Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстан музейіне Сегіз Серінің шекпені табысталды

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Серілердің серісі» атанған әнші, ақын, сазгер, балуан Мұхамедқанапия Сегіз сері Шақшақов киген шекпен жергілікті  тарихи-өлкетану музейіне салтанатты түрде тапсырылды.

Солтүстік Қазақстан музейіне Сегіз Серінің шекпені табысталды

Атақты тұлғаның туған жеріне Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы  Үштөбе ауылынан арнайы келген Есімбек ақсақал мен Бақытжамал әжей  отбасыда 52 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келген аса қымбат жәдігерді дүйім жұрттың көзінше тарту етті.

«Шидем шекпеннің 172 жылдық тарихы бар. 1846 жылы Ұлытауды қоныс еткен Сандыбайдың Ердені Сегіз сері Баhрамұлының бір топ жолдастарымен Сыр бойынан Арқа жаққа бет алғанын естігеннен кейін арнайы кісі жіберіп, қонақ болып кетуін өтінеді. Атағы жер жарған батырды үлкен ілтипатпен қарсы алып, кетерінде қазақтың салтымен астына ат мінгізіп, иығына  түйенің жүнінен тоқылған шекпен жабады.Осы сапарында Сегіз сері Омбыдағы орыс-түзем мектебінде бірге оқыған досы, әскери бекіністе  кеңесші, тілмаш қызметін атқаратын Жиенәлі Досқожаұлына  соғып, аунар-қунап қайтады. Қимастықпен қоштасар сәтте аға сұлтан сыйға тартқан шекпенді кигізеді. Жиенәлі  патшаның әскери қызметінен босаған соң Қорған болысында халық арасынан сайланған би болады. 1901 жылы 82 жасында немері інісі Өсіп екеуі қажылыққа барады. Бұл әулет шекпенді қасиетті дүниеге балап, ерекше қастерлеген. 1902 жылы Жиенәлі дүниеден өтіп, Өсіпке мұралыққа қалады. Ақтық демі таусыларда інісі Омарға аманаттап кетеді. Ол ұлы, менің әкем  Мұқанжарға қалдырады. Одан біз ие болдық», деді көп жыл партия, кеңес органдарында абыройлы еңбек еткен Есімбек Омаров.

Бақытжамал апайдың айтуынш шидем шекпен таза түйе жүнінен тоқылып, шыт, кеңірдек барқытпен көмкеріліп, қапталғандықтан өте мықты, төзімді. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де қаз-қалпында сақталған деуге болады.    

Жиында сөйлегендер бұл жәдігердің орны бөлек, құны ерекше. Бабамыздың иығында болған, иісі сіңген, дей келіп, биыл атап өтілген 200 жылдық мерейтойына арналған баға жетпес сыйлық ретінде қабылдады. Құнды дүниені меншігіндей сақтап, туған жеріне әдейі аманаттап әкелген Омаровтар әулетіне деген шынайы ризашылықтарын жеткізді.

Тағылымы мол әдемі кеште Сегіз Серінің әндері шырқалып, Есімбек аға бастап  келген делегация мүшелеріне үлкен құрмет көрсетілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024