Әлем • 02 Қыркүйек, 2018

Қазақстан командасы Азия ойындарын аяқтады

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 қыркүйек күні Қазақстан спортшылары Азия ойындарының соңғы жүлделеріне таласып, ел қоржынын түрлі дәрежедегі медальдармен толтырды. 

 Қазақстан командасы Азия ойындарын аяқтады

Olympic.kz бүгінгі жарыс күнін қорытындылай келе, маңызды спорттық оқиғаларды назарларыңызға ұсынады. 

Байдарка мен каноеде ескек есушілер жанкүйерлерді тағы бір қуантып тастады. Инна Клинова Азиада чемпионы атанса, Сергей Токарницкий күміс жүлдеге қол созды.

Екі адамдық каноеде Тимур Хайдаров пен Мерей Медетов үздік үштікке енді.

Сондай-ақ, байдарка есуден Инна Клинова, Зоя Ананченко, Ирина Подойникова және Виктория Копьева төрттігі екінші орыннан көрінді. 

Жанкүйерлер күтпеген жүлдені триатлоншы Аян Бейсенбаев сыйлады. Біздің спортшы жапондық атлетке қана есе жіберіп, күміс медаль иегері атанды. 

Дзюдодан аралас командалық сында Қазақстан командасы финалға дейін сүрінбей, ақтық сында жапондардан жеңілді. Бұл бағдарлама Азия ойындарына алғаш рет еніп отыр. Ендеше, бастама жаман емес. 

Өкінішке қарай, қазақ боксшыларының жеңіске жетуіне бүгін кедергілер көп болды. Финалда жоғары деңгейде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл төрешілердің шешімі бойнша күміске лайық деп танылды.

Біз үшін екі боксшының мәртебесі чемпионнан кем емес. 

Волейболдан әйелдер командасы соңғы матчта Вьетнамды 3:1 есебімен жеңіп, Азиаданы бесінші орынмен аяқтады. Ал қазіргі бессайыстан Павел Ильяшенко бесінші, Владислав Сухарев 12-ші орын алды. 

Самбошылар ел қоржынына тағы бір алтын мен қола жүлде салды. 68 келіге дейінгі салмақта Ділдаш Күрішбаева Азиада чемпионы атанса, 90 келідегі Әлібек Зекенов қоланы қанағат тұтты. 

Қазақстандық ватерполшылардың жеңіске деген жігері барша жанкүйерді қуантты. Финалдық сында Жапониядан 3:7 есебімен ұтылып тұрса, біздің команда жігіттері ерік-жігерін жинап, қарсыластан жеңісті жұлып алды. Есеп – 8:7. Алтын біздің қоржында!

Биылғы Азия ойындарындағы ең соңғы жүлдені регбиден Қазақстан әйелдер командасы жеңіп алды. Олар қола медаль үшін өткен кездесуде Таиландтан басым түсті. 

Азия ойындарының қорытындысы бойынша, Қазақстан 76 медаль жеңіп алды. 15 алтын, 17 күміс және 44 қола. Жалпы командалық есепте біз 9-шы орындамыз. 

Бүгін триатлоннан командалық сын өтеді, алайда, Қазақстан құрамасы аталған бәсекеге қатыспайды.

Ал бүгінгі есеп бойынша көш басындағы Қытайды 289 медаль бар (132 алтын). Екінші орындағы Жапонияда 204 медаль (74 алтын). Үздік үштікті тұйықтаған Оңтүстік Корея 176 медаль жеңіп алды (49 алтын).

ФОТО: Данияр Майлыбаев, Сали Сабиров. Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар