Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Жаздық бидайдың жаңа сұрыпы

2145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жерді тиімді игеруде инновациялық тәсілдерді қолдану – ауыл шаруашылығы саласын дамытудың негізгі тетігі. Бұл тұрғыда еліміздегі А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бірқатар бастаманы қолға алып отыр. «Атамекен-Агро» компаниясымен бірлесе отырып өткізілген ғылыми-өндірістік тәжірибеде соның бірқатары көрсетілді. 

Жаздық бидайдың жаңа сұрыпы

Алғаш рет кең көлемде өткі­зіл­ген тәжірибе Солтүстік Қазақ­­стан облысы Есіл ауда­ны­ның Корнеевка ауылын­да­ғы шаруа­шылықта ұйымдас­ты­рылды. Онда шаруаларға кә­дімгі қара топырақты алқапта жоғары сапалы астық сапасын қамтамасыз ететін жаздық бидайды себудің оңтайлы мезгілін анықтау, жаздық бидайды өсіру кезінде азот пен фосфордың тиімді мөлшерін есептеп шығару, сонымен қатар
«А.И. Бараев атын­дағы АШҒӨО» ЖШС селек­циясы мен басқа да ғылыми мекемелер шы­ғарған жаздық би­дай­дың будан­дас­тырылған сұрып­тарын ірік­теп алып, оның бейім­дел­гіштік қа­сиеті мен экология­лық тұрақты­лы­ғына баға беру, өң­делген егіс­тік жерлерге агрохи­мия­лық зерттеу­лер жүргізу шара­лары көрсе­тілді. Сондай-ақ шаруа­лар егіс­тік алқабына азотты ты­ңайтқыш­тар сеуіп, бидайдың өнім­ділі­гін арттырудың тиімді тәсілін тап­қаны айтылды. Мұн­дағы басты мақ­сат өсімдік ша­руашылығын әр­тараптандырып, сапалы тұқым шығару болатын.

Бараев орталығының ға­лым­дары мен жергілікті диқандар осыған дейін шағын аумақтарда ғана тәжірибе жүргізген еді. Бұл жолы 500 гектар жерге жаз­дық бидай түрі егілді. Мәселен, бұл жерден бұрын гектарына 25 цент­нерден өнім алынса, Бараев ор­талығының берген ұсыныстарын орындау арқылы енді гектарынан 40 центнер өнім алуға мүмкіндік туды.

– Бұл тәжірибе Президент Н.На­зарбаевтың «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есе арттыру туралы тапсырмасын орындауға бағытталған, – дейді ғалымдар.

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы АӨК-ті цифрландыру аясында да бірқатар жұмыс атқаруда. Мәселен, тәжірибелік егіс­тіктерде дәлме-дәл егінші­ліктің озық инновациялық техно­ло­гияларын енгізуде. Дәлме-дәл егін­шілік элементтерін енгізу фер­мер­лерге өндірістің тиімділігін ай­тарлықтай жақ­сар­туға мүмкін­дік бермек. Мұн­дай тех­нология­ларды енгізу диф­ферен­­циалды қолдану есебінен ты­ңайт­­қыш­тар мен қорғаныс құрал­­дарын тиімді пайдалануға жол аша­ды және ауыл шаруа­шы­лығы да­қыл­дарының өнімділігін ор­таша есеппен 15%-ке арттырады.

Жақында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өнді­рістік орталығындағы тә­жірибелік шаруашылықтар негі­зінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған кезекті «Neo Nomad» іскерлік ойыны өтке­нін айта кетейік. Ойынға фермерлік шаруашылықтардың 50-ден астам өкілі, ғалымдар, аграрлық университеттердің студент­тері, сондай-ақ дәлме-дәл егін­шілік саласында өнімдерін ұсы­натын компаниялар, аудан­дық мемлекеттік құрылым­дар­дың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында цифрландыру аг­роөнеркәсіп кешенін мемлекеттік рет­теудің төрт бағытын дамы­ту­дың негізгі құралы болатыны айтылды.

Агроөнеркәсіп кешенін цифр­ландыру бәсекеге қабілеттілікті және еңбек өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге және салаға инвес­тиция тартуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жалпы алғанда, 2025 жыл­ға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»