
Туризмнің трендтері
Шымбұлақтағы биылғы форум «Алматыда тау туризмін және бұқаралық спортты дамыту тетіктері: бүгін және ертең» тақырыбын таңдады. Алқалы жиын тау туризмінің аузы дуалы, қолынан іс келетін шетелдік мамандарын тоғыстырып отырғандықтан, алдымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова сөз алып, туризмнің дамуын бейнелейтін бірқатар көрсеткіштерді алға тартты.
– Алматы қаласы республика бойынша барлық келушілердің бестен бірін құрайды, соның ішінде Қазақстанға ат басын бұратын шетелдік туристердің 40 проценті Алматыға соқпай кетпейді. Соңғы үш жылда қалаға келген туристер саны жылына 14 процентке өсті. Өткен жылы Универсиада арқасында 20 процентке артты. 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында әуежай арқылы 232 мың шетелдік турист келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 процентке артық. Қазақстандық және шетелдік туристер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, шетелдік туристердің 60 проценті Алматыны экотуризм үшін таңдайды. Ал қазақстандық туристердің 55 проценті түрлі белсенді іс-шаралар мен ойын-сауық үшін ат басын тірейді. Табиғат пен мегаполистің заманауи ойын-сауықпен үйлесуі – қаламыздың ауыз толтырып айтарлық ерекшеліктерінің бірі, – деді Әсел Жүнісова.
Қала әкімінің орынбасары Алматыға TripAdviser әлемдік платформасында қызығушылық артып келе жатқанын атап, соңғы екі жыл ішінде Алматы микросайтының көрілімі 140 есе артқанын мысалға келтірді. Парақшаға негізінен Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан мен Германия азаматтары кіреді. Әсіресе экотуризмге деген қызығушылық байқалады. Алматы қаласының әкімдігі Іле-Алатау ұлттық паркі және Алматы облысындағы әріптестері саналатын «Қазақтуризм» компаниясымен бірге тау туризмін дамытудың бас жоспарын іске асыру жұмыстарын қолға ала бастаған. Аталмыш жоба жаңа тау шаңғысы курорттарының пайда болуын, ұзындығы 500 шақырымнан астам жаяу жүру (хайкинг) мен бақылауға (трэкинг) арналған тау маршруттарын ұйымдастыруды қарастырады.
Сол сияқты Еуропа мен Азиядан келетін туристердің 60 проценттен астамы Қазақстанды тұмса табиғаты бұзылмаған ел ретінде таңдайды. Бірақ осыған қарамастан, Алматы туризмнен айтарлықтай табыс тауып отырмағаны аян. Сондықтан да қалада Ян Гейлдің «Адамдарға арналған қала» жобасы бойынша «Туризмді дамыту жөніндегі 100 қадам» сынды арнайы жоспар жасалып отыр. Бұл жоба қаланың тарихи орталығын жаңғыртып, шаһардың туристік тартымдылығын түбегейлі өзгертуі тиіс.
Қалай десек те, Алматы қаласы мен онымен іргелес облыста туризмді дамытудың барлық алғышарты бар. Ең бастысы, визасыз және Шымбұлаққа әуежайдың өзінен бір сағаттың айналасында жетуге болады.
Осындай ресми статистикалық деректерді бизнес өкілдері де растады. «Эйр Астана» әуекомпаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Ричард Леджердің айтуынша, 2017 жылдың жазында туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 17 процентке артқан. Алайда шетелдік қонақтар Қазақстанға іссапарға немесе туыстарымен көрісу мақсатында сирек келеді. Мәселен, 2016 жылы елімізге келген 6,5 миллион шетелдік туристің тек 50 мыңға жуығы ғана еңбек демалысын осында өткізу үшін келген. Сарапшының айтуынша, қазақстандық туризмнің негізгі мәселесі – халықаралық нарықтағы өнімнің жеткіліксіз дистрибуциясы.
«Мысалы, Аустралиядағы интернет қолданушы туристік порталға кіргенде, елдің көрікті жерлері туралы ақпаратты ғана алып қоймайды, сонымен қатар ішкі нарыққа әлеуетті туристер үшін қызмет ететін туроператорлардың тізімін қарауға да мүмкіндік алады. Kazakhstan.org сайтында көрнекті орындар туралы ақпаратты және электронды поштаны жіберуді сұрайтын форманы көреді. Ал шетелдіктер хат жазбайды, оларға жергілікті нарықтағы серіктестер қажет. Қазақстан туралы ештеңе білмейтін турист ол жерде өзін не күтіп тұрғанын білмей, бөтен елде екі аптасын өткізгісі келмейді», деді Ричард Леджер.
Сондай-ақ «Эйр Астана» әуекомпаниясы транзиттік жолаушыларға стоповер бағдарламасын ұсынған. Яғни бұл арқылы турист қонақүйде бірнеше түн тұрақтай алады, сондай-ақ жергілікті көрікті орындарға баруға мүмкіндігі бар. Аталмыш бағдарлама – брендті халықаралық әдіс, жергілікті мазмұнға негізделген және халықаралық нарықта елдің беделін арттырады. Бағдарлама Алматы мен Астанада жұмыс істейді. Ұлттық тасымалдаушы бұл жүйені әлем бойынша 40 мың туристік агентке таратқан және стоповерге компания сайты арқылы қатысуға болады. Нәтижесінде биылғы бірінші жартыжылдықта 9 мың түнеу тіркеліп, бұл өнімді 50 мың турист пайдаланған.
Шымбұлаққа бәсекелестік жетпейді
2010 жылы, яғни Шымбұлақтағы арқан жолдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына дейін, демалыс күндері курортқа 1 мың адам ат басын тіресе, қазір Шымбұлаққа сенбі, жексенбі күндері 15 мың адам қыдырып келеді. Жыл сайын келушілер саны артуда, биылғы көрсеткіш 600 мың адамға жетті.
– Шымбұлаққа бәсекелестік жетіспейді, бірақ біз оның рельеф пен жолдардың ауқымы бойынша шектелетінін түсінеміз. Ең көп қонақ келетін күндері курорт тұншығып тұрғандай әсер қалдырады. Мұның салдары қызмет көрсету сапасынан да көрінеді. Егер Алматы облысында кәсіпқой спортшылар үшін ғана емес, әуесқойларға, балалар мен қарт адамдарға да бірнеше жеңіл әрі қолжетімді жолдары бар курорттар бар болса, ол шетелдік туристерді тартуға септігін тигізеді, есесіне барлығы ұтатын еді, – деп есептейді Шымбұлақ тау шаңғысы курортының бас директоры Ержан Еркінбаев.
Еркінбаев дайындықтан өткен адамдарға ғана емес, мүгедек жандарға, кішкентай балалары бар ата-аналарға арналған жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға қолжетімділік мәселесіне де тоқталды.
«Шымбұлаққа келетіндер саны біз әрекет етпесек те көбейе түсетін болады», дейді Еркінбаев. Оның айтуынша, мұнда келетіндер саны келер жылы өздігінен 20 мыңға жуықтайды және Шымбұлақтағы барлық нысанды бірте-бірте дамытуға болады.
Сақтандыру полистерін онлайн және тау шаңғысы курорттарының кассаларында сату тәжірибесін енгізу қажет. Қазақстандық KITA кірме және ішкі туризм қауымдастығының вице-президенті, ACT Adventure экстремалды туризм жобасының жетекшісі Анатолий Савичев Алматы облысының таулы аудандары жолдарымен ғана емес, сонымен қатар ат топтарына арналған маршруттарды, парапланмен ұшу орындарын және велосипед пен квадроцикл айдауды ұнататын әуесқойлар үшін таптырмас мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.
Шымбұлақ пен Кіші Алматы шатқалдарының туристеріне бір күндік сапар үшін шамамен айналма саяхаттың 15 нұсқасы және альпинистік тауға көтерілудің түрлі маршруттары бар. Мұндай ресурстар барлық тау жүйелерінде қолжетімді емес. «Жергілікті өнімнің артықшылығы – көптеген тау маршруттары, жабайы және жүрілмеген жолдар, оның өзіндік ерекше тұсы – маусымаралық кезеңнің болмауы. Қауіпсіздік – шетелдік туристердің біздің таулар мен курорттарға толық сенуі үшін маңызды әрі қажетті шарттардың бірі. Өзге елдің тау курортында турист аяғын сындырып алса, оны дереу тікұшақпен ауруханаға жеткізеді. Францияда турист ски-пасс алған уақытта, оған қоса полисті де алу ұсынылады. Сақтандыру полистерінің онлайн және тау шаңғысы курорттарының кассаларында сату тәжірибесін енгізу біздің жағдайымызда әбден мүмкін. Дегенмен, әзірге туристерге арналған көңілге қонымды сақтандыру жүйесі жоқтың қасы», деді Анатолий Савичев.
Жергілікті туристердің қауіпсіздігі бойынша семинарлар мен практикалық тренингтерді тұрақты ұйымдастыру өте маңызды. Себебі олардың тәжірибесі мен дағдылары арта түседі, сәйкесінше шетелдік қонақтар тауларымызда өзін-өзі қауіпсіз сезінеді.
Өмірде іске аспайтын ештеңе жоқ. Форумға қатысушыларды қай тұрғыдан болсын құлшындырған адам белгілі швед саяхатшысы, Халықаралық табиғатты қорғау одағы және Snow Leopard Foundation қорының елшісі Йохан Нильсон болды. 20 жылда бұл жиһанкез әлемнің 169 елін аралап, 70 шыңды бағындырған.
Саяхатшы әлемнің әр елінде ұшырасатын қоршаған табиғатқа қатысты мәселелерді қозғады. Мысалы, дүние жүзінің ең биік шыңдарында, оның ішінде Эвересте тау болып үйілген қоқыс мәселесін де алға тартты. Үш жыл бойы Нильсон және оның әріптестері жалпы саны 250 адамның қатысуымен арнайы экспедиция ұйымдастырған. Экспедиция мүшелері әлемнің ең биік нүктесі төңірегінен 15 тонна қоқысты жинаған. Гималайды да тазалаған.
Өмірде барлық нәрсеге қол жеткізуге болады деп есептейтін саяхатшы Оңтүстік полюстен Солтүстік полюсті жаяу кесіп өткен адам екендігін айтпағанның өзінде, Арктикаға да барған, дентапланмен де ұшқан. Қысқасы, көрмеген жері жоқ.
Барлық кезде бейтарап болуға тырысқан Йохан, ең бастысы адам баласы қоршаған ортаға зиянын тигізбеу қажет деп біледі. «Қазір қайда барсаңыз да алдыңыздан қоқыс шығады. Салыстырмалы түрде сіздердің тауларыңыз айтарлықтай таза», дейді саяхатшы.
18 жастағы мүгедек жігітті Швеция шыңына алып шыққан Йоханның тау туризміне қатысты айтары көп болды. Оның өмірлік қағидаты – табиғатқа қарсы шықпау, ұлттық саябақтарды көркейту, жабайы хайуандарды бостандыққа жіберу. Өйткені адамдар осы айналадағы өмірдің бір бөлшегі ғана.
Швед саяхатшысы Қазақстанда тау туризмін мемлекет мақтанышына айналдыра алатындай барлық мүмкіндік бар деп есептейді.
50 жыл бұрын Францияға да туристер ағылып келетініне ешкім сенбеген. Франциядағы Les Portes du Mont Blanc тау шаңғысы курортының бас директоры Лукас Маршанд үшін Шымбұлақ шатқалдары таңсық емес. Ол 2010-2014 жылдар аралығында Шымбұлақта қызмет еткен.
Туризм саласында жинаған тәжірибелері мен бастан өткендері жайлы қызулана, құлшына баяндайтын Лукастың ойынша, Алматы жақсы жағына қарай өзгерген.
– Соңғы 15-20 жылда туризм ғаламдана түсті. Қазір адамдар әлемнің барлық нүктесін шарлайды. Қазақстанға келген, тауларына жолы түскен адам көрген-білгендерін интернет арқылы баяндайды. Жақсылы-жаманды пікірлерін ғаламтор арқылы таратады. Сондықтан да осы елге келген турист қайтып оралатындай және өзімен бірге басқаларды да ертіп әкелетіндей жағдай туғызу қажет, – дейді Лукас Маршанд.
Оның пікірінше, курортты дұрыс позициялау және вау-эффекті тудыру өте маңызды.
«Біз езуімізбен күлеміз, қазақтар жүрегімен күледі»
Былтыр Ресейден Қазақстанға келген туристер саны 65 мыңға, Грузияға барғандар – 166 мыңға дейін жетті. Неге? Франциядан келген қонақтың заманауи туризмнің жаһандануы жөніндегі пікірімен «Шексіз әлем» (Ресей) туристік қауымдастығының атқарушы директоры Александр Агамов та келіседі. Оның айтуынша, 2017 жылы Ресейден Қазақстанға келген туристер саны 65 мыңға, ал Грузияға барғандар – 166 мыңға дейін жеткен. Осыған қарап, сарапшы ресейліктер Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы аз біледі деген қорытынды жасады. Ресей туризм индустриясының өкілі өз елінің тәжірибесіне сүйене отырып, туристерді тартуда Қазақстан үшін ең тартымды нарықтарға назар аударуға кеңес берді. Ол осы ретте Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Үндістан мемлекеттерін атап өтті.
Оның сөзін Франциядағы Les Portes du Mont Blanc тау шаңғысы курортының бас директоры Лукас Маршанд қайта қуаттап: «Қазақстанда бәрі де бар. Түрген мен Шарын керемет емес пе?! Мен мұны артық мақтау үшін айтып отырғаным жоқ. 4 жыл осы елде тұрдым. Адамдардың қонақжайлық пейілін аңсайтын кездерім болады. Еуропалықтардың бір-біріне жылуы жоқ. Біз езуімізбен күлеміз, қазақтар жүрегімен күледі.
Аустрия табыстың 30-40 процентін қайта оралған туристен табады. – Алматының тауларын жақсы көремін! – деп сөзін бір ауыз қазақшамен бастаған Аустрияның Қазақстандағы Елшілігі сауда бөлімінің басшысы Михаэль Мюллер өз елінің үлгісінде тау туризмін дамытудың құқықтық аспектілеріне назар аударды.
Аустрия тау туризмі нарығындағы негізгі ойыншылар – түрлі қауымдастықтар, олардың негізгі бөлігі аустриялық Альпі клубы, оның құрамында 500 мыңнан астам мүше бар. Клубтар 20 мың шақырымнан астам тау жолдары мен соқпақтарды басқарады. Бұл істі еріктілер ерекше ынтамен атқарады. Клуб дұрыс жол белгілері орнатылып, тиісті маршруттар салынғанына жауапты. Аустриядағы тау туризмі дамуының екінші компоненті – федералды жерлер. Олар инфрақұрылымды қаржыландыруда, жеке компаниялармен ынтымақтастық орнатуда маңызды рөлге ие. «Туризм өте табысты бағыт болуы мүмкін, бұл үйлестіру мәселесіне келіп тіреледі, сондықтан жергілікті және шетелдік туристер қызықты ұсыныстар пакетін және тау маршруттары туралы толық ақпарат ала алуы шарт», деді Михаэль Мюллер.
Осы тұрғыда «Сіздердің курорттарыңызда шағын және орта бизнес жеткіліксіз, көптеген мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары жоқтың қасы», – деді ресейлік маман Александр Агамов. «HORECA Қазақстан» мейрамханалар мен қонақүй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық қауымдастығының президенті Игорь Копайловтың ойынша, Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттарына келетін туристер үшін жағымсыз жаңалықтардың бірі – қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туризм және қонақжайлылық индустриясы нысандарының жетіспеушілігі.
Қорыта келгенде, форум аясында өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық және шетелдік спикерлер БАҚ өкілдерінің барлық сұрағына бүкпесіз жауап берді. Қазақстандық туризм индустриясы мен белсенді спортты дамытуға мамандандырылған қауымдастық өкілдері Алматы қаласының әкімдігіне тау туризмін және белсенді демалысты насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»