Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Батыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қызу

226 реткөрсетілді

Батыс Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық басты назарда тұр. «Қыстың қамын жаз ойлаған» коммуналдық мекеме қызметкерлері жаз бойы жылу құбырларын жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа маусым қарсаңында әр ғимаратқа дайындық төлқұжаты берілуі тиіс.

Өңірдің жылыту маусымына дайындығын облыс басшысы Алтай Көлгінов жеке бақылауына алған. Бүгінгі жағдай бойынша 2018-2019 жылыту маусымына 388 денсаулық сақтау нысанының 367-сі, 638 білім беру нысанының 601-і, 387 мәдени ғимараттың 373-і толық дайын болыпты. Орал қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайыздан астамы гидравликалық сынақтан ойдағыдай өткен. Бұл олардың жаңа маусымға толық дайын екендігін көрсетеді. Жақын күндері жылу құбырларын қысыммен сынау Ақсай қаласында да жүргізілмек.

– Облыс бойынша 40 шақырымдық жылу желілерін жөндеп жаңғырту жоспарланған еді. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласына, 28,8 километрі Ақсай қаласына тиесілі. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 32 шақырымнан астам желіні қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл үшін 2 млрд теңгедей қаржы көзделген. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында Орал қаласында 2 км, Ақсайда 15,8 км жылу құбырлары желісі жаңғыртылды. Осынау кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуы 51,6%-ға азайды. Ал Ақсай қаласындағы тозығы жеткен желілер 43%-дан 7%-ға бір-ақ азайды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Рүстем Зәкәрин.

«Жайықжылуқуат» АҚ жетекшісі Мұрат Бәйменовтің айтуынша, жергілікті жылу-қуат орталығының (ТЭЦ) қазандықтары мен жылу құбырларының 72 пайызына жөндеу жүргізіліп, 6 шақырымға жуық желі жаңғыртылған.

– Қазіргі таңда біздің мекеме құзырында 20 қазандық бар, олардан шығатын жылу желілерінің ұзындығы – 21,88 км. Бұл қазандықтарда 55 қазан бар, оның 51-і – сумен, төртеуі – бумен жылытылады. 20 қазандықтың 9-ы жыл бойы, 11-і маусымда ғана жұмыс істейді. Дәл қазір 2018-2019 жылыту маусымына 80 пайыз дайынбыз. Яғни 20 қазандықтың 16-сы сақадай сай тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 4804 метрлік төрт жылу магистралы жөнделді, – дейді М.Бәйменов.

Қысқа дайындық шараларын дер кезінде жүргізу халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеріп, екі жаққа да тиімді ете түседі. Өйткені ашық-жарықта жасалған сапалы жөндеу жұмыстары жылу желілерінде суды рәсуа қылмай, жылу шығынын азайтады, қосымша қондырғылардың тиімділігі артады. Сөйтіп, халықты жылумен қамту сапасын көтереді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында жалпы құны 1 млрд теңге бөлініп, 10 км су құбырлары жаңғыртыла бастады. Дәл ұазір 1,5 шақырымдық желі жөнделіп үлгерді.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, өңірде электр желілерін жөндеу ісі де қызу жүруде. «Батыс Қазақстан РЭК» АҚ алдағы қысқы маусымға дайындық үшін 242,5 млн теңге көлемінде қаржы бөліп, 3 мың шақырымдық электр жүйесін тексеріп шықты. Дәл қазір 19 электрлік және 310 трансформаторлық стансаларда жөндеу жұмысы жүргізілуде. 80%-дан артық жұмыс орындалды.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы да 7 мың шақырымнан астам газ тарату желілерін сынақтан өткізді. Қаһарлы қыста Ақ Жайық тұрғындардың суықты сезінбей, ұядай жылы жерде өткізу мәселесін облыс басшылығы қатаң қадағалап отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Сырттанов туралы сыр

Руханият • Кеше

«Шаңырақтың» шапағаты

Руханият • Кеше

Тағылымы мол кездесу

Аймақтар • Кеше

Аграрлық банк құрылса...

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар