Күрес • 13 Тамыз, 2018

Мәулен Мамыров балуандарға ақ жол тіледі

481 реткөрсетілді

Бұл күндері еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрама командасы Алматының іргесіндегі Талғар ауданының аумағында орналасқан АИБА бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. 

Жакартада өтетін жазғы Азия ойындарына қызу даярланып жатқан балуандардың бабын байқап көру үшін бір топ БАҚ өкілдерімен бірге біз де академияға арнайы ат басын бұрдық. Байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын қорғайтын алты өреніміз және республикамыздың әр қиырынан жиналған басқа да жалынды жігіттер боз кілемде аянбай тер төгіп жатыр екен. Ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев Азиадаға баратын балуандар биыл Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталғанын жария етті.

- Бұл жолы біз ешкімнің атақ-даңқына қараған жоқпыз. Азия ойындарының бағдарламасына енген алты салмақ дәрежесі бойынша ел біріншілігінде топ жарған өрендер ғана Жакартаға бару құқығына ие болды. Олар – Жандос Ысмаилов (57 кило,) Саятбек Оқасов (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило), Әділет Дәулембаев (86 кило), Бақдәулет Әлментай (97 кило) және Олег Болтин (125 кило). Міне, осы алты балуан Индонезияның астанасында боз кілемге шығады. Бұл жігіттердің барлығы да жалынды әрі жігерлі. Әрқайсысы да боз кілемде барымызды саламыз деп құлшынып тұр. Жауапкершіліктің жүгі қаншалықты ауыр болатынын олар жақсы сезінуде. Сол себепті де бұл байрақты бәсекеде еліміздің еркін күрес шеберлері өз жанкүйерлерін жерге қатаратпауға тиіс, – дейді бас бапкер.  

Сол күні Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің жеңімпазы, КСРО халықтары спартакиадасының күміс және КСРО мен ТМД  чемпионаттарының қола жүлдегері, КСРО кубогының иегері Мәулен Мамыров та АИБА академиясына арнайы ат басын бұрған екен.

- Қазіргі кезде өзімнің туған өлкем – Талдықорған қаласында қызмет етіп жатырмын. Сол жердегі Олимпиадалық даярлау орталығының директорымын. Жігіттер осындай жауапты жарысқа даярланып жатқан кезде үйде жатуды жөн көрмедім. Бауырларымның қасында болып, ақыл-кеңесімді беріп, оларға ақ жол тілеу үшін Алматыға арнайы келдім, – дейді даңқты балуан.

Алаштың мақтан тұтар алтын асықтай ұлының жалынды сөздері жастарға айрықша рух беретіні даусыз. Өйткені, айтулы азаматтың отандық еркін күрес өнерінің дамуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екені баршаға мәлім. Атап айтсақ, Мамыровтың осы спорт түрін серік еткен қандастарымыздың арасынан алғашқы болып Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Кейіннен Мәуленнің жеңісті жолын оның ізбасарлары жалғастырды.

Сөз орайы келгенде, олқы соғып тұрған тұсымызды да айтпай кетуге болмас. Сонау 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында аса жеңіл салмақта белдескен Мәулен Мамыров барлық қарсыласын қоғадай жапырып, бас жүлдені олжалаған болатын. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Сол кезден бері жазғы Азиаданың жалауы тағы бес мәрте желбіреді. Өкінішіке қарай, 1998 жылы – Бангкокта, 2002 жылы – Пусанда, 2006 жылы – Дохада, 2010 жылы – Гуанжоуда және 2014 жылы – Инчхонда еліміздің бірде-бір еркін күрес шебері алтын тұғырға көтеріле алған жоқ. Жерлестеріміз көбіне-көп күміс пен қола медальді қанағат тұтты. Бәлкім, Жакартада сол олқылықтың орны толып, осы жолы Мәуленнен бата алған жігіттер Мәуленнің сол ерлігін қайталайды деген үміттеміз!     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жиһаз қоймасы өртенді

Аймақтар • Бүгін, 15:46

Балуандарымыз бабында екен

Спорт • Бүгін, 09:39

Қазақ даласында 10 жыл ат үстінде

Аймақтар • Бүгін, 09:35

Ән мен дәм

Қоғам • Бүгін, 09:22

Әкенің беделі

Аймақтар • Бүгін, 08:59

Қазақтың алтын қазынасы

Руханият • Бүгін, 08:50

Әлеуметтік саясатқа ден қойды

Қазақстан • Бүгін, 08:35

Мәжілісте күн тәртібі нақтыланды

Парламент • Бүгін, 08:14

Ұқсас жаңалықтар