Аймақтар • 15 Тамыз, 2018

Ақтөбе өңірінде егін ору басталды

1245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр жылдағы егін орағының өзіне тән ерекшелігі болмай қалмайды. Биылғы өзгешелік – ауа райының салқындығы мен қолайсыздығы, үздіксіз жауған жауынның салдарынан көктемгі егіс жұмыстарының алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда бір-екі аптаға кеш басталғандығы. Сондай-ақ биыл Ақтөбе өңірінде дәнді дақылдар алқабының көлемі әжептәуір ұлғайып, 700 мың гектарға жетті.

Ақтөбе өңірінде егін ору басталды

Ақтөбелік диқандар алға қой­ған мақ­сат­тарына қол жеткізе ала ма? Бұл сауалға әзірше нақ­ты жауап қайтару ертерек. Өйт­кені өңір­дегі егін алқаптары­ның басым бөлігінде бидай масақтарының дәнденуі мен толысу кезеңі енді ғана аяқталып келеді. Со­ған қарамастан қазіргі күні ал­қаптарда күздік бидай мен арпаны ору жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Темір ауданының аграршылары 20 мың гектардан астам егістіктің өнімін орып үлгерді. Мұндағы өнімділік әр гектарға шаққанда 7,5 центнерді құрайды. Суармалы егістік болмағандықтан мұны төмен көрсеткіш деуге болмас. Мұндай жағдайда бидайдың құрамындағы қамырлылық мөл­шері жоғары болады деп тұ­жы­рымдайды аграршы ғалымдар. 

Алдағы күндерде ай­мақ­та жаппай егін орағы нау­қаны қарқын алады деп күті­луде. Қазіргі күні оған қажет­ті ауыл­ша­руа­шылық техника­лары­ның 98 проценті жауапты кезеңді ойдағыдай өткізу үшін сақадай сай. Сондай-ақ диқан­дарды жанар-жағармаймен қамта­масыз ету ісінде де айта қал­арлық­тай кедергілер жоқ. Өйт­кені өткен шілде айында Ауыл шаруа­шылығы министрлігі облыстағы егін ору науқанын қалыпты жағ­дайда жүргізу үшін 8,5 мың тонна дизельдік отынды жеңілдетілген бағамен бөліпті. Литрінің бағасы − 162 теңге. Нарықта баға 182 теңге екенін ескерсек, мұның өзі астық өсіру­ші­лер үшін әжептәуір көмек болып шығады. Яғни бұл жеңіл­де­тілген отын 11 процентке арзан. 

Қазір дизельдік отынның тең жартысынан астамы облысқа жеткізілген. Сондай-ақ бірқатар бөлігі ауылшаруашылық тауа­рын өндірушілерге бөлінді. Бүгінде облыста ауа райы егіс ору науқанын кідіріссіз жүргізуге қолайлы. Осы мүмкіндікті бос жібермеуге астық өсірушілер бір кісідей жұмылып отыр. 

Тағы бір айтайын дегеніміз, өңірде сонау кеңестік кезеңде салынған элеваторлар мен астық сақтау қоймаларының біразы кейінгі кезде иесіз қалғаны, енді біразы ескіргені жасырын емес. Соған қарамастан облыста 2018 жылдың өнімін сақтауға қажетті барлық шаралар жасалған. Мұнда алты қамбаға астық қабылдау үшін арнайы лицензия берілген. Оның сыртында облыстағы көптеген жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктер мен агрофирмаларда өздерінің астық сақтау орындары бар екенін ескерсек бұл істе кідіріс болмауға тиіс. 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»