Аймақтар • 01 Тамыз, 2018

Лисаков қаласында республикалық айтыс өтті

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Лисаков қаласында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Астана - алтын ордам, Лисаковск - әсем қалам!» атты республикалық айтыс өтті. Жыр бәйгесі Елорданың 20 жылдығы мен кеншілер қаласының 47 жылдығына арналды. Оған Қазақстанның облыстарынан халықаралық және республикалық жыр додаларында жеңімпаз болып жүрген жас ақындар қатысты.

Лисаков қаласында республикалық айтыс өтті

Айтысқа белгілі сатирик жазушы, Қазақстан жазушылар одағы Қостанай филиалының төрағасы, көп жылдан бері Қостанай-Торғай өңірінде айтыстың дамуына атсалысып жүрген Ғұмар Ахметчин және айтыс ақыны, ҚР Мәдениет қайраткері, жас ақындар ұстазы Әлфия Орманшина және тағы басқалар қазылық етті. Айтпақшы, айтыс жергілікті өнерпаз жас Марғұлан Оспановтың айтыс ақыны Құдайберлі Мырзабековтың сөзіне жазылған «Айтыс әні» әнімен ашылды.

Айтыста 8 ақын, яғни Астанадан Азамат Мәлжанбай, Қарағандыдан Ботагөз Мұхитденқызы, Алматыдан Айбек Бестенқұлов, Петропавлдан Мақсат Серік, Қостанай облысынан Салтанат Өтелбаева, Батырлан Сағынтаев, Мамай Ізтілеу, Тоба Өтепбаевтар төрт жұп болып өнер көрсетті.

«Ақындардың дайындығы жақсы болды. Көрерменнің жырға деген сусынын қандырды. Астана, еліміздің жетістіктері туралы жыр көрігін қыздырды, кемшіліктер де олардың өлеңінен тыс қалған жоқ, әзіл-қалжыңды да өлеңге орнымен өре білді. Осы ақын балалардың басым көпшілігі өзіміздің қолымыздан шыққан балапандар еді. Олардың барлығы дерлік аламан айтыстарда жүлде алып жүргендер. Ақындық деген тума, дарын болса да еңбек ғой. Олардың өскеніне қуанамын» деді 25 жылдан бері облыста балалар айтысын ұйымдастырып, өзі қазылық етіп келе жатқан Ғұмар Ғарифұлы.

Айтыста қазақтың қара өлеңі жеңді десек те, сайыстың аты – сайыс, жеңімпаздар болуы тиіс. Бірінші орынды арқалықтық Батыржан Сағынтаев, екінші орынды астаналық Азамат Мәлжанбаев, үшінші орынды қостанайлық Салтанат Өтелбаева жеңіп алды. Айтыстан кейін Лисаков қаласының әкімі атынан айтыс өнерінің Қостанай өңірінде өркен жаюына үлкен еңбек сіңіріп жүрген Ғұмар Ахметчинге шапан жауып, құрмет көрсетілді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай