Аймақтар • 14 Тамыз, 2018

Арал аумағында атқарылар шаруа көп

64 реткөрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай және «Возрождение» аралының қазақстандық бөлігінің шаруашылық қажеттіліктері үшін жарамдылығын зерделеу мәселелері бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы –Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы қалалық филиалының директоры Сейдіғапбар Мамадәлиев, Ауыл шаруашылығы министр­лігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасы­ның орынбасары Тұрсын Қабдул­данов, Инвестициялар және даму министр­лігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Талғат Сәтиев қатысты.

Үкіметтің 2018 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен «Возро­ж­дение» аралының қазақ­стан­дық бөлігінде және Арал теңізіне іргелес құрлық аума­ғын­да эпи­де­миологиялық саламат­ты­лықты қамтамасыз ету және мониторинг жүргізу жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген.

«Бүгінгі мәселе өте өзекті деп айтуға болады. Бұл еліміздің биологиялық қауіпсіздігі және қазіргі таңдағы «Возрождение» аралының жағдайы. Әрине бұл мәселеге қазір Үкімет тарапынан үлкен мән беріліп, назар аударылып жатыр. Мемлекеттік органдар да бұл мәселемен айналысып, үш жылға арналған жоспар дайындадық. Аталған жоспарды іске асыруға 11 мемлекеттік орган тартылған. Шаруашылық қажеттіліктерін және өнеркәсіп­тік өңдеулерді жүзеге асыруға қа­жет­ті жағдайларды қамтамасыз ету үшін аралдағы санитар­лық-эпиде­мио­логиялық жағдайды зерде­леу қажет. Бұрын 2003-2005 жыл­дары Денсаулық сақтау министр­­лігінің М.Айқымбаев атын­­­дағы Қазақ каратиндік және зоо­­ноздық инфекциялар ғы­лыми ор­­та­л­ығы (ҚКЗИҒО) арал­да зер­делеу жүргізді және 1802 то­пы­­рақ сынамасын, 2101 жылы қан­ды жануарлар мен 8286 олар­д­ың эк­то­паразиттерін (бүрге мен кене) зерттеді. Зерттеу ба­рысын­да «Возрождение» аралы­ның қазақ­стандық бөлігінің эпи­де­миологиялық (инфекциялық) қаупі жоқ екендігі туралы нәтиже алын­ды», деді Бас мемлекеттік сани­та­рлық дәрігер Жандарбек Бекшин.

«Возрождение» аралы Арал теңі­зінде, Өзбекстан және Қазақ­стан шекараларының аясында орналасқан. Оның аумағы шамамен 200 шаршы км, оның ішін­де аралдың қазақстандық бөлігі – 70 шаршы км Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі тарапынан аралдың қазақстандық бөлігін шаруашылық қажеттіліктерге пайда­лануға, сондай-ақ болашақ­та көмірсутек шикізаты кенін өң­деуге жарамдылығын зерделеу­ге қатысты тапсырма берілген. 

«Жалпы жоспарды іске асыру бірқатар іс-шаралар­ды қамтиды. Олар: мемлекет­тік шекараның Қазақстан – Өзбекстан учаскесін шегендеу жұмыстарын аяқтау, геология­лық барлау, ауыл шаруашы­лығы және өзге де іс-шаралар­дың орын­ды­лығы мен көлемін ай­қын­дау, «Возрождение» аралы­ның аумағына іргелес Арал маңы аудандарында болып жат­қан өзгерістерді анықтау үшін олардағы аса қауіпті және зоонозды инфекциялардың табиғи ошақтарына мониторинг жүргізу, арал аумағын зерттеу бойынша ақпарат алуға бағытталған шет елдермен өзара іс-қимылды және консультацияларды қамтамасыз ету», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар