Қазақстан • 04 Тамыз, 2018

Қайрат Әбдірахманов Үндістанның Сыртқы істер министрімен кездесті

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі Сушма Свараджпен кездесті. Келіссөздер барысында екі жақты мемлекетаралық қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы достық дәстүрі атап өтілді. 

Қайрат Әбдірахманов Үндістанның Сыртқы істер министрімен кездесті

Тараптар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Модинің 2017 жылғы маусымда Астанада және осы жылдың маусым айының басында Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитері аясындағы екіжақты кездесулердің барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылады. «Жақында Қытайдың Циндао қаласында өткен Қазақстан-Үндістан кездесуінен кейін Қазақстан Президенті Үкіметке Үндістанмен инвестиция, энергетика, логистика, ақпараттық технологиялар, ғарыш, фармацевтика, туризм және киноөндіріс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы негізінде біз 2019 жылға жоспарланған жоғары деңгейдегі ресми іс-шаралардың мазмұнын дайындаудамыз», - деді Қ. Әбдірахманов. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Үндістан тарапына Астананың 20 жылдық мерейтойына, Астана экономикалық форумының XI сессиясына, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына Үндістан өкілдерінің қызығушылықтары мен белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. 2017 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллар деңгейіне жетті. Тараптар осы көрсеткішті арттыру мақсатында белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Үнді мұхитына қол жеткізу мақсатында Қазақстан - Түрікменстан - Иран теміржолының әлеуетін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Тараптар Қазақстан-Үндістан cауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының және Қазақстанның сауда-өнеркәсіп палатасы мен Үндістанның сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы арасындағы Іскерлік кеңестің жемісті жұмысына қанағаттанушылық білдірді. Бұл жұмыс аясында Үндістанның іскер топтары ірі қазақстандық әуежайларды басқаруға, сондай-ақ «Астана» ХҚО, Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар жөніндегі халықаралық орталығы және «AstanaHub» IT-стартаптар технопаркі шеңберінде ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Көпжақты ынтымақтастық саласында БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК шеңберіндегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша қосымша қадамдар анықталды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Үндістан тарапы БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері құрамындағы (UNIFIL) үнді батальонына биылғы жылы қазақстандық бітімгершілік контингентін енгізуіне көмектескенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, көпжақты ынтымақтастықтың маңызды жобаларының бірі - Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістанның арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу туралы келіссөздердің басталуы. Мәдени-гуманитарлық байланыстар әрдайым тараптардың назарында болады. Қазақстан Үндістанға биылғы жылдың қаңтар айында Сринагар қаласында танымал тарихшы, мемлекет қайраткер Мухаммед Хайдар Дулатидің қабірінің қалпына келтірілуіне қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді. Бұдан басқа, Болливуд киностудияларымен бірлескен фильмдер жасау жолындағы алғашқы қадамдар жасалды.