Күйдірілген балшықтан кірпіш, басқа да сапалы құрылыс материалдарын өндіретін «Бошан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келген болатын. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру және бәсекеге қабілетті кәсіпорын құру мақсатында «Astana Ceramics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс орнын модернизациялауды, сөйтіп займдық қаражат пен мемлекеттің қолдауына арқа сүйеп, жаңа технология бойынша өнім шығаруды қарастыра бастады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша алған 2,5 миллиард теңгенің субсидиясы зауыт жұмысына жаңаша серпін берді. Жобаны іске асыруға үш жыл уақыт жұмсалған.
Өндірісте Испанияның осы заманғы озық технологиясы қолданылуда. Жобаның жалпы құны 3,8 миллиард теңге. Жылына 3 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндіктері бар. Зауытта бүгінде 50 адам жұмысқа орналасып, еңбек етуде. Ай сайын тұрақты жалақы беріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жаңа жобаның аудандағы тұрғын үй құрылысын өрістетуге септігі мол болмақ.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Целиноград ауданы