
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Эльмира Шарипованың хабарлауынша, тас көшкіні Қырғызстан астанасынан 40 шақырым қашықтықта, Шу ауданының аумағында тіркелген. Теңіз деңгейінен 4100 метр биіктікке шыққан туристер тас көшкініне тап болған. Оқиға Астана уақытымен 13-00-де тіркелген.
Аталған оқиға жайында дереу еліміздің Ішкі істер министрлігіне хабарланып, зардап шеккендерді бірлесе құтқару операцияларының жайы талқыланған. Оған қоса Бішкек құтқару жасақтары мен тікұшақты Қазақстаннан жіберуді сұраған.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровтың мәлім-
деуінше, алғашқы күні күннің бұлттылығы салдарынан көрші мемлекеттегі таулы аймаққа тікұшақ жіберу мүмкін болмаған.
Ал кеше таңертең еліміздің Төтенше жағдайлар комитеті Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары «Қазавиақұтқару» тікұшағымен Скрябин мұздығына жетіп, құтқару операциясын жүргізді. Құтқару тобы Алматыдан құрамында екі кинологиялық тобы бар 9 адамнан құралып, МИ-171 тікұшағымен аттанған.
Құтқару операциясының қорытындылары туралы алғашқы мәліметтерді Астанада Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин хабарлады.
Оның айтуынша, №9 Скрябин мұздығында қаза тапқан азамат Алматы қаласының тұрғыны, 1976 жылы дүниеге келген. Алдын ала деректерге қарағанда марқұм Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарының бірінде қызмет еткен.
Ал зардап шеккен өзге екі адам да алматылық, тағы біреуі – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны.
Ал отандастарымызбен бірге болған Ресей азаматтарының үшеуі де Томск қаласының тұрғындары екен.
– Құтқару операциясы 4100 метр биіктікте жүргізілді. Қаза тапқан азаматтың денесі мен құтқарылғандар Манас әуежайына жеткізілген бойда тергеу амалдары жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынды. Ал зардап шеккендердің денсаулықтары Алматы әуежайында жіті тексеріліп, олардың өздері ауруханаға жатудан бас тартты. Олардың барлығы да ер адамдар. Марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін Алматы қалалық ішкі істер департаментіне тапсырылды, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Юрий Ильиннің пайымдауынша, төтенше оқиғаға таяудағы жер сілкінісінен соң тау жыныстарының қозғалысы мен ауа райының құбылысы себеп болуы мүмкін. Ал Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі ел аумағындағы тау жоталарында биылғы жыл басынан бері тас көшкіні болмағандығын атап өтті.
Эльмира Шарипованың айтуынша, Скрябин мұздығы жер-жерден әуесқой альпинистерді құмартып тұратын аймақ екен. Ал төмен құлдилаған ұсақ тастардың өзі адам өміріне аса қауіпті саналады.
Мұндай табиғи құбылыстар әдетте таудың басы мұздан тазаратын жаз мезгілінің екінші жартысында көптеп тіркеледі. Оған қоса туристердің шалыс басуы да тау қыртыстарының қозғалысына себеп болуы мүмкін. Ал төтенше оқиғаның мән-жайын тергеу органдары анықтауы тиіс.
Жалпы, №9 Скрябин мұздығының биіктігі 4800 метрге жуықтайды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»