінде тапқан табы­сынан төленеді», деді С.Жа­қыпова.

Оның айтуынша, «Әлеу­мет­тік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Заңы аясында қабылданған түзету­лерді жүзеге асыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел Үкіметінің «Әлеу­меттік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын әзірлеген. Қаулы жобасы азаматтық-құқықтық си­пат­­­тағы шарт бойынша табыс та­ба­­тын жеке тұлғалардың мін­­дет­ті зейнетақы жарнала­рын тө­леу тәртібі мен мерзімін де ай­қын­дауды қа­растырады. «Бү­гінде бұл жоба мүд­делі мем­лекеттік ор­ган­дармен, сарап­шылық ке­ңестер­мен жә­­не аккредиттелген ұйым­­дар­мен келісу процедурасынан өту­де», деді Светлана Қа­бы­кен­қызы.

Бұл мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жа­малов зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы заңның нормаларын түсіндірулерге қатыс­ты проблеманы Үкімет қаулы­сына түзетулердің дер кезінде ен­гізілмегенімен байланыстырады. Алайда депутат қазіргі құқықтық нормативтік актілерде азаматтарды пәтер сатудан және депозиттер бойынша сыйақы проценттерінен түскен қаржыдан зейнетақы жар­насын төлеуді міндеттеу қарас­ты­рылмайтынын айтады.

«Қаулыда ненің зейнетақы жар­наларын есептеудің нысаны бола алмайтынын тікелей көр­сететін норма бар. Ол тізім кіріс салығынан босатылған кіріс­термен сәйкес келеді. Бұл тізімге мүлікті сатудағы және депозиттер бойынша проценттердің құн өсімінен түскен табыстар кіреді. Жақында Үкімет қаулысына түзетулер енгізіліп, бұл мәселенің барлығы шешіледі деп сенемін», дейді Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі А.Жа­малов.

Даудың басы негізі шілде айының ортасынан бастап фрилансерлердің БЖЗҚ-ға кірістердің 10 процентін төлеуі тиіс дегеннен басталған сыңайлы.  Осы мәселелерге қатысты бұған дейін БЖЗҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева тек уақтылы жарна төлемеген агенттер үшін өсім қарастырылатындығын айтқан болатын. «Агент дегеніміз – міндетті зейнетақы жарнасына ақша аударуға тиіс заңды, жеке тұлғалар. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң тұрғысынан оларға бірінші кезде айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жауапқа тартылады», деген болатын басқарма төрағасының орынбасары С.Егеубаева.

Экономикалық даулар бойынша адвокат Жангелді Сүлейменов те әлеуметтік желідегі парақшасында мүлікті сатудан түскен зейнетақы төлемдері туралы дауға қатысты пікірін білдірген.

Оның айтуынша, заңдағы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер туралы жазылған, оған пәтерлер мен автокөліктерді сатудан кірістер келмейді. «Бұл кірістер мүліктік табыс деп аталады» дейді  Ж.Сүлейменов.

Айта кетуіміз керек, шілденің 14-інен бастап заңға енгізілген өзгерістерге сай, азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар да адвокат, жеке сот орындаушысы, жеке нотариус, кәсіби медиатор, жеке кәсіпкер тәрізді өз табысынан БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарна аударуы тиіс.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Бүгін, 09:14

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар