Күрес • 14 Тамыз, 2018

Дзюдошы қыздар үш жүлде алуды көздеуде

61 app.timeкөрсетілді

Қазақстанның дзюдошы қыздары Жакартада өтетін жазғы Азия ойындарында 1 алтын және 2 қола медальді иеленуді көздеуде. Бұл жайында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында еліміздің әйелдер құрамасының бас бапкері Марат Данайбаев мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Азиада бағдарламасындағы дзюдошылар сайысы 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстанның туы астында Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило), Кәмшат Қарасайқызы (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Иоланта Бердібекова (63 кило), Зере Бектасқызы (70 кило), Зарина Райфова (78 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило) өнер көрсетеді. Біздің дзюдошылар Жакартаға 25 тамызда аттанады.

Бас бапкердің пайымдауынша, алтын медальді Отгонцэцэг Галбадрах иеленуге тиіс. Иә, аса жеңіл салмақта белдесетін әйгілі балуан отандық дзюдошылар арасында көшбасшы екені даусыз. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның азаматтығын алған моңғол қызы сол кезден бері толағай табысымен өз жанкүйерлерін қуантуда. 2015-2018 жылдар аралығында ол жиырмадан аса жауапты жарыстарда жүлде алды. Солардың арасында 2016 жылғы Рио Олимпиадасы мен 2017 жылғы Будапештегі әлем чемпионатының қола медальдары бар.  Сонымен қатар, Галбадрах Азия біріншілігінде алтын мен күміс және Дүниежүзілік Универсиадада қола медальді еншіледі. Қазіргі кезде ол әлемдік рейтингте 7 орынды иемденуде.

Десек те Отгонцэцэгке Азия ойындарын ұту оңай болады деп ойласаңыздар  қателесесіздер. Себебі, 48 кило салмақтың әлемдік рейтингінде сары құрлықтың үш бірдей өкілі қазақстандық балуаннан жоғары тұр. Олар – моңғолиялық Ұранцэцэг Мұңхбат пен Жапонияның қос жұлдызы – Фуна Тонаки мен Ами Кондо. Алғашқы екеуі үздіктер тізіміндегі бірінші және екінші орындарды өзара бөліссе, үшіншісі 7 сатыға жайғасты. Және де олардың жеңіп алған жүлделері де жетерлік. Тарқатып айтсақ, Ұранцэцэг Мұңхбат – 2013 жылғы әлем чемпионы және 2014 жылғы әлемнің вице-чемпионы. 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы. Құрлық біріншілігінде үш рет (2009 жыл – қола, 2012 жыл – алтын, 2013 жыл – қола) және Дүниежүзілік Универсиадада екі рет (2009 жыл – күміс, 2015 жыл – қола) жеңіс тұғырына көтерілді.

Жапонияның қос аруы жайында айтар болсақ, Ами Кондо Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында ол екі мәрте жеңіс тұғырынан қол бұлғады. 2014 жылы Челябіде алдына жан салмаса, 2015 жылы Астанада үшінші орынға табан тіреді. Ал Фуна Тонаки былтырғы жылғы әлем чемпионы. 

Қазақстан құрамасының бас бапкерінің осы жарыста жоспарлап отырған қос қоласының бірін аса ауыр салмақтағы Гүлжан Исанова алуға тиіс. 34 жастағы қазақ балуаны бұған дейін 2006 және 2010 жылдары алауы тұтанған Азия ойындарында үшінші орындарды олжалаған болатын. Одан бөлек, Азия чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медальді қоржынға салды. Қазіргі кезде Гүлжан әлемдік рейтингтің +78 кило салмақ дәрежесінде 26 орында тұр.

Ал қалған қыздарымыз дүниежүзілік рейтингте мына сатыларға жайғасты:  Кәмшат Қарасайқызы – 179 орын, Севара Нышанбаева – 21 орын, Иоланта Бердібекова – 170 орын, Зере Бектасқызы – 48 орын  және Зарина Райфова – 33 орын.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар