Қазақстан • 15 Тамыз, 2018

Халықаралық Армия ойындары мәреге жетті

618 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында төртінші Армия халықаралық ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Халықаралық Армия ойындары мәреге жетті

Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы  Қарулы Күштерінің құрамасы жалпы командалық үшінші орынды иеленді, бірінші орынға Ресей Федерациясының командасы, ал екінші орынға Қытай Халық Республикасының әскери қызметшілері қол жеткізді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. 

Үздік үштікті түйіндеді

Қазақстанның әскерилер ко­ман­дасының даярлығын ұйым­дас­тырушылар жоғары баға­лады. Атап айтқанда, ойынның төре­шілер алқасының мүшелері Қазақ­стан Қарулы Күштері әскери қыз­метшілерінің дайындық деңгейі, кәсіби шеберлігі мен жа­уынгерлік машықтары жоға­ры екенін ерекше атап өтті. Ар­мия­лық ойындарда «Астана», «Оң­түстік», «Батыс», «Шығыс» өңір­лік қолбасшылықтарының 300-ге жуық әскери қызметшісі бақ­тарын сынаған еді. Сайыстардың қорытындысы бойынша Қазақ­стан құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленді. 

АрХО сайысының жабылуы шеңберінде Қорғаныс министрі Н.Ер­мекбаев Ресей қорғаныс ве­домствосының басшысы, армия генералы С.Шойгумен кездесу өткізді. Кездесу барысында та­раптар екіжақты әскери ынты­мақ­тастықтың бұдан кейінгі мәсе­лелерін талқылады.

Аталған кездесуде С.Шойгу Қазақстан командасының Армия халықаралық ойындарындағы жеңістері қазақ әскерилерінің жо­ғары дайындық деңгейін паш ет­кендігін және бұл сайыс екі мемлекеттің әскери-техника­лық қарым-қатынастарын талқы­ла­й­тын таптырмас алаңға айналған­дығын атап өтті. 

– Сіздердің командаларыңыз жақсы өнер көрсетті, жүлдегерлер қатарынан көрінді, тіпті жекелеген сайыстарда бірінші орынды иеленді. Бұл Қазақстан ар­мия­сының жоғары деңгейде жарақ­тан­дырылып, оқыту-үйрету ма­шық­тарының артқандығының бел­гісі, – деді Ресей Қорғаныс ми­нистрі. 

Өз кезегінде Нұрлан Ермекбаев Ресейдің Қазақстан үшін ең жа­қын әскери серіктес екендігіне тоқталып, ынтымақтастық арта беретіндігіне сенім білдірді. 

Отарда оғландарымыз озды

Халықаралық ойындардың Қазақстан аумағында өткен кезеңі­нің жабылу рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев қатысты. 

Армия ойындарының шең­бер­інде «Отар» 40-шы әскери ба­за­сының аумағында өткен байқау­лар­дың барлық кезеңдерінде Қа­зақ­стан Қарулы Күштерінің әске­ри қызметшілері бірінші болды. 

«Отар» әскери базасында Ар­мия халықаралық ойындары шең­берінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аңшылығы» және «Сенімді қабылдау» ха­лық­аралық байқаулары өткен болатын.

«Артиллериялық оқ ату ше­бер­лері» байқауының қорытындысы бойынша құрама командалар арасында қазақстандық әскери қызметшілер бірінші орынға, Беларусь пен Өзбекстанның қа­тысушылары екінші орынға, Әзербайжан мен Ресейдің артиллерияшылары үшінші орынға ие болды. 

«Сұңқар аңшылығы» бай­қауы­ның нәтижелері бойынша Қа­зақстанның әскери қызметшілері – бірінші, Ресей командасы – екінші және Беларусь командасы үшінші орындарды еншіледі. 

Ал «Сенімді қабылдау» бай­қауының қорытындысы бойынша қазақстандық армияның әскери байланысшылары абсолюттік жеңімпаз атанды. Ойынға барлығы 12 мемлекеттен, яғни, Әзербайжан, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Сириядан 18 команда қатысты.

Сайыстардың қорытындысы бойынша жүлдегерлер кубоктармен, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

«Достастық жауынгерлерін» күтіп алды 

Елордадағы «Нұрсұлтан На­зар­баев» әуежайында ағым­дағы жылғы шілденің 28-і мен тамыздың 3-і аралығында Арме­ния Республикасында өткен «Достастық жауынгері» халық­аралық байқауында бірінші орын алған қазақстандық команданы Қа­рулы Күштерінің басшылығы, әскери қызметшілердің қару­лас­тары мен жақын туыстары күтіп алды. 

Бұл жерде Қазақстан Қару­лы Күштері Бас штабы басты­ғы­ның орынбасары, генерал-ма­йор Мұхамеджан Таласов халық­аралық аренада қазақстандық ар­мияның намысын қорғаған әскери қызметшілерді мақтан тұтатынын айтты. Қазақстандық армияның құрама командасы «Достастық жауынгері» байқауы бес ке­зеңінің қорытындысы бойынша абсолюттік жеңімпаз атанғанын естеріңізге сала кетейік. 

Қазақстандық армияшылар, сондай-ақ «Эльбрус сақинасы» байқауында көшбасшылар үш­тігіне іліккен болатын.

14 тартысты, күрделі және әртүрлі арнайы тапсырмалардан кейін Қазақстанның командасы 10837 ұпай жинап, үшінші орынды иеленді. Бірінші орында – Ресейдің таулы бөлімшелері және екінші орында Қытай әскерилері. 

Сайыс құзға өрмелеу, тауда бағдарлау, таулы кедергілер жолағын еңсеру, оқ ату, өзен өткелдері және десанттық түсіруді қамтыды. Байқаудың шешуші кезеңі (2300 м) 100 шақырымдық маршруттан өту болды. Қабарда-Балқар Республикасында өткен «Эльбрус сақинасы» байқауына әлемнің 7 елінің таулы бөлімшелері қатысқан еді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»