ЕУРООДАҚ ӨЗ МҮШЕЛЕРІН ЖОЛДА ҚАЛДЫРМАЙДЫ
Жақында Еуропада күтпеген оқиға болды. Қарт құрлықтың белді мемлекеттерінің бірі саналатын Грекия экономикалық күйреуге душар бола жаздады. Қаржысы таусылған үкімет жұртты айлықтан қысып еді, оған қарсылық білдірген халық көтерілді. Сонда Еуроодақ бұл елге жедел түрде көмек көрсету керек деп шешті.
Бұрын бұлай болмаған. Тіпті дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың өткен жылғыдай шарықтау кезінде де әркім қиындықтан өзінше шығып жататын. Ал бұл жолғы жағдай мүлде өзгеше. Грекия басқа түскен жағдайын хабарлағанда, Еуроодақ басшылары Брюссельде жедел бас қосып, бұл елге экономикалық көмек көрсету қажет деп шешті.
Грекияға көмек керек дегенде, Еуроодақтың жаңа сайланған президенті Херман ван Ромпей, сол ЕО үкіметі саналатын Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, Еуропа орталық банкінің төрағасы Жан-Клод Трише Брюссельге Франция президенті Николя Саркози мен Германия канцлері Ангела Меркельді шақырды. Әрине, оларға “кінәлі жақ”– Грекияның премьер-министрі Георгиос Папандреу қосылды.
Қалыптасқан жағдай өте күрделі деп шешті олар. Ішкі жағдайды түзейміз деп Грекия сырттан қарыз ала беріпті. Ақырында ол ішкі жалпы өнімнен де асып кеткен. 300 миллиард долларға жеткен мемлекет қарызы ішкі жалпы өнімнің 125 пайызын құрайды екен. Оның үстіне талай қаржы көлеңкелі экономикаға кетіп, бюджетке түспей қалыпты. Бұл елді қаржылық күйреуден сақтаудың бірден-бір жолы – көмек.
Әрине, қиналғанда көмекке келетін достардың болғаны жақсы. Еуроодақ өзіне мүше елдерге үлкен экономикалық қарым-қатынас кеңістігін ашудың өзімен-ақ көптеген елдерге еркін дамуға, резервтерін толық пайдалануға жағдай жасайды. Жұрттың бұл одаққа кіруге құштар болатыны да содан. Ал енді, міне, үлкен қиындыққа ұшыраған жағдайда да бір елге тікелей қаржылық көмек берудің жолдары жан-жақты қарастырылып жатыр.
Тағы бір айтатын жай: Грекияға қаржылық көмек беру Еуроодақ үшін өзінің одақтасына деген қайырымдылық борыш қана емес, экономикалық қажеттілік те. Грекия экономикалық иірімге түсер болса, ол өзімен бірге басқаларды да құрдымға қарай тартады. “Біз Грекияға көмектесуіміз керек, бұл Еуропаның да, Еуроодақтың да міндеті”, деді Еуроодаққа биылдан бастап төрағалыққа кіріскен Испанияның премьер-министрі Сапатеро. Грекиядағы жағдай бұл елдің экономикасына кәдімгідей әсер етіп отырған көрінеді.
Грекиядағы жағдай бірден ортақ валюта – еуроның бағамына да әсер етті. Еуропаның 16 елінде қолданылатын валютаның бағасы айтарлықтай төмендеді. Осының өзі де Грекияға көмек қолын ұсыну қажеттігін дәлелдейді.
Сөйтсе де Еуроодаққа кіретін жетекші елдер, одақтың басшылығы бірден-ақ әріптестеріне көмек беру бағытын ұстанғанмен, бұл аймақта бұл шараға қарсылардың қарасы да айтарлықтай. Көмек беру бастамашыларының бірі канцлер Меркель болғанымен, неміс қауымында қарсылар үні қатты естіліп жатыр. Тіпті Грекияны еуро аумағынан шығарып тастау жөнінде де ұсыныс білдірілді. Еуроодақ қаржы министрлері бас қосып, бұл мәселені талқылағанда, біраз кінә Грекияның өзіне артылды.
Қиындық кімнің де болса басына түседі. Сонда көмек қолын созар достың болғаны жақсы. Еуроодақ өзінің сондай қауымдастық екенін Грекиядағы жағдайға байланысты дәлелдей ала ма, жоқ па, оны таяудағы уақыт көрсетеді.
ЖАМАННЫҢ ЖАМАННАН ЖАҚСЫСЫ БОЛА МА?
Ресми түрде Иран, атап айтқанда, осы елдің Атом қуаты жөніндегі ұйымының жетекшісі Әли Әкбар Салехи өздерінің уранды 20 пайызға дейін байыту жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдесе, оған жауап ретінде АҚШ президенті Барак Обама өз елі және одақтастары Иранға қарсы қатаң санкциялар жүйесін әзірлейтінін айтты.
“Жаманның жаманнан жақсысы бола ма?” деп жаңылтпаш сияқты сұрақ қойғанда, әңгіме сол Иранның уранды 20 пайызға дейін байытуды қолға алмақтығы да жақсы еместігі, сондай-ақ АҚШ пен оның одақтастарының бұл елге қарсы қатаң санкциялар жүйесін қолдануды жүзеге асырмағы да жақсы еместігі жайында. Қарсыласқан екі жақтың біреуіне іш тартып, біреуіне бүйрегің бұратыны бар. Демек, сол аталған екі жаманның біреуінің жамандығы сәл бәсеңдеу, яғни “жақсырақ” көрінуі мүмкін. Сонда қайсысы “жақсырақ”? Біреуін дұрысырақ деуге аузың бармайды.
Біз солай десек те, біреуін дұрысырақ көретіндер табылып жатыр. Санкция Иранның өзіне ғана емес, басқаларға да жаман деп жар салып жүргендердің ойларын ұғу қиын емес. Әрине, олар Иранның уранды 20 пайызға дейін байытып, ядролық қаруға негіз қалауын жақсы демейді. Әлі де келісім жолын іздеген жөн дейді.
Иранға қарсы қатаң шараларға қарсы тұратын Ресей мен Қытай. Қатаң шараны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі ғана белгілей алады. Осы екі ел сол кеңестің тұрақты мүшесі ретінде қатаң санкцияны вето құқын пайдаланып қабылдатпай тастай алады. Ал мұны Иран, оның басшылығы жақсы біледі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде АҚШ-қа қарсы шығатын Ресей мен Қытайдай елдер болмаса, Иран бүгінгідей тайраңдауының біріне де бармас еді.
Санкциялардан зиян шегетіндер қатарына Иранмен экономикалық байланысы бар елдердің бәрін қосуға болады. Әсіресе, мұнай мен газға тәуелділігі бар елдерге қаттырақ тиюі мүмкін. Сөйтсе де, Ресей мен Қытай, біздіңше, бұл мәселенің экономикалық жағынан гөрі саяси жағына көбірек мән береді. Бұл елдердің экономикасы дәл Иранға ғана қарап тұрған жоқ. Ресейдің өзінде мұнайы да, газы да жеткілікті, ал Қытай басқа жерден де ала алады. Мұндағы екі елге де ең маңыздысы – әлемдік гегемон АҚШ-тың аяғынан бір шалып қалу, оның дегенін жүзеге асыртпау.
Әсіресе, Ресейдің ақпараттық кеңістігінде, оған біздің еліміз де жатады, Иранға қатаң санкция қолдану шарасын айыптау басымырақ. Іштей болса да, Мәскеудің саясатына іш тартатын біздің де кейбір саясатшыларымыз бұл санкциялар Қазақстанға да ауыр тиеді деп есептейді. Иран болмаса, біздің астығымыз қамбада шіритіндей көрінеді. Ал уранымызды өткізетін ел таппай, сандалып қалатындай екенбіз. Әрине, достық қарым-қатынастағы елге санкция қолданылуы жақсы емес. Оның біздің экономикалық байланысымызды шектейтіні де рас. Бірақ дәл осыдан тұралап қалмайтынымыз да ақиқат. Ал Иран ядролық бағдарламасын жүзеге асырып, сол кесапат қаруын көрсетіп, қоқаңдай бастаса, не болмақ? Жай қоқаңдап қоймай, оның аяғы қарулы қақтығысқа ұласып кетсе ше?
Жаманның үлкені, сірә, осы болар. Екінші жаман осы жаманнан туындап отырғаны да белгілі. Иранның ядролық бағдарламасының айқайы естілгелі біраз уақыт. Қыңыр әрекет бір жақты шығып жатыр. Оны бүкіл әлем айыптайды. Соған қарамай, Теһран бетінен қайтпай отыр. Жұрт олардың бейбіт мақсатты көздейміз дегеніне де сенбейді. Шын мақсат сондай болса, түрлі түлкібұлаңға салмай, әлемнің көз алдында, ашық жүргізсе болмай ма?
Бір жаман екінші жаманды тудырып отырғаны даусыз. Қисынға жүгінсек, алдымен бір жаманды туындатқан жаман жойылса, екіншісі болмас еді.