23 Ақпан, 2010

29 ЖАСТАҒЫ АНА “КҮМІС АЛҚА” АЛМАҚ

1186 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
5 қыз, 1 ұлды өмірге алып кел­ген Айман Әбдіразаққызы, “Бала­ларым Тәжіхан мен Сәуле апа­лары­ның және Иманбек атасының арқасында өсіп жатыр. Сәуле апам мен Иманбек атам бүгінде алты немере сүйіп отырса, Тәжіхан апам алты шөбересінің қызығын көруде” – дейді. Жаңа жылдың алдында Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қол­дау мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізіл­ген болатын. Яғни, 2010 жылдан бастап күшіне енетін заң жоба­ла­ры елі­міз­дің тұрғындарына үлкен жеңілдік­тер беріп отыр. Бұрынғы заң бой­ынша балалары сегізден асқан ана­лар “Күміс алқаның”, оннан жо­ға­ры болса “Алтын алқа­ның” иесі ата­натын. Жаңа жылдан бастап күшіне енген заңға сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан алты баласы бар аналар “Күміс алқа”, жеті неме­се одан көп баласы бар ана­лар “Алтын алқа” алатын бола­ды. Бұл жөнінде қала әкімдігі жа­нынан құрылған заң жобасын наси­хаттау тобы қаламызда және қалаға қарас­ты ауылдарда “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбел­гілерінің берілу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді. Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы марапатқа лайықты аналар­дың тізімін алып, құжаттар қабыл­дап жатыр. 29 жастағы, яғни 1981 жылы туыл­ған Жүзтаева Айман Әбдіра­зақ­қызы қала әкімдігінің жанын­да­ғы арнайы құрылған жұмыс тобына “Күміс алқа” марапатын алуға өз құжаттарын тапсырған. Бүгінде қа­ла­лық әкімдіктің ұйымдастыру және мамандар бөлімінің бас мама­ны Ғалия Төнтекова Айман Әбді­ра­заққызының марапатқа лайықты екендігін сөз етіп, алдағы уақытта “Кү­міс алқа” тағатынын айтып отыр. Жүзтаева Айман қаладағы Б.Мо­мышұлы атындағы №12 мек­теп­те білім алған. Қазіргі кезде алты баланың анасы. Алғашқы қызы Бектасова Айжанның жасы то­ғызда. Ол Әл-Фараби атындағы №14 мектептің 4 сыныбында оқи­ды. Ал Сымбат жетіге келсе, Жал­ғасбектің жасы бесте. Үшке келген Назерке қызықты қылығымен ата­сы мен әжесін күлдіріп жүрсе, бірге толған егіз қыздар Мөлдір мен Жәудір қаз-қаз басып жүр. 5 қыз, 1 ұлды өмірге алып кел­ген Айман Әбдіразаққызы, “Бала­ларым Тәжіхан мен Сәуле апа­лары­ның және Иманбек атасының арқасында өсіп жатыр. Сәуле апам мен Иманбек атам бүгінде алты немере сүйіп отырса, Тәжіхан апам алты шөбересінің қызығын көруде” – дейді. Айманның жолдасы таксист бо­лып жұмыс істейді. “Әр бала­ның өз несібесі бар” – деп санай­тын от­басы мүшелері Айманға “Ұлыңа се­рік керек” деп қолқа салып отыр­ған көрінеді. Ал Айман болса, бұл ұсынысқа қарсы емес. Елбасымыздың қолдауымен жү­зеге асып отырған бұл баста­ма­ны Мемлекет басшысының қам­қор­лы­ғы деп бағалаған Айман Әб­діразақ­қызы, Елбасына  ризашы­лығын білдіріп, алғысын айтуда. Міне, қазіргі кезде әртүрлі сыл­­таулармен бала санын бір-екімен ғана шектеп қоятын кейбір аналар Айманнан үлгі алса екен дейміз. Қайрат ЗАЙНИШЕВ, Кентау. Бәрекелді! АБАЙТАНУ: АЙРЫҚША АРНАЛАР Мархабат БАЙҒҰТ. Өткен жылғы күздің жаймашуақ бір күнінде Шымкент шаһарындағы “Хакім Абай музейінің” алдында “Хакім Абай тағылымдары” атты конференция ұйымдастырылғанын “Егемен Қазақстан” газеті жазған бола­тын. Сол конференцияға Мекем­тас Мырзахметұлы, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдас­беков, Төкен Ибрагимов, Сәбит Оразбаев сынды саңлақтар қатысқан. Бүкіл өмірін Абайтануға арнап келе жатқан білімпаз ғалым, Абай атындағы ұлттық педагогикалық уни­вер­ситеті Абайтану ғылыми-зерт­теу орталығының директоры Мекем­тас Мырзахметұлы елді елең еткізген. Абайтанудың тың тұжырым­­дамасын түсіндірген. Даныш­пан ақынның хакімдігін тереңдей танып-білмектің, мұраларын меңгер­мектің, айналымға түсірмектің жаңаша жүйелерін ұғындырған. Президенттік мәдениет орталығы­ның директоры, қайраткер-қаламгер Мырзатай Жолдасбеков Абай қалдыр­ған қазынаға қарап отырып, оқып отырып, ойлап отырып, қалайша қай­ран қалатынын Мұқағалидай құбы­лыс­пен байланыстыра мағлұмдап, көпшілікті одан сайын таңырқатқан. Сөйтіп, Оңтүстіктегі оңды істердің қатарын рухани саладағы серпіліс­термен нығайта түспек жөнінде ұтыр­лы ұсыныс білдірген. “Хакім Абай музейі” Шымкенттің Абай саяба­ғында еңсе көтеріп, мынадай мәністі басқосу жасап жатырмыз. Енді Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситетінде Абайтану кафедрасын неме­се Абайтану орталы­ғын ашу керектігі өзінен-өзі сұранып тұр емес пе? Уәлихан, сен бұған қалай қарай­сың?” – деп, осынау оқу орнының ректоры, У.Бишімбаев мырзаға қараған. Мінекиіңіз, содан бері үш айдан сәл ғана астам уақыт өтті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да Абайтану ғылыми оқу орталығы ашылды. Оның дирек­торы болып филология ғылым­дары­ның кандидаты Саттар Өмірзақов тағайындалды. Жігерлі, жас ғалым ә дегеннен-ақ талпынысын, талапшыл­дығын танытты. ОҚМУ студенттері екінші оқу семестрін Абайтанудың айрықша арналарына арналған дәріс­пен бастады. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы жүргізген бұл дәріске тек студенттер ғана емес, осы универ­си­теттің, Шымкенттегі өзге де оқу орындарының оқытушылары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қызыға қатысты. Мекемтас ағамыз қазан айында, “Хакім Абай музейі” алдында өткен кон­ференцияда ортаға салған Абай­тану­дың тың тұжырымдамасын, жаңаша жүйелерін тереңдете, әсерлі әңгімеледі. Тұран жерінде туындап жетілген жәуанмәртлік ілімінің, толық адам ілімі бастау-бұлақтарының қай­нар көздерін ашып, сусындатқан­дай болды. Қорқыт абыз, Қожа Ахмет Ясауи, Әл-Фараби, Жүсіп Хас Хад­жип, Жүсіп Баласағұндар ғасырлар қойнауларынан сыр шерткендей. Абай­дағы иманигүл немесе үш сүю мәселесінің мәні, Абай негізін салған толық адам ілімін дамытудағы Шә­кәрім ойларының орны, ақыл, әділет, рақым сынды үш қасиеттің күрделілігі, жүрек пен жәуанмәртлік (хал) жайын­дағы баяндары баршаны баурады. “Жан азығын аяқасты етуден тән құмары үстем түсіп отырғанын, адам­дықты надандық, ділді дүниеқұмарлық басып, тұншықтырып бара жатқанын көріп-біліп жүрміз. Бұдан арылудың жолы – рухани тазару жолы. Рухани тазару жолы – Абайдың толық адам ілімін арнайы курстар, семинарлар арқылы мектеп пен жоғары оқу ор­нында айрықшалап, жүйелеп, жаңаша­лап жаппай оқыту, жастар санасына сергек сіңіру”, – деді ғұлама ғалым. “ПАРАСАТТЫ ЖАСТАР” БАЙҚАУЫ Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті биыл бірінші рет студенттердің “Парасатты жастар-2010” атты конкурсын ұйымдастырды. Онда студенттер жасаған иннова­ция­­­лық бизнес-жобалар талқыға түсті. Байқау­дың екінші шешуші турына өткен он бес жұмыс құрамына об­лысқа белгілі кәсіп­керлер, банк бас­- шы­лары, қоғамдық кәсіпкерлік, экономикалық ұйымдар жетекшілері, депутаттар, билік өкілдері кірген беделді комиссия құзырына берілді. Комиссия мүшелері алдымен сту­дент­тердің жұмыстары инновациялық және шығармашылық сипатқа ие деген баға берді. Қазылардың кәсіби деңгей­дегі сүзгісінен өткен осы он бес жұмыс­тың бесеуі алғашқы студенттер кон­курсының жеңімпазы деп таныл­ды. Олардың арасында студенттер құрылыс­қа кететін цемент шығынын азайту технологиясын, ауыл шаруашы­лығы да­қыл­дарын сатудың электрон­дық алаңын ұйымдастыруды, тазалық қағазын шыға­ратын шағын зауыт салуды, бәсе­кеге қабілетті жастардың тұлғалық әлеуетін дамыту техноло­гиясын жасау­ды көте­реді. Комиссия мүшелері жобалардың кейбірін қаржыландыру қазірден-ақ басталуы керектігін де айтты. “Парасатты жастар” студенттердің инновациялық жобалары байқауы алдағы жылы жалғасын табады және ол тек Қостанай университеті емес, облыстағы басқа да жоғары оқу орындарын қамтитын болады. Қостанай.