Қазақстан • 14 Тамыз, 2018

Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақын-жазушылар мен ауылдағы оқырманның арасындағы байланыс үзілген емес. Әрине бұл байланыстың негізгі дәнекері кітап екені анық. Ендігі жерде арадағы байланыс тіпті жақындай және жиілей түспек.

Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды

Жуырда Қазақстанның Халық ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі өзі туған Түркістан облысы, Отырар ауданы, Жаңа Шілік ауылында ашыл­ған болатын. Екі қабатты ғимаратта ақынның балалық ша­ғынан бүгінге дейінгі өмір жолынан түрлі суреттер мен құжаттар орналастырылған. Сондай-ақ ақынның шығармашылықпен айналысатын жұмыс кабинеттері мен кітапхана, демалыс және қо­нақ қабылдайтын бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. 

Енді Ордабасы ауданы, Жа­ңа­тұрмыс ауылында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ду­лат Исабековтің кітапханасы ашыл­ды. Кітапхананың ашылу салтанатында Жазушылар ода­ғының мүшелері, елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, атап айтсақ Ер­кінбек Тұрысов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бег­манов, Қазыбек Иса сөз сөйлеп, қаламгерді қуанышымен құттық­тады. Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді. «Сіздің шығармаларыңыз өмір­дің өзінен алынған. Айналадағы күн­де көріп жүрген құбылыстар өзін­дік құнарлы да қарапайым тілі­мен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туын­дылар. Ұлтының көкейіндегі ойын айтып, жоғын іздеуден тан­бай­тын, терең ойлары мен қалам қазынасын қатар ұстап, үне­мі сергек жүретін әйгілі жазушы әдеби орта мен жалпы оқырман ықыласына бөленген бақыт­ты жазушы деп сеніммен айта аламыз. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне қоса­тын үлесіңіз еселене түседі деп білемін» делінген өңір басшы­сының құттықтау хатында. 

Кітапхана әрі мұражай ретін­де салынған үйде Дулат Иса­бековтің кітаптары мен түр­лі марапаттары, өмірі мен шығар­машылығынан сыр шертетін заттар қойылған. Жазушының жұ­мыс істейтін және демалатын бөлмелері де талапқа сай жаб­дықталған. Сонымен қатар қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының кітаптары бар. Жалпы саны 2500 кітапты жазу­шының өзі тарту етіпті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шең­берінде қолға алынған іс-шараға ауыл­дағы ел ағалары мен оқыр­ман қауым ризашылығын білдір­ді. 

Өз кезегінде Дулат Исабеков құр­мет көрсеткен жерлестері мен оқырман қауымға, облыс басшылығына алғысын айтып, шығармашылық үйінде түр­лі тақырыптағы еңбектерін жалғас­тыратынын жеткізді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше