23 Ақпан, 2010

АҚШҰҚЫР ДЕГЕН АУЫЛ БАР...

2231 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Өңір адамдарының Ақшұқыр ауылын ауызға алса елең ете қалатыны бар. Облыс орталығына жақын орналасып, кәрі Каспийді жағалай салынған әсем елді-мекеннің аты ауыл болғанмен, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы екі-үш жылда ғана бірнеше әлеуметтік ны­сан­дар бой көтерді. Содан да болар бұры­нырақта осы ауыл тұрғындары қалаға, ойға-қырға жүгіріп жұмыс іздейтін. Бұл күндері бәрі де керісінше болуда. Облыс­қа белгілі “Жайлау” ЖШС мал тұқымын асылдан­дыра өсірсе, 20-а тарта жеке шаруа қожа­лықтары да шаруашылық­тарын шалқыта түскен. Ақшұқырда да, Сайын ауылында да жеке кәсіпкерлік кең қанат жайыпты. Соның нәтижесінде 12 дүкен, наубайхана, шеберхана, шаштараз сондай-ақ тұрғын­дарға арзан бағамен азық-түлік сататын “Берекет” мемлекеттік кәсіпорнының төрт нүктесі жұмыс жасап тұр. Оған қоса өткен жылы ауылда бір мектеп, 100 орындық балабақша, бастап­қы медициналық көмек көрсету және ауыл­дық жерде алғашқылар­­дың бірі болып халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға беріліпті. Электр жарығы, “көгілдір отынмен” толықтай қамтамасыз етіліп, екі ауылда да ауыз су резервуарлары салынғанының нәтижесінде тұрғындар саны бес жылда екі есеге өскен. Халқы еңбекқор селолық округтің әкімі Айсағали Нұғымановтың айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасының өмірге келуі өңірдің өңін өзгерте түскен. Жүзден астам адам жұмысқа тартылып, орталық көшелер абаттандандырылып, жолдар жөндетіліпті. Ағаштар ғана емес гүлзарлар да отырғы­зылыпты. Осынау жүйелі жұмыс биыл да жалғасын табу үстінде. Орталық көшелер демекші, басқа елді мекендерден гөрі осы ауылда еңбек ерлерін, ел мақтанышына айналған ауыл азаматтарының есімін еске алу, қатардағыларына құрмет көрсету, өмірден озғандарының рухына тағзым етуде үлгі боларлық жайлар бар екен. Өткен жылы осында біраз игі жақсыларға көше аттарының берілулеріне орай олардың ұрпақтары, тума-туыстары ауыл төріне ақбоз үйлер тігіп, қонақасы ұйымдастырды. Оның соңы ән-жырға, ұлттық спорт ойындарына жалғасқандығынан да хабардармыз. Және де сол бір салтанатты сәтте әр жылдары ауылды басқарған, оның өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлерге де алғыс айтып, құрмет көрсетілуі құптар­лық жағдай. Өйткені, бұл алтын бесігіміз ауылды көркейтуге үлес қосқандармен қатар жас мамандардың тұрақтап, елдің ертеңін ойлауларына септігін тигізе түсетін тамаша үрдіс деп ұқтық. Ақшұқыр ауылы тек қана келешегі кемелденіп келе жатқан Түпқараған ауданының ғана емес, Маңғыстаудың мерейін өсіре түсуге өзіндік үлес қосып жүрген елді-мекен екендігін мақтан тұтамыз, – дейді аудан әкімі Серікбай Тұрымов. Шындығында солай екен. Үйлері ақшаңқан, көшелері таза. Елге оралған қандастарымыз осы жерде тұруға қуана келісіп, жер алып, әсем үйлерді қаздай тізілтіп салуда. Осында республика бойынша үлгілі атанған мәдениет үйі жұмыс істейді. Белгілі жерлес қаламгер Маршал Әбдіхалықов атындағы орта мектеп республика бойынша “XXІ ғасырдың таңдаулы ауыл мектебі” номинациясымен бірінші орын иеленгені тағы бар. Аймаққа белгілі ұстаздар ұясының оннан астам оқушысы республикалық бай­қау­лар жүлдегері. Ауыл спорт залында респуб­ликалық, халықаралық спортшылар жарысы өтіп ауылдан бір жеңімпаз, бірнеше жүлдегер шыққан. Сол игі істердің басы-қасында жүріп, ретін тауып ойдағыдай ұйымдастыра білетін ауыл әкімі Айсағали Нұғыманов болса Елбасы Жолдауы алдағы жұмыстарымыздың бағдаршамы, – дейді. Оны біз де Ақ­шұқыр ауылының бүгінгі ахуалы, еңбек тынысы мен тұрмыс тірші­лігі, тұрғындарының келешекке деген нық сенімдерінен анық байқағандай болдық. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы. КОМПАНИЯ ӨЗ МІНДЕТТЕРІНЕ АДАЛ Әлемдегі ең ірі әрі ең терең мұнай кеніштерінің бірі – Теңіз мұнай кенішін игерумен айналысып жатқан “Теңізшевройл” компаниясы үшін өткен жыл табысты аяқталды. Жалпыұлттық “Парыз” байқауының “Ең үздік ұжымдық келісім-шарт” номина­циясы бойынша өткен жылдың қорытындысында алтын жұлдызды иеленген “Теңізшевройл” ЖШС-ның Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесі қомақты. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматыда бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерімен кездескен “Теңіз­шевройл” ЖШС-нің бас директоры Тодд Леви жиналғандарға компанияның бү­гін­гі ахуалы және келешектегі кешенді жо­балары төңірегінде жан-жақты баяндады. – Көпшілікке белгілі, “Теңізшевройл” әлемдегі ең ықпалды компания. Біздер үшін ең қуаныштысы да сол жыл өткен сайын табыстарымыз молая түсуде. Халықтың сеніміне ие болып, өндірістік жетістіктерді әлемдік деңгейге жеткізу алға қойған іргелі әрі маңызды мақсат­тардың бірі. Бұл орайда, ең алдымен қоршаған ортаны қорғау, яғни өндірістің қоршаған ортаға тигізер залалын азайтуға басты назар аударылуда. Мәселен, “Те­ңізшевройл” 2000 жылдан бері қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 2,2 миллиард доллардан астам қаржы бөлді. Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған бұл инвестициялар алауларда жағылған шикі газдың жалпы көлемін 2000 жылмен салыстырғанда тоқсан пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Соның нәти­жесінде өткен жылы атмосфераға жіберілген шығындылардың көлемі 68 пайызға азайтылды, – дейді “Теңіз­шевройл” ЖШС-нің бас директоры Тодд Леви. Компания басшысы атап көрсеткенін­дей, жобаларды жүзеге асыру үрдісінде өнді­ріс­тің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіз­дік­ті мейлінше арт­тыр­ған бірқатар инно­ва­циялық технологиялар енгізілген. Сонымен қатар, өндіріс пен өн­дірілген өнім көлемі артқан сайын еліміздің бюджетіне ауда­ры­латын тікелей  төлем­дер мөлшері де ұлғая түсуде. Тодд Леви мырзаның айтуынша, “ТШО” бірлескен кәсіпорыны құрылған уа­қыттан бастап, бүгінгі күнге дейін компа­ния­ның Қазақстан Республикасына төлем­дері шамамен алғанда 36 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. – Өздеріңізге жақсы белгілі, өткен жылы мұнайдың бағасы өте төмендеп кет­кен жағдайдың өзінде біздің компания­ның Қазақстан Республикасына төлемдері өзге төлеушілер арасында өте жоғары болды. Ал, биылғы 2010 жылы рыноктағы қалыптасып отырған қазіргі бағаға және өндірістің ауқы­мы­на орай, бұл көрсеткіш өткен жылдан да жоғарыламақ,– деп сенім білдірді Тодд Леви мырза өз сөзінде. “Теңізшевройл” ЖШС-ның бас дирек­то­ры Тодд Леви “Қазақстан үкіметінің жергілікті тауар өндірушілер мен қызметпен жабдықтаушыларды барынша молырақ тарту жөніндегі ұстанымын толық қуаттайтын­ды­ғын атап айтты. Оған компанияның өткен 2009 жылы ғана қазақстандық тауарлар мен қыз­меттерге 1,2 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсағаны айқын дәлел бола алады. Бас директор кезекті жаңа жо­ба­ны жүзеге асыруда өндіріске қажетті бар­лық құбырлар өнімі жөнінде жергілікті кә­сіп­орынмен жұмыс істеу жөнінде жоспар бар екендігін де хабарлады. Теңіздің қаже­ті­не сай келетін өнімдермен қамтамасыз­дан­дыру мәселесіне байланысты Павлодар құ­быр жасау зауытымен компания қазірде жұ­мыс жүргізуде. Атап айтарлығы, павлодар­лық­тардың өнімі, яғни құбырлары “APІ” стандартына сай келуі көп нәрседен хабар берсе керек. Тодд Леви мырза бұл құбыр­лар­дың үлгілері “Шевронның” Калифор­ния­дағы лабораториясына жіберілгендігін және онда бұл құбырлардың қажетті стан­дартқа сәйкестігі арнаулы бақылаудан өтетіндігін тілге тиек етті. Қазіргі кездегі серіктестері – “Шеврон” (50%) “Қазмұнайгаз” (20%), “Эксон Мобил Қазақстан Инк” (25%) және “Лук Арко” (5%) болып келетін “Теңізшевройл” компа­ния­сы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидасын сақтауда ұқыптылық танытуда. ТШО “Игілік” бағдарламасына өткен жылы 20 миллион доллар көлемінде қаржы бөлді. Оның едәуір бөлігі Атырау облысындағы Құлсарыда сумен жабдықтау жүйесін қайта жүргізуге жұмсалды. 2010 жылы Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін қайта жүргізу жобасының құрылысын одан әрі жалғастыру үшін тағы да 20 миллион доллар қаржы бөлінді. Кәсіпорында қазақстандық тауарлар мен қызметтерге жұмсалған қаржы мөлшері 1,2 миллиард долларды құрайды. Кәсіпорын жоспарында 2010-2020 жылдары өндірісті алға қарай жетілдіруді және жабдықтардың сапалылығын арт­тыру­ға бағытталған экологиялық жобаларды жү­зеге асыру үшін қосымша 350 миллион доллар қаржы жұмсау ұйғарымы да бар. Құны 258 миллион доллар тұратын газды кәдеге жарату және 176 миллион долларлық шикі мұнай сақтайтын жаңа резервуарлар паркі құрылыстарының нысандары сияқты өткен жылы аяқталған бірқатар іргелі жобалар ауаны ластайтын қалдықтар мөл­шерін едәуір азайтты. Бұл жоба Теңіздегі газдың алау түрінде босқа жағылуын толық­тай тоқтатуға және шығарындылар көлемін жыл ішінде 6000 тоннаға қысқартуға ықпал етті. Әлеуметтік жауапкершілік, өнім өт­кізудегі жетістіктермен қатар, компания өнім өндіруде де біршама табыстарға қол жеткізуде. “KazEnergy” ассоциациясы өткен жылы ұйымдастырған Еуразиялық энергетикалық форум аясында өткізілген мұнай және газ апталығында ТШО-нің “Шикі газды өнімді қабатқа кері айдау” жобасы ең үздік инно­вациялық жоба деп танылып, “Прометей” сыйлығын иеленді. Тағы да бір ескере кететін жәйт, кәсіпорындағы қазақстандық қызметкерлердің саны қазірде сексен үш пайызға, ал жергілікті орта буын жетекші­ле­рінің, менеджерлердің үлесі жалпы бас­шылық құрамының 75 пайызын иеленуде. Сонымен, өндірісті оңтайландыруды әлемдік стандарттар деңгейіне көтеруді көздейтін компанияның келешек кеңею жобасына (ККЖ) Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісін кеңейтудің ауқымдылығын арттыру және жоба аясында Қазақстанның жаңа өндірістік мүмкіндіктерін ашу және басқа да бірқатар іс-шаралар енбек. Сонымен қатар, жаңа басталып отырған жылға жүктеліп отырған міндеттер де ауқымды. Кәсіпорын жетекшісі “Теңізшевройлда” биыл да бұдан бұрынғы жылдардағыдай өндіріс көлемін ұлғайту, Қазақстанның экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу мәселелеріне назар  аударылатындығына сенім білдірді. Алматы.