Қаржы • 14 Тамыз, 2018

Әсет Исекешев күзде көмір құнының негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатына арналған жиын өткізді

446 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Әсет Исекешев күзде қатты отын құнының негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатына арналған жиын өткізді.

Әсет Исекешев күзде көмір құнының негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатына арналған жиын өткізді

Астана нарығындағы кө­мірдің ахуалымен қалалық Отын-энергетикалық ке­шені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов таныстырды. Оның айтуынша, қаланың жалпы қорында 9590 тонна көмір бар. Атап айтқанда, «Магнит 21 ғасыр» ЖШС-де Шұбаркөлдің (14 500 теңгеден) және Кузнецкінің 1 700 тонна (12 мың теңгеден), жеке кәсіпкер Айтқожыновада Майкөбенің 500 тонна (10 мың теңгеден), «Умар KZ» ЖШС-інде Қаражыраның 1 мың тонна (13 500 теңгеден), «Северэнергоугольснаб» ЖШС-інде Қаражыраның 4 800 тонна (13 мың теңгеден) көмірі бар. Әрине көмір төңірегіндегі әлеуметтік тартыстың негізгі себебі, сату кезеңі шарықтаған кезде көмірдің жетпей қалуынан туады.

«Бұл қатты отын жағатын қала халқының күн суыта бастағаннан жаппай көмір сатып алуымен тікелей байланысты жағдай. Сатылым қызған кезде көмірдің бағасы да шарықтайды. Сондай-ақ көмір тасымалына тапсырыстың көп түскендігінен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан да вагондардың жетіспеушілігі байқалады», деді Е.Төлеуов. 

Шаһар басшысы осыған байланысты «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-тың көмір жеткізетін вагондармен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алу қажеттігін айтады. Ал «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ бас директоры Қайрат Саурбаев әлеуметтік тартыстың болмауы үшін көмірді айтарлықтай мөлшерде тасымалдаудың жұмыстары жаз маусымында-ақ қарқынды басталып кеткенін жеткізді.

«Астана үшін коммуналдық-тұрмыстық көмірді артуда темір жол транспорты арқылы 60,5 мың тонна, яғни өткен жылмен салыстырғанда 17,8 мың тоннаға көп жеткізілді. Біз жүк артушылармен осы жаз кезеңінде көмірдің максималды түрде жеткізілуін және күзде көмір тасымалдаудың арасы үзілмеуін талқылаған жиын өткіздік», деді Қ.Саурбаев.

Астаналықтардың қатты отынға жоғары сұранысы бар екенін баса айтқан Ә.Исекешев кәсіпкерлерге көмір жеткізетін кестені ұсыну және күнделікті тұрақты түрде 109 қауырт желісі арқылы қалған көмір мен жеткізілуі тиіс жоспарланған көмір туралы нақты ақпаратпен қамтамасыз етудің қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметтің төрағалығымен штаб құрылып, көмір мен жанар-жағармайға қатысты барлық мәселені шешу бақылауға алынбақ. 

Ал Мемлекеттік кірістер депар­таменті мен Отын-энерге­тикалық кешені және комму­налдық шаруашылық басқар­масы Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен бірлесіп, көмір бағасының өсуіне жол бермеу алгоритмін қарастырады. Егер баға өсімі анықталған жағдайда заңда қарастырылған қажетті шаралар жүргізілмек. Былтыр Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті аталған нарыққа талдау жүргізген болатын.

Биыл «Северэнергоугольснаб», «Медина Трэйд», Айтқожынова ЖК, «Умар KZ» және «Жигер Астана» кәсіпкерлік нысандарына қатысты тексеру аяқталды. Соттың шешіміне сәйкес, аталған субъектілерге жалпы көлемі 7 млн теңгені құрайтын монополиялық 20 млн теңге табысын тәркілейтін әкімшілік айыппұл салынды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.

«Астана-энергия» АҚ мәліметінше, елордада 2017-2018 жылу маусымы кезеңінде көмірді тұтыну 2 млн 945 мың тоннаға жетті. Оның ішінде энергия көздері – 2 млн 545 мың тонна, ал халық мұқтаждығы үшін 400 мың тонна болған. Осы орайда Астана қаласының әкімдігі тұрғындарға қысқы отынды көмір бағасы қымбаттамай, кезек көбеймей, әлеуметтік дау-дамай туындамай тұрғанда сатып алуға шақырып отыр. Елордалықтарға жоспарланған көмірді жеткізу IKomek (109) қызметі арқылы хабарланады.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»