Әлем • 14 Тамыз, 2018

Ақтау саммиті әлем назарында

76 реткөрсетілді

Ақтау саммитіндегі Каспий маңы мемлекеттерінің тарихи келісімі жайында дүйсенбі күні әлемнің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. «Каспий бестігінің» ортақ мәмілеге келуіне байланысты сарапшылардың да пікірлері жариялануда. Осыдан-ақ бірегей теңіздің құқықтық мәртебесінің айқындалуына күллі әлемнің назары ауғандығын аңғаруға болады. Атап өтерлігі, шетелдік БАҚ негізінен Каспий теңізіндегі қауіпсіздік, мұнай мен бекіре қорына баса мән берген. 

Кәрі құрлықтан 13 тілде тәулік бойы хабар тарататын «Euronews» телеарнасы Каспий саммиті жайында молынан жазды. Телеарна Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес мемлекеттің басшылары қол қойған құжатты «Каспий теңізінің конституция­сы» деп бағалағандығын атап өткен. 

«Құжатқа сәйкес, Каспий теңізінің негізгі бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді, ал қойнауы мен байлығын игеру халықаралық құқықтарды ескере отырып көрші мемлекеттердің екіжақты келісімдері негізінде жүзеге асырылады. Конвенцияда, сондай-ақ кемелердің жүзуі, балық аулау, ғылыми-зерттеулер және құбырлар жүргізудің талаптары мен тәртіптері көрініс тапқан. Ауқымды теңіз жобаларын жүзеге асыруда экологиялық талаптар міндетті түрде ескері­ле­ді. Оған қоса, Каспий теңізінде та­раптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау шарты енгізілген. Енді теңіздегі қауіп­сіздік пен оның әлеуетін бас­қа­ру­ды «Каспий бестігі» жүзеге асырады», деп хабарлады «Euronews». 

Телеарна, сонымен қатар Каспий қойнауында 50 млрд баррель мұнай мен 300 000 млрд текше метр табиғи газдың бар екендігін жазды. 

Ал халықаралық «Al Jazeera» телеарнасы Каспий сам­миті туралы хабарды негізгі жа­ңалықтардың топтамасымен берді. Телеарна: «Бес мемлекеттің келісімі Каспийдің байлығын игеруге жол ашады. Теңіз жаға­лауындағы бес мемлекет Кас­пийдің құқықтық мәртебесін анық­тай отырып, оның бірегей­лі­гін сақтап қалуға байланыс­ты келісімге келді. Ақтау қала­сын­да бес мемлекеттің басшылары осынау ірі су қоймасын «те­ңіз» және «көл» мәртебесін сақтай отырып пайдаланады.­ Каспийдің Солтүстік және Бал­тық теңіздеріне қарағанда қар­жылық әлеуеті зор. Ондағы мұнай қоры 48 млрд баррелдің ша­масында, бұл Нигерия мен АҚШ мұнайынан да көп. Ал 8,3 трлн шаршы метр газы Сауд Ара­биясының қорымен теңесіп қалады. Каспий, сондай-ақ әлемдегі ең қымбат жеңсік ас – уылдырықтың да маңызды көзі», дейді «Al Jazeera».

АҚШ-тан күнделікті шығатын «The Wall Street Journal» газеті де Каспий саммитін елеусіз қал­дырмады. 

Басылымның дүйсенбі күнгі санын­да­ғы мақала «Каспий маңындағы бес мем­лекеттің басшылары мұнай мен газ қоры жеткілікті, ертеден талас тудырып келген алып су қоймасына иелік ету жөнінде келісімге қол қойды. АҚШ энергетикалық ақ­парат басқармасының филиалынан 2012 жылы Каспийдің мұнай қоры 48 млрд бар­рель, ал газ қоры 292 трлн текше метр бол­ды деп хабарлады. Енді жексенбі күнгі ке­лісім барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа­дан құбыр жүргізу жұмыстарына серпін беруі мүмкін» деп басталған. Одан әрі басылым Каспий саммитін егжей-тегжейлі баяндаған. 

Ал Франциядан таралатын либерал­дық бағыттағы «Les Échos» (lesechos.fr) атты іс­­керлік ор­таға арналған күн­делікті газет Қа­­зақстан, Әзербайжан, Түрік­мен­стан, Ре­сей және Иран басшылары көмір­сутегі мен бекіреге бай­ стратегиялық теңіз­дің құ­қықтық мәр­­те­­бесін анықтап ал­ды, деп жазды. Басылым Қазақстан Пре­­зи­денті Нұрсұл­тан Назарбаевтың ­«...Бұл­ тарихи­ оқиға» деген сө­зін келтіре оты­рып,­ Кас­пий­ қой­науындағы байлыққа шо­лу жасап өткен. Оған қоса теңіз қой­науын­да­ғы мұ­най-газдың көлеміне назар аударып, балықтың да жайын қоз­ғаған. Уылдырығы ба­ғалы бе­кіре балы­ғының әлемдегі мол қо­ры Каспийді мекен­дейті­нін де атап өткен. 

«Белсенді экологтар балық кәсіп­шілі­гінің өркендеуінен балық қорының азайып­ кеткендігіне алаңдап жүрген еді, енді жаңа келісім оларды сақтауға оң әсе­рін тигізері анық», деп жазады фран­ция­лық беделді басылым.

Қытайдың «Синьхуа» агенттігі Кас­пий маңы мемлекеттері басшылары түгел жиналып, Ақтауда тарихи шешім­ге келгендігін жазған. Сонымен қатар теңіз­дің асты-үстін белгілеудің өзара келісілгендігін келтірген.

«Құжат мерзімсіз сипатқа ие.Конвен­цияға қол қою та­рап­­­­тардың 22 жылдан бергі ке­лісім­дерінің негізінде жүзеге асты», делінген қытайлық агент­тіктің хабар­ламасында. 

Дайындаған 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар