Купедегі кісілер Анталияны мақтап келеді. Қайта-қайта бастарын шайқап: «Керемет! – дейді тамсанып. – Күшті демалып қайттық!»
Олардың әңгімесіне елтіген менің көз алдыма көгілдір айдыны күнге шағылысып, сылқ-сылқ күліп жатқан Ақ теңіз елестейді. Жағалаудағы алтын құмға қыздырынып жатқан қалың жұрт құжынаған құмырсқаның илеуіне, иә болмаса, қыз-қыз қайнап жатқан қызылды-жасылды жәрмеңкеге ұқсайтындай...
Биыл Анталияға барып, теңіз жағасында, көгілдір таулардың етегінде демалып қайтудың сәті түспегендіктен бе, бүгін таң алдында сол жақтан Алматыға ұшып келіп, енді міне, кешкі пойызбен Шымкентке қарай кетіп бара жатқан кісілерге қызыға қараймын. Әрі-беріден соң ішімде бір қызғаныш оты тұтанып, кондиционердің күшімен ғана қоңыр салқын қалпын әзер сақтап тұрған купенің ауасы тарылып, ыси бастағандай көрінеді.
Ендігі бір сәтте ретін тауып, ақырын ғана жылыстап дәлізге шығып кеттім. Дүрс-дүрс еткен теміржолдың тынысы, әлдеқайда асығып бара жатқандай жұлқынған жүрдек пойыздың екпіні ойымды бөліп, әп-сәтте бойым жеңілдеп сала берді. Терезенің пердесін ысырып қойып, сыртқа үңілдім.
Қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк пойызы ысқырып, тарсылдап-гүрсілдеп, көмір, темір, мұнай, машина тиеген составын сүйретіп, жанталаса асығып, дәл жанымыздан бірер минутта зымырап өте шықты. Одан соң кең даланың келбеті қайта ашылды.
Өз төсіндегі дүбірлеген, асыққан, аптыққан тіршіліктің бірін де көзіне ілмей, сол баяғысынша сабырлы, төзімді, сыпа қалпын сақтап, мүлгіп қана жатыр, жарықтық.
Көп ұзамай жол жағасынан бір шағын ауыл көрінді. Ішінде бес-алты тал өсіп тұрған шарбақ қорасы мен есік алдындағы қаңтарылып тұрған трактор, машиналары әне-міне дегенше көз алдымнан зу ете қалды. Себебі, жүрдек пойыз бұл секілді шағын ауылдарға аялдамақ түгілі ентігін де баспайды...
Ауыл шетінен басталатын бір қара жол кең даладағы жота-жондардан асып, тү-у сона-а-ау көз ұшындағы көк теңіздей бұлдыраған көкжиекке қарай созылады екен...
Кенет жүрегім шым ете түсті. Жер ортасындағы Анталияны емес, өзіміздің анау қара жолдарды, жота-жондарды – туған жердің ыстық топырағы мен боз жусанын сағынғанымды түсіндім.
Және сол, көңілімдегі мөлт-мөлт еткен сағыныш көзімнен қос тамшы жас болып үзіліп түскенін жаңа ғана байқадым.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»