Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2018

Қ. Әбдірахманов Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

589 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі (ТМЫК, Түркі кеңесі) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Отырыс 3 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында өтетін ТМЫК VI Саммиті қарсаңында өткізілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Қ. Әбдірахманов Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Аталған министрлік кездесулер Түркі кеңесі басшылары отырыстарының мазмұндық және ұйымдастырушылық сұрақтарын, сондай-ақ олармен қабылданатын шешімдерді талқылау мақсатында жыл сайын өткізіледі. Кездесу барысында министрлер Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібі мен кол қоюға жоспарланған құжаттардың жобаларын мақұлдады. 

Бішкектегі кездесудің қорытындысы бойынша 2012 жылы Қазақстан және Әзербайжан президенттерінің бастамаларымен құрылған Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорына қатысты бірқатар келісімдерге және құжаттарға қол қойылды. Аталған құжаттар жаңа түркі институттардың ұйымдастырушылық және қаржылық қызметін реттей отырып, Түркі әлемі мемлекеттері мен халықтарының игілігі үшін олардың табысты қызметіне одан әрі зор ықпалын тигізеді.

Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің арнайы шешімімен Мажарстан Түркі академиясы жанында бақылаушы мәртебесіне ие болды. 

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Қазіргі уақытта Кеңестің құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кіреді. Түркі кеңесінің Бас хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан.