Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2018

Батыс Қазақстан облысында екі мектеп ашылды

1273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Зеленов аудандарында бүгін екі мектеп ғимараты жаңадан ашылды. Жалпы облыс бойынша 380 мектепте 100 мыңнан астам оқушы болса, соның 12 мыңы – бірінші сынып есігін ашқан бүлдіршіндер. 

Батыс Қазақстан облысында екі мектеп ашылды

Батыс Қазақстан білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бүгін Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қатысты Шабдаржап ауылында ашылған жаңа мектептің алғашқы қоңырау салтанатына арнайы қатысты. Облыс орталығынан шалғай жатқан шағын ауыл мектебінің білім жетістігі ерекше – былтыр мектеп бітірген 8 оқушының үшеуі – «Алтын белгіге» ие болса, жетеуі – мемлекеттік грант ұтып, студент атанған. Осындай білімқұмар балалары бар ауылға «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» БВ компаниясының қолдауымен 198 орындық жаңа мектеп ғимараты салынып, бүгін алғашқы қоңырау күмбірледі. Ауылдың болашағы бар екені көрініп тұр, оқушы саны да көбейіп келеді. Мысалы, биыл бірінші сыныпқа 13 бүлдіршін келіпті. Айта кетейік, аталмыш мектеп өңірдегі өзге де шалғай ауыл мектептері секілді «Bilimbook» жабдығымен толық қамтылған.

- Біз жыл сайын білім саласын жетілдіру мақсатында білім ошақтарының материалдық негізін жақсартып қана қоймай, аудан мектептерін күрделі жөндеу және жаңа ғимарат салуды кезең кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Бүгін міне, жаңа мектептің ашылуына куә болып отырсыздар. Сондай-ақ, аудан орталығында Абай атындағы мектеп гимназиясының 300 орындық ғимараты және 100 орындық интернаты салынады. Биыл Ақжайық ауданы бойынша 664 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр, - деді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов Шабдаржап мектебінің ашылу салтанатында.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәліметінше, өңірде 380 мемлекеттік мектеп бар. Жылма-жыл оқушы саны өсіп келеді. Оқушы саны өсуіне байланысты Теректі ауданындағы Еңбек орта мектебі мен Қазталовтағы Көпкүтір бастауыш мектебі биыл негізгі мектеп болып қайта құрылған. Ал Сырым ауданында Жаңаөмір бастауыш мектебі бала саны азаюына байланысты жабылды. Шолпан Маратқызы шекаралық өңірдегі мектептерді сақтап қалуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Басшының айтуынша, қажетті мектеп оқулығы облысқа толық көлемде жеткізілген.

Дәл осы күні Батыс Қазақстан облысында Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылында жаңа мектеп интернатымен, Бөкей ордасы ауданының Сайхын ауылында мектеп интернатының жаңа ғимараты, Қазталов ауданында саз мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Шолпан Маратқызы жыл соңына дейін Орал қаласында тағы бір мектеп ғимараты ашылатынын айтады.

Батыс Қазақстан облысы мектептерінде былтыр 12 260 мұғалім сабақ берсе, биыл жаңадан 248 жас маман жұмысқа қабылданған. Өңірде мұғалім тапшылығы әлі бар – тағы 205 педагог қажет. Өңірдегі маман тапшылығын жою үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, биыл 100 жас облыс әкімінің грантына ие болды. Олардың біраз бөлігі – болашақ мектеп мұғалімі.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, өңірде «Балапан» бағдарламасы бойынша 0-6 жас аралығындағы балалардың 99,9 пайызы оқу және тәрбиемен қамтылып отыр. Биылдың өзінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданға 15 жас мұғалім жұмысқа орналасқан. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 11 пайызға көбейіп, оқушылардың 100 пайызы жазғы демалыспен қамтылған. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде Ақжайық ауданы бойынша орташа балл 76,96 пайызды құрап, 131 оқушы мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде 22 түлек «Алтын белгіге», 6 оқушы «ерекше аттестатқа» бітірді.

- Табиғи газге қосылған 9 мектеп жанынан жылыжай ашып, балаларымызды арзан, әрі сапалы бау-бақша өнімдерімен қамтып, әрі еңбекке баулып жатырмыз. 24 мектепте оқушылардың өндірістік бригадасы бар. «Мектепке жол» республикалық акциясы ауданда кең көлемде ұйымдастырылып, 680 оқушыға кәсіпкерлер арқылы 3 млн 200 мыңнан астам теңгенің көмегі көрсетілді. Ауданымызда 14 мектеп жанында мұражай жұмыс жасайды. Таяу болашақта Қ.Байсықов атындағы, Талап, Алмалы мектептерінде музей ашылады, - дейді Әділ Тауфиқұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы