Медицина • 10 Тамыз, 2018

«Мектебімізге Бердібек Соқпақбаев есімін қайтарыңыздар!..»

2350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1992 жылы қазіргі Таусамалы, бұрынғы Каменка ауылында тұңғыш қазақ мектебі есік ашты. Бұл игі іске ұлтын сүйген біраз патриот азаматтар бір кісідей атсалысты. 

«Мектебімізге Бердібек Соқпақбаев есімін қайтарыңыздар!..»

1993 жылы 1 қыркүйекте, алғашқы қоңырауда мектепке балалар әдебиетінің классигі, әйгілі жазушы Бердібек Соқ­пақбаевтың есімі берілгені туралы шешім оқылды. Оған мектептің ашылу салтанатына қатысқан сол кездегі ауыл кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастанбекұлы Кәркенов (қазір аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы), мектеп директоры Ұлтай Амангелдіқызы Бархинова (қазір Қарасай ауданында әкім­шілік қызметте) және басқа да құзырлы орындардан келген адамдар, сонымен бірге, бүкіл ата-аналар мен ұстаздар, барлық ауыл тұрғындары куә.

Осы мектепте Бердібек Соқ­­­­­пақбаевтың туғанына 80­ жыл толуын үлкен салта­нат­пен өткізгенбіз. Оған Бер­ді­бек­­тің көзін көрген белгілі ақын-жазушылар Қадыр Мыр­за­-­Әлі, Әшірбек Сығай, Кә­дір­бек Сегізбаев, Баққожа Мұ­қай, Шекербек Садыханов, Те­мір­­хан Тебегенов, Асқанбай Ерғожаев секілді қаламгерлер және Бердібек Соқпақбаевтың жары, қызы, басқа да туған- туыс­қандары, Райымбек ауданынан арнайы делегация келіп қатысқан еді.

Жылдар жылжып өткенде Алматы қаласында жаңа аудан шаңырақ көтергеніне орай бар­лық мектепті қайта тіркеу жүр­гізіледі. Сол кезде мектепке классик жазушының есімі берілгені жөніндегі құжат «жоқ» болып шығады. Мектеп алдымен Қаскелең ауданына, содан соң Қарасай ауданына, одан кейін Әуезов ауданына, кейін Наурызбай ауданына ауысты. Осы ауысулар кезінде құжат бір қалтарыста қалған ғой. Ақиқатына келгенде жауапкершілікпен із­де­ген жан болмаған. Көп ұза­май «мектепке Бердібек Соқ­пақ­баевтың аты берілгені жө­ніндегі шешім жоқ екен» деген желеумен қасиетті есім аяқастынан алынып тасталған да, «№188 орта мектеп» деліне сал­ған. «Б.Соқпақ­баевтың аты берілгені жөніндегі шешім жоқ екен» деген сөз жалған – 1993 жылы Ал­маты облысы әкімдігінің 15 қыркүйекте шы­ғар­ған №135 шешімі әлі өз күшін жойған жоқ.

Қазір бұл мектеп жаңа құрыл­ған Наурызбай ауданының енш­і­сінде. Мектепте алғаш екі жүз­дей ғана оқушы табалдырық ат­таса, қазір мыңнан астам бала оқиды.

1993 жылдан бастап Наурыз­бай ауданы құрылғанға дейін Бердібек Соқпақбаев атын­дағы орта мектепті бітіргені жөнінде қаншама түлек аттес­тат алды. Осы жылдар ішінде «Бер­дібек Соқпақбаев атындағы қазақ ор­та мектебі» деп мөр басылған қан­шама құжат толтырылды. Соның бәрі заңсыз, Бердібек Соқ­пақбаевтың есі­мінің берілуі де дұрыс емес болып шыға ма, сон­да?

Қазақтың атын әлемге та­ныт­­қан классик жазушының есі­мін ұрпақ жадынан өшіріп ал­май, қайта оның өмірі мен шы­ғар­маларын насихаттау арқылы жас буын санасына отаншылдық рухты сіңіруге мұрындық болып келе жатқан мектепке Бердібек Соқпақбаев есімін қайтаруымыз керек. Бұл менің ғана сөзім емес, бұл мектеп ұстаздарының да, ата-аналарының да, түлектерінің де, қазіргі шәкірттерінің де ті­легі.

Р.S. Тіпті  қиналатын ештеңе жоқ. Бұрынғы аты­ «Бердібек Соқпақбаев атын­дағы қазақ орта мектебі» еді. Қа­зіргісі «№188 қазақ орта мектебі» болып тұр. Осы екеуін біріктіріп «Бердібек Соқпақбаев атындағы №188 қазақ орта мектебі» деп атасақ болды емес пе!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Алматы