Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Ақтауда үздік тауар өндірушілер анықталды

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында «Қазақ­станның үздік тауары – 2018» өңірлік көрме-байқауы өтті. 2006 жылдан бастап елімізде жоғары деңгейде өткізіліп келе жатқан  «Қазақстанның үздік тауа­ры»  байқауы бүгінде ұлттық бренд дәрежесіне көтерілді.  Жергілікті тауарөндірушілерді қолдау, отандық өнім сапасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа серіктес табу, бизнестің жаңа бағытын ашуға серпін беретін байқаудың мақсаты − өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халық арасында сапа идеясын таны­мал ету. Байқауға қатысу арқылы кәсіпорындар өздерін танытуға, тауарын жарнамалауға, тұтынушы қатарын арттыруға зор мүмкіндік алады.

Ақтауда үздік тауар өндірушілер анықталды

Маңғыстау облысында өткен биылғы байқауға  өңірдегі 30-дан астам кәсіпорын қатысып, оның 14-і көрмеге өнімдерін шы­ғарды. Сондай-ақ  байқауда танымал кәсіпорындармен қатар кәсібін жаңадан бастаған тауар өндірушілердің де өнімдерімен танысуға мүмкіндік туды.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сакеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысына тоқталды.

– Маңғыстау облысы Қазақ­станның ең қарқынды дамып келе жатқан аймағының бірі, елдің ішкі жалпы өнімі 5,6%- тін­ құрайды. Жыл сайын біздің облыс­та орта есеппен  914 жаңа кәсіп­орын ашылады.  Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны  9505-тен   асады. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы көмегімен шағын несие беру бағдарламалары, соның ішінде ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру бойынша ақпарат­тандыру жұмыс­тары жүр­гі­зі­луде, − деді аймақ басшысының орынбасары.

Маңғыстау облысында  306 ірі және орта бизнес субъектісі бар. Үдемелі индустриялық-инно­­вациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс­тың Индустрияландыру картасына  22 жоба енгізілген. Қазір­гі таңда өңірде Еуразиялық эко­­но­микалық қауымдастығы (ЕурАзЭҚ) мен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясында жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерді шығару бас­ты назарда. 

− Мемлекет басшысы «Стра­тегия-2050» бағдарла­масында отандық бизнесті ішкі табыс­ты өсірудің ең маңызды көзі ретінде белгіледі. Маңғыстау кәсіп­керлері жаңа бастамаларды белсенді түрде қолдайтынына сенімдімін. Осылайша олар экономиканың өсуіне және ха­лық­тың әл-ауқатының одан әрі жақсаруына үлес қоса­ды, − дей­­ді «Атамекен» кәсіпкер­лер палат­а­сы өңірлік филиа­лының директоры Нұрбек Қара­саев.

Сараптамалық комиссияның таңдауымен «Өңірлік мақ­саттағы үздік тауарлар» аталымы­ бойынша – «Каспий Битум» ЖШС,  «Каскор-Машзавод» АҚ,  «Пар­кер-Казахстан» ЖШС топ­ жарса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында  «Жанарыс» ЖШС,  «Жекенова Әсел» ЖК мен  «Домик» ЖК жеңіске жетті. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» ата­лы­­мы бойынша  жүлделерді «Сельскохозяйственный коопера­тив «Сегизбай Ата» ӨК мен  «Саукымбек» ЖШС және  «Бере­кет-Ф» ЖШС иеленді.

Жүлдегер тауар өндірушілер Маң­ғыстау облысы атынан күз­де Астана қаласында өтетін «Қазақ­станның үздік тауары» рес­публикалық байқауына және «Қазақстанда жасалған» көрмесіне қатысатын болады.

 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы