Аймақтар • 21 Тамыз, 2018

«Тараз» қонақүйі жатақханаға айналады

1214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қай өңірде болсын, студенттер жатақханасы – басты мәселе. Арман арқалап ауылдан келген жастардың біразы негізінен туыстарының үйін паналап немесе пәтер жалдап күнелтеді. Жатақхана біріне берілсе, енді біріне бұйырмай жатады. Мыңдаған студенттің бәрін бірдей жатақханамен қамту мүмкін болмаса да, Жамбыл жеріндегі жақсы бастамалар жастардың үмітін үкілеп, сенімін нығайта түсуде.

«Тараз» қонақүйі жатақханаға айналады

Нақты айтсақ, Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы Әулиеата өңірінде орындалуда. 

Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылының бойында орналасқан «Тараз» қонақүйі бұдан былай Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасы болады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған бұл ғимараттың жалпы аумағы 7656,2 шаршы метрді құрайды. Аталған университет «Тараз» қонақүйін өз қаражатына сатып алып, ғимараттың кей бөліктерінде жөндеу жұмыстарын бастап та кетіпті. Университеттің тәрбие және стратегиялық дамыту жөніндегі проректоры Са­нат Әшірбеков алдағы уақытта бұл ғимараттың 400 орындық Студенттер үйіне айналатынын айтады.

Биылғы жылдың өзінде 200 студент жатақхана алуға сұраныс беріпті. Ал күзге қарай тағы 160 студентті үймен қамту жос­парлануда. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады.  

Санат Әшірбековтің айтуынша, университет басшылығы алғашында студенттерге арнап жатақхана салуды жоспарлаған екен. Алайда таңдау талай жыл бойы көпшілікке қызмет көрсетіп келген «Тараз» қонақ-үйіне түсіпті. Бүгінде аталған университеттің әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің атсалысуымен нысанның екінші және үшінші қабаттарына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс күз мезгілінде аяқталса, одан кейін нысанның шатырын толық жаңалау үшін 200 миллион теңге көлемінде қаражат қарастыру көзделуде. Шатыры толық жөндеуден өткен соң төртінші және бесінші қабаттармен қатар, нысанның өзге де бөліктері қай­та жаңғыртылады. Қонақүйдің әр қабатындағы 40 бөлменің әрқайсысын екі адамдық бөлме ретінде жабдықтау жоспарлануда. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келіп қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен профессорларды, сондай-ақ жас мамандарды аталған оқу орны осы уақытқа дейін қызметтік пәтерлермен қамтып келген. Енді қайта жаңғыртылып жатқан жатақханадан оларға бөлмелер беріледі екен. 

Бұрынғы «Тараз» қонақүйі, бүгінгі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасында студенттердің өзін-өзі дамытуға арналған кабинеттер, сабаққа дайындалу, психологиялық көмек көрсету бөлмелері, интернет-кафе, кітапхана, спортзал және түрлі үйірмелер ашылады. Мұның бәрі жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, сонымен қатар өзін-өзі дамытуына септігін тигізбек. Жатақханада тұру ақысы студенттерге қолайлы, өңірдегі өзге оқу орындарындағы жатақхана бағасынан аспайтын деңгейде белгіленетін болады. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы